Basty bet
Аудан әлеуеті: дамудың жаңа бағыттары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында халықтың өмір-сүру сапасын арттыру, ауылдарды таза ауызсумен, сапалы жолмен қамтамасыз ету және кәсіпкерлік саласы мен ауыл шаруашылығы саласы – мемлекеттік мәні зор іс екендігі айтылған. Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан кез-келген реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру.
Осы мақсатта апта басында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен ауданда бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылып, өңірдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтар мен инфрақұрылымдар, кәсіптік білім мен отандық өңдіріс орындарының жұмыстары таныстырылды.
Пресс-тур Нұрлыкент ауылындағы ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізіп, жердің әлеуетін тиімді пайдаланып отырған ірі құрылымдардың бірі – «Злиха» шаруа қожалығынан бастау алды.
«Злиха» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Қазіргі таңда 317 гектар алқапты заманауи технологиялармен игеріп, егін шаруашылығы бағытында тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қожалықтың негізгі бағыты – картоп және дәнді дақылдар өсіру, сонымен қатар, көп жылдық шөп өсіру арқылы ауыл шаруашылығы айналымын толық қамтуда.
Биылғы жылдың өзінде шаруашылық 80 гектар жерге картоп дақылын еккен. Ерекшелігі – тұқымы Еуропадан арнайы әкелінген, жоғары сапалы сұрып. Картоп өсіруде әлемдік деңгейдегі озық техникалар қолданылуда. Атап айтқанда, Германиядан әкелінген «Grimme» (Гримме) маркалы заманауи агрегаттар арқылы картоп алқабын автоматтандырылған режимде суару үстінде. Бұл өз кезегінде өнім сапасын арттыруға және еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік беріп отыр.Сонымен қатар қожалықта 90 гектар көпжылдық шөп пен 157 гектар арпа егілген. Бұл бағыттарда да агротехникалық талаптар қатаң сақталып, тиімді технологиялар мен тыңайтқыштар пайдаланылуда.
«Злиха» шаруа қожалығы өнім сақтауға да ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда мұнда екі заманауи көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Олардың бірінің сыйымдылығы – 1500 тонна, екіншісі – 600 тонна. Бұл қоймалар климаттық бақылау жүйесімен толық жабдықталған, яғни көкөніс сақтаудағы халықаралық стандарттарға сай келеді.Қожалықтың бүгінгі дамуы – агробизнеске стратегиялық көзқараспен қарап, жаңашыл технологияларды батыл енгізудің нақты нәтижесі. Сонымен қатар, ауылдағы жұмыс орындарын көбейтіп, жергілікті экономиканың дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді.
Әрі қарай іс-сапар Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында орналасқан «№16 Жуалы колледжінде» жалғасты. Бұл білім ордасы білікті мамандар даярлап, дуальды білім беру жүйесін сәтті іске асырып келеді.
Колледждің басты мақсаты – еңбек нарығына қажетті, тәжірибесі бар кәсіби кадрларды даярлау. Осы бағытта оқу орны бірнеше мамандық бойынша білім беруде, атап айтқанда, мұнда дәнекерлеу ісі, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, фермер шаруашылығы, тігін өндірісі, электр жабдықтарын пайдалану сынды сұранысқа ие мамандықтар оқытылады.
Бүгінде колледжде 250-ге жуық студент білім алуда және оларға 30-дан аса білікті оқытушы мен өндірістік оқу шеберлері сабақ береді. Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңартылған. Колледжде арнайы мамандықтарға бейімделген оқу кабинеттері, практикалық шеберханалар, спорт залы, жатақхана және асханасы бар. Әлеуметтік қолдау шаралары аясында колледжде оқитын аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ ұсынылады.
Білім ордасының тағы бір ерекшелігі – дуальды оқыту жүйесін енгізуі. Яғни, студенттер оқу барысында жергілікті кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Бұл тәсіл олардың теориялық білімін нақты өндірістік жағдайда шыңдауға, әрі оқу аяқтала салысымен жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Әрі қарай пресс-тур ауданға қарасты Күреңбел ауылдық округінде жалғасты. Онда көп жылдан бері шешімін таппай келген ауызсу мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі уақытта ауыл ішіндегі ескі су құбырлары толықтай жаңартылған. Ауызсу жүйесін қайта жаңғырту арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту көзделіп отыр.
Айта кетейік, ауылға алғашқы ауызсу құбыры 1970 жылы тартылған. Арада елу жылдан аса уақыт өткенде бұл жүйе толықтай тозып, жиі апатқа ұшырайтын жағдайға жеткен. Сол себепті, ауыл тұрғындары ауызсудың тұрақты әрі сапалы берілуін ұзақ жылдар бойы күтіп келген болатын.
Ауқымды жоба аясында жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын су құбырларын ауыстыру жоспарланып, құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған. Жобаның жалпы құны – 813,3 млн теңге. Мердігер мекеме – «Тараз строй -2004» ЖШС. Жоба толығымен аяқталған соң Күреңбел ауылының округінің тұрғындары таза әрі үздіксіз ауызсумен қамтылады. Бұл – ауылдың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
БАҚ өкілдері келесі кезекте Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан «Ali-Ko Sut» шағын сүт цехының жұмысымен танысты. Бүгінде ауданда 10 сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Олар негізінен шағын және орта деңгейдегі кәсіпорындар санатына жатады. Бұл цехтар жергілікті фермерлерден сүт қабылдап, өңірдің ішкі нарығын түрлі сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Әрқайсысының өндірістік қуаты әртүрлі болғанымен, барлығы да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, өңір экономикасына үлес қосуда. Сонымен қатар кейбір цех өнімдері Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына ғана емес, шетелге де экспортталуда.
Осы бағытта өз ісімен үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің бірі – Мұратбек Нысанов. Ол «Ali-Ko Sut» шағын сүт цехын 2021 жылы іске қосқан. Бүгінде цех күн сайын өнім көлемін арттырып, сұранысқа ие сапалы өнімдер шығарып келеді. Одан бөлек, жеті адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Цех аудан орталығынан және ауылдардан тәулігіне 1,8 тонна сүт қабылдап, одан өндірілген өнімдер орталық дүкендеріне, Тараз және Алматы қалаларына жеткізіледі. Қазіргі таңда цех сүттен май, қаймақ, сүзбе, ірімшік, құрт қана емес, айран мен сыр өндіруді де жолға қойған.
Әрі қарай облыстан келген азаматтар 2015 жылы құрылған «Сансызбай» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Бұл қожалық сүт бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда қожалықта 150-дей сауынды сиыр бар. Қожалықтың негізі бағыты – мал шаруашылығын дамыту. Бұл қожалық мал шаруашылығынан бөлек, жер өңдеумен де айналысады. Шаруашылық толық техникамен қамтылған.
Қайрат ауылында орналасқан «Ақсай-Жуалы» ЖШС өңірдегі таза ауызсу өндірісін қолға алған ауқымды әрі заманауи кәсіпорын. Бұл жоба тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік және экологиялық маңызымен де ерекшеленеді.
2023 жылы құрылысы басталған бұл нысан 2025 жылы толық аяқталып, жалпы құны – 1,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 10-15 тонна таза ауызсу өндіруде. Ал жобаның толық қуатына шыққан кезде бұл көрсеткіш 50-60 тоннаға дейін артады. Бұл – өңір тұрғындарын ғана емес, басқа да облыстарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік.
«Ақсай-Жуалы» өнімі 0,5 литр, 1 литр, 1,5 литр және 5 литрлік құтыларда шығарылып, әрбір бөтелке заманауи желілерде құйылып, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай өңделеді. Бұл өз кезегінде өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ететіні анық.
Сонымен қоса, кәсіпорынның жылыту жүйесі табиғи газ арқылы жүзеге асырылады. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімді, әрі энергияны үнемдеуге бағытталған. Цех толығымен автоматтандырылған жүйеге қосылып, адам еңбегін барынша жеңілдетуге мүмкіндік беріп, суды сүзу, тазартып өңдеу және бөтелкелеу процестері заманауи қондырғыларда өтеді.Қазіргі таңда зауытта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Әрі қарай іс-сапар “Көксай” туристік кешеніне апарар жолдың құрылыс жұмысымен танысумен аяқталды. “Көксай” туристік кешеніне апарар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 655 миллион теңге. Мердігер мекеме – «Шалхар Бастау» ЖШС. Жөнделетін жолдың ұзындығы – 19,083 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Алатау-Застава» бағытындағы жол – 1,7 шақырым, ал кешенге кіреберіс жол – 15, қосымша кіреберіс жол – 2,383 шақырым.
Маусым айында басталған жөндеу жұмыстары бүгінде 95 пайызы аяқталған. Жол тамыз айында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл бағытты жаңарту арқылы ауданның туристік әлеуеті арта түспек. Жолдың жаңартылуы бұл мекенге келушілердің артуына, жергілікті экономиканың дамуына және табиғат аясындағы экотуризмнің кеңеюіне жол ашады деп сенеміз!