Basty bet

Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл бүкіл ел үшін үлкен оқиға екені сөзсіз. Ассамблея өз қызметі барысында қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. ҚХА бірлік пен теңдіктің, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналды. Ол бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін қалыптастыруда шешуші рөл атқарған этносаралық қатынастар саласындағы бірегей қоғамдық институт ретінде танылды. Ассамблея тарихы – Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасының құрамдас бөлігі.
Консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы 2007 жылы конституциялық мәртебеге ие болды. Мәні бойынша Ассамблея ұлттық келісім мен бірліктің басты үлгісіне айналды. Соңғы жылдары жүргізілген ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде Ассамблея қызметі жаңа жасампаздық серпін алды. Бүгінгі таңда Ассамблея жұмысына барлық мемлекеттік орган: министрлік, облыс әкімдіктері, мәслихат және ауылдық округтердің әкімдіктері жұмылдырылған. Ауданда ҚХА-ның төрт мүшесі жұмыс жасауда. Олар Ассамблеяның қызметіне өзінің бай тәжірибесін әкелуде. Олар әзірбайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі Эсмира Мамедова, өзбек этно-мәдени орталығының жетекшісі Зувайда Мажитова, шешен этно-мәдени орталығының жетекшісі Лечи Оздамиров және славян этно-мәдени орталығының жетекшісі Людмила Турбина.
Ассамблея басшылығында азаматтардың жасампаздық қуатын ұлттық мәселелерді шешуге бағыттайтын төрт мыңнан астам қоғамдық құрылым жұмыс істейді.
Мәселен, ақсақалдар кеңесі мен Ассамблеяның аналар кеңесі отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында біршама жұмыстар атқаруда.
Ал, «Жастар Ассамблеясы» ұйымы мен оның студенттер Ассамблеясы, жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сынды құрылымдары мыңдаған жастар үшін бірліктің, патриоттық пен азаматтық жауапкершіліктің нағыз мектебіне айналды.
Қазіргі тұрақсыз әлемдік жағдайда бірлік идеясы өте маңызды. «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар» деген сөздің растығын тағы бір дәлелдеп отыр. Ассамблея барлық белсенді және мүдделі азаматтар үшін ашық шынайы саясат мектебі және тиімді әлеуметтік көтергіш ретінде қызмет етеді. Этномәдени бірлестіктер мен Ассамблеяның түрлі құрылымдарында жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Ұлттық бірлік пен келісімді нығайту ісіне жауапкершілікпен қызмет етіп жүрген ҚХА белсенділеріне шын жүректен алғыс айтамын.
Туған жерге пайдамды тигізсем деген адал ниеттің жетегінде жүрген олар нағыз патриоттық пен саналы азаматтықтың үлгісін көрсетті.
Ұлттық мүддені қорғау, Қазақстанның егемендігін нығайту – біздің қасиетті борышымыз. Ассамблея мүшелері мұны терең түсінетініне сенімдімін. Ассамблея Қазақстанның барлық азаматтарын ортақ құндылықтар мен мақсаттар төңірегінде біріктіретін ұлттық орган ретінде жұмыс істеуі керек.
Қазақстандағы татулық пен бірлікті, мемлекет тұтастығы мен қасиетті Тәуелсіздікті нығайту жөніндегі жұмыс Ассамблеяның басты міндеті болды және болып қала береді.
Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – біздің мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Қазақстанда келісім, толеранттылық және достық ұран емес, ел азаматтарының күнделікті өмірінің мәні болып табылады.
Қазақстанда халықты ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес. Барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер берілген. Бұл нағыз әділдік, бұл Әділетті мемлекеттің басты қағидасы. Ел бірлігі нығая берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан аман болсын!

Надежда Галахова,
этномәдени бірлестіктерімен жұмыс жөніндегі маманы

Таңдаулы материалдар

Close