Basty bet
Жастарға жаңаша серпіліс қажет
Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл пікірмен дауласудың өзі артық.
Елімізде Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» құрылған. Біздің ауданда да 2007 жылы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты жастар орталығы құрылған болатын. Уақыт өте келе, жастармен жұмысты ұйымдастырудың маңыздылығы артып, аталған орталық Жастар ресурстық орталығы болып қайта құрылды. Қазіргі таңда орталық ҚР-ның Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңы мен «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында жастармен әртүрлі бағыттағы жұмыстарды жүргізуде.
Орталықты бүгінгі таңда Жеңісбек Сейітбеков басқаруда. Мұнда жалпы 28 жас маман, оның ішінде 14 ауылдық округте жастар ісі жөніндегі маман жұмыс істейді.
Жалпы ауданда статистика көрсеткіштері бойынша 2023 жылы тұрғындар саны 54 367 адамды құраса, оның ішінде жастар 18 170 адамды құрайды.
Аудан әкімдігі жанынан құрылған жастар істері жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Жоспарға сәйкес кеңес отырысы жылына екі рет өткізіледі.
Ауданда аталған мекеме өткен жылдың 12 айында Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде 11 бағыт аясында барлығы 1181 әртүрлі іс-шара ұйымдастырып өткізді. Әртүрлі санаттағы жастарға бағытталған шараға 32 972 жас қамтылып, оларға кеңес беру, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бастамалар нәтижесіз қалған жоқ. Яғни құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және тағы да басқа бағытта консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндіктер жасалды.
Есептік кезеңде «Мансап орталығына» барлығы 1303 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, оның ішінде 564 жас тұрақты жұмысқа, 246 жас қоғамдық жұмысқа, 7 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Ал, 232 жас «Жастар тәжірибесі», 51 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен, екі жас «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы жұмысқа орналасқан. «Бастау» курсынан 131 жас оқудан өткен, оның тоғыз жасы қайтарымсыз грант жеңіп алған. 35 жас қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілсе, 26 жас 2,5 пайыздық микронесие алған. Жалпы ауданда қазіргі таңда 10 жас жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр және уақытша бос жүрген (NEET) жастар саны бүгінгі күнге 30 адамды құрап отыр.
Сонымен қатар, өткен жылы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 1715 жас өз кәсібін ашып тіркелсе, 29 жас шағын кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік грант иесі атанған, тоғыз жас 2,5 пайызбен микрокредит алған. Сондай-ақ, аудандық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы «Бастау» курсынан 2022 жылы 742 жас өтсе, өткен жылы 12 айда 131 жас білім алып, сертификаттарға ие болған.
Ал, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 60 маманға 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және 28 маманға үй құрылысына немесе сатып алуға берілетін 1500 айлық есептік көрсеткіш бойынша несие берілген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен Қарасаз, Қызыларық және Жетітөбе ауылдық округтеріндегі 83 жас төменгі пайызбен несие алса, «Әулиеата жастары» бағдарламасымен Билікөл ауылдық округінде бір жас баспаналы болған.
Өңір жастарын экологиялық мәдениетке баулу және еңбек етуге мүмкіндік беру мақсатында индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес 120 жасты «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмысқа тарту жоспарланып, іске асырылған. Сонымен қатар, ауданның жастарын бір арнаға тоғыстырып, қайырымдылық істердің жаршысы болуға тәрбиелейтін волонтерлық жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Ауданда волонтерлікті дамыту мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес, волонтерлық қозғалыстың 11 бағыты бойынша 275 іс-шара өткізілген.
Мекеме қызметкерлері облыстық семинарлар мен біліктілік курстарына қатысып, арнайы сертификаттар иеленген.
-Қашанда жастар қауымына үлкен үміт пен сенім артылады. Жастарды елдің ертеңі, болашағы деп санайды. Соған орай, жастар қауымы да жан-жақты, білімді, өз еліне адал қызмет ететін азамат болуы керек. Ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 11 бағытта жұмыстар атқарылуда. Ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі мамандар да сол елді мекеннің кіші буындарымен жұмыстарды үйлестіруде. Өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілікті де әр маман жақсы түсінеді.
Алдағы жоспарымыз да ауқымды. Бастысы, жастарды қайырымдылық шараларына көбірек тартып, ауылдық округ әкімдігінің мамандарымен бірлесіп, сол жердегі мәселелерді шешуге атсалысу. «Әулиеата жауһарлары» атты топсаяхат ұйымдастырып, жастарды өңір тарихымен жан-жақты таныстыру көзделуде. Жылдық жоспарға сәйкес, аудан көлемінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауқымды шаралар өткізу де жоспарлануда. Оның ішінде, еліміздің зиялы қауым өкілдерінің меретойларын атап өту, спорттық, мәдени, ұлттық мерекелерге арналған шаралар және кәсіптік бағдарды дамыту мақсатында жыл үздіктерін анықтау басты жұмыстардың бірі, – дейді мекеме басшсы Ж.Сейітбеков.
Мекеме басшысы әңгіме барысында қызметкерлердің жалақысының аздығы да мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті. Жастар еңбек жолының алғашқы баспалдағынан осында өтіп, көбісі мемлекеттік қызметке немесе жеке кәсіпкерлікке ауысуда. Сондықтан жұмысқа үйреніп, қалыптасқан мамандардың орны босап, қайта басқа жасты жұмысқа қабылдап, үйретуге тура келетінін, салдарынан кейде жастармен өткізілетін шаралардың тиісті деңгейде атқарылмай жатқандығын айтты.
Жастар ресурстық орталығы мамандарының арнайы әлеуметтік статусы болмағандықтан, олар тек жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, кеңестер берумен шектеледі. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты түсіндіріп, насихаттап, оларды мәдени, спорттық, рухани, құқықтық, қайырымдылық шараларға тартады. Әйтсе де, осындай жұмыстарды ұйымдастырып, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырып отырған Жастар ресурстық орталығының мамандарына жаңа жылда жаңашылдық, жаңаша серпіліс пен өзгеріс қажет-ақ.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»