Basty bet
Тіл мәртебесін іс жүзінде дәлелдейтін уақыт келді
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі», «Тілі өлген ел – тірі өлген ел» ұрандатқан Елміз!
Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгінақ деп жырлаған патриот ақындарымыз баршылық.
Өз ана тіліне деген шексіз махаббаты мен құрметін көрсететін азамат қана Еліміздің абыройын төмен түсірмейді. Әрбір азамат, әсіресе, мемлекетті құраушы халық жаппай өз ана тілі – қазақ тілінің болашағына жауапкершілікпен қараса, онда мемлекеттік тіл мәселесі мүлде болмас еді.
Қазіргі таңда сотқа мемлекеттік тілде түсетін істердің саны едәуір артып келеді. Мемлекеттік тілде берілген талап қоюлар мен арыздар санының артуы халықтың қазақ тіліне деген құрметін байқатады. Бұл үлкен жұмыстың жемісі деп айтсақ болады.
Сотқа ресми тілде жолдайтын мекемелерге біз мемлекеттік тілде жолдауға атсалысу туралы мемлекеттік тілдегі үлгісімен қоса хаттарды ылғи жолдап отырамыз.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабына сай, азаматтық істерде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Сонымен қатар, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезін де екі тараптың жазбаша өтінішхатының негізінде сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге болады. Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшы өкілінің талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде меңгермеген іске қатысатын адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктемелер және айғақтар, шағымдар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, сондай-ақ, осы кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау
тілі маманының көрсететін қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріліп, қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік тілді еркін меңгеретін жаза алатын азаматтар тарапынан ресми тілде талап арыз жазуы ол түсініксіздіктен емес мемлекеттік тілдің біздің қазіргі қоғамдағы күнделікті жиі қолданылуының осы уақытқа дейін меңгермегені деп айтсақ болады.
Сол себептен әрқайсымыздың осы игі іске атсалысып жұмыла кірісуіміз абзал!
«Тіл-ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деген мақалдар мен қанатты сөздерді бекер айтпаған Елміз, соны іс жүзінде дәлелдейтін уақыт келді!
Жуалы аудандық
сотының төрағасы
Бабырхан Абуев