Basty bet

ЕЛДІ ҚОРҒАУ – ЕРДІҢ ІСІ!

Әскер – өмір мектебі. Ол ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Сондықтан әрбір қазақстандық азамат сарбаз ретінде сап түзеп, әскери мектепте шыңдалудан қашпауы қажет. Ата-бабаларымыз «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғалған ұлан-ғайыр атамекеннің қорғаны – бүгінгі жас сарбаз.
Өзінің адалдығымен, үлгілі әскери тәртібімен, жауынгерлік даярлық сабақтарын үздік меңгеріп жүрген, озат сарбаздар қатарынан көрінген азаматтардың бірі – Азамат Базарбаев.

Отан алдындағы қасиетті борышын Жуалы ауданы аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінде өтеп жатқан Азамат алғашқы күндерінен бастап-ақ әскери өмірдің қыр-сырын үйренуге үлкен ынта білдіріп, жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білген. Жауынгерлік міндеттерін атқаруда жауапкершілік пен дұрыс бастамашылық танытып, өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін өте жетік меңгергендіктен, атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетті.
Ақтөбе облысында туып-өскен Азамат Базарбаев Алматы энергетика және байланыс университетінің түлегі, мамандығы ақпараттық жүйелер саласы.
– Оқуымды аяқтаған соң, бір жылдай жұмыссыз жүрдім, өйткені мен бас сұққан мекемелер әскери билетсіз жұмысқа қабылдамады. Әскери билетсіз жұмысқа орналаса алмайтынымды білген соң азаматтық борышымды өтеуге аттандым. Мен мүлде кітап оқымайтынмын, әскери өмір мені кітап оқуға үйретті десем болады. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Бой за Соколово» атты кітабын оқып шықтым, ротадағы жалпы барлық жауынгерлермен дос болдым. Жауынгерлердің ішіндегі ең жақыны, өзімнің жерлесім Асылхан Дэлман.
Әскерге келгенде жаңа киімдермен, жаңа әскери техникалармен қамтамасыз етілесің. Мұнда жылы казармалар, спортпен шұғылдануға, демалыс күндерін тиімді өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Әскери борышын өтеп келген соң, офицерлік жолды таңдап, ішкі істер органдарына, басқа да салаларға қызметке орналасып жатқан сарбаздар да бар. Демалыс күндері Zoom бейне байланыс арқылы ата-анамызбен сөйлесуге мүмкіндік бар.
Жас күнімнен спортты жаныма серік еттім. Сондықтан болар, әскер қатарындағы жаттығулар мен үшін аса қиындық туғызған жоқ. Көрсеткіштерім де жаман емес. Ол үшін марапат та алдым. Әскердегі күндер – өмір мектебі. Ол кешегі ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Оған қоса, қазіргі таңда жауынгерлерге бар жағдай жасалған, – дейді Азамат.
Расында да Азамат жас күнінен футболмен айналысады. Мектеп қабырғасында жүргенде талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген.
– Әскерге бару алдындағы және әскердегі ең соңғы күн… Бұл сөзді естігенде не сезіндің?
– Екеуі де дәл бірдей сезім. Әскерге баратын күні қатты қуанып жүресің. Барғанда бәрі керемет болады деп ойлайсың. Бәрі ойыңдағыдай бола бермейді. Бірден үйренісіп кету қиын. Алғашында үндемей жүресің. Әскери өмірге толық үйрену үшін 2-3 апта, кем дегенде 1 ай уақыт қажет. Бірақ нағыз мен аңсаған өмір әскерде екен. Кетуіме бір-ақ күн қалды, әрине, қуаныштымын, бірақ қимастық сезім бар.
– Әскерден қашатындарға, сонымен қатар, әскерге барғысы келетіндерге сарбаз ретінде не айтасың?
– Әскерге шақырту алар алдында түрлі тексеруден өттік. Психологтың қабылдауында болғанда «Әскерге не үшін барғың келеді?» деген сұрақ болды. «Нағыз еркек болу үшін, ер адамға тән тәрбие алу үшін әскерге бару керек» деп жазып беріп едім. Кейін, неге екенін білмеймін, психолог қайтадан шақырып, «Шынымен де осылай ойлайсың ба?» деп қайта-қайта сұрады. Отан-Анасына сүйіспеншілігі мол, нағыз ер азамат міндетті түрде әскерге баруы керек. Жасы тым ұлғайып кеткен, отбасы бар не оқу қуып кеткен адамдар болса, түсінуге болады. Ал әскерден қашып жүргендерге, сөзім жоқ. Оларға жаза қолдану керек деп ойлаймын.
-Әскерге келгелі кімді жақын көрдің, пір тұтатын командирің болды ма?
Әрине, бар. «Мергендер» батальонындағы 3-дәрежелі сержант Фархат Шымырбаевты қатты сыйлаймын, ол кісіден көп нәрсені үйрендім деуге болады..
– Әскер адамның мінезін өзгертеді дейді. Осы сөзбен келісесің бе? Өзіңнен өзгеріс байқайсың ба?
– Иә, әскер адамды өзгертеді. Орынсыз сөйлей бермейсің. Әр адымыңды аңдап, ойланып барып басасың. Әскер деген – өзге әлем. Бір адам тәртіп бұзса, кесірі барлық сарбазға тиеді. Бір қадамды қате бассаң, тек сен үшін барлық сарбаз тапсырманы басынан бастап қайта орындауға тиіс болады. Жалғыз өз басыңды ойламай, командамен жұмыс жасауға дағдыланасың.
Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген азаматтар темірдей тәртіпке бағынып, бір жыл ішінде шын болаттай шыңдалып шығатыны жасырын емес.
Қазақ «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close