Basty bet

Пилоттық жобаның пайдасы мол, келешегі зор

өңірде оған енген ауылдық округтердің қатары жыл санап артып келеді

Мемлекеттің басты байлығы – адам дейтін болсақ, олардың бақуатты тұрмыс кешуі мемлекет үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халықтың табысы мен тұрмысын жақсартуды, әл-ауқатын көтеруді көздейді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Бұл туралы Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда.
Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет»,- деп атап өткені белгілі.
Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағытталып отыр.
Алдымен осы жобаның тарихына аздап тоқталсақ, ел экономикасының ең негізгі маңызды саласы – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Ауылды жердегі халықтың тұрмыстық сапасын арттырудың бір жолы аграрлық саланың жұмысын дамытумен тікелей байланысты. Өз кезегінде бұл проблеманы шешудің негізгі қағидасы қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсету. Осы орайда, 2019 жылы Жамбыл облысының басшылығы республикада алғаш рет тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асыруды қолға алған болатын.
Ал аталған жобаны өңірде тиімді жүзеге асыру жөнінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Молдиярұлының жауаптыларға берген тапсырмасы да бар. Бұл жобаның тиімділігі жөнінде облыс басшысы: «Пилоттық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асырудың нәтижесінде, әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артты. Жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге өсті. 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға, жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Біздің есептеуіміз бойынша, жобаны іске асырудың бес жылында экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды»,- деген болатын Нұржан Нұржігітов. Облыс басшысы құжат жинау жөнінде тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмау жағын да жергілікті атқарушы орган басшыларына қатаң тапсырып отыр.
– Пилоттық жобаға қатысуға ниетті тұрғындарға құжаттарын дайындауға көмек көрсету қажет. Ауыл тұрғындары бір жапырақ қағаз үшін күнде облыс орталығына келмеуі қажет. Бұл жұмыстардың барлығын «Тараз» ӘКК қолдауымен ауыл әкімдері ұйымдастыруы тиіс. Әрбір өтініш жеке қарастырылуы керек. Аудан әкімдері осы кезеңде барлық ұйымдастыру мәселелерін алдын ала шешуі тиіс. Жобаны жүзеге асырумен қатар барлық әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешу маңызды. Жобаның екінші кезеңінің қорытындысы бойынша біз жоғары нәтижеге қол жеткізуіміз қажет,- деді Нұржан Молдиярұлы.
«Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамының мәліметіне сүйенсек, бүгінде пилоттық ауылдық округтердегі ауылшаруашылығы техникалары 36%-ға жаңарған. Статистикалық есеп бойынша пилоттық жобаның негізінде құрылған кооперативтердің ақшалай айналымы да біршама артқан.
Айта кету керек, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бұған дейін Жуалы ауданының Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінде жүзеге асырылған болатын. Ақтөбе ауылдық округіне жалпы бөлінген қаржы көлемі – 723,5 миллион теңгені құрайды. Пилоттық жобаға 400-ден астам аула және 194 азамат қатысты. Жобаның төрт бағыты бойынша мұнда қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесі де жаман емес. Осында құрылған «Атамекен-Бастау» АШӨК-не мүше болып кірген тұрғындардың дені мал басын көбейтсе, енді бірі несие қаражатына жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Осының негізінде аталған ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың да саны біршама азайып отыр.
-Аталған жобаның аясындағы жүйелі жұмыстар біздің ауылдық округте сәтті жүзеге асырылды деуге толық негіз бар. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысында бір отбасына шаққандағы табыс 46 мың теңгені құраған болса, 2021 жылдың қорытындысында бір отбасына шаққандағы табыс 126 мың теңгеге жетті. Ауыл тұрғындарының еккен егіні мен мал шаруашылығы табысының айырмасы 80 мың теңгені құрап, табыс бірнеше есеге өсіп отыр. Жұмыссыздарға келсек, 2019 жылы 17 азамат болса, 2022 жылы округте жеті азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатындарға келсек, (АӘК) бұл бойынша 2019 жылы 98 азамат мемлекеттен жәрдемақы алған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 11-ге дейін азайды. Үш жыл бұрын ауылдық округте тіркелген жеке кәсіпкерлердің саны небәрі 20 адам болса, былтыр тіркелген жеке кәсіпкерлердің саны 217 адамға жетіп отыр. Қорыта айтқанда, бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, осының негізінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты біршама артты,- дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов.
Пилоттық жобаға екінші кезекте ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінен екі елдімекеннің тұрғындары қатысты. Аталған жобаның төрт бағытына жалпы 565 660 200 теңге несие қаражаты беріліп, бұл қомақты қаражат толықтай игерілді. «Тараз» МҚҰ» ЖШС арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мен ауыл шаруашылығы техникаларына (21 техника) несие қаражаты 5%-бен қаржыландырылды).
Жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағытына сәйкес, пилоттық ауылдық округте 1 254 мал басын сатып алу үшін ауылдың 78 тұрғыны несиемен қаржыландырылды. Ал үшінші бағыт – тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану мәселесіне келсек, былтыр игерілген егістік жердің көлемі 800 гектарды құрайды. Оның ішінде, 200 гектар алқапқа күздік бидай (биылғы жылдың өнімі үшін) егілсе, арпа 200 гектарға, сүрлемдік жүгері 60 гектарға егіліп, одан барлығы 600 тонна өнім жиналды. Айта кету керек, оның 350 тоннасы сүрлемге басылса, 250 тоннасы тиімді бағада кооператив мүшелеріне сатылды. Мақсары 100 гектарға себілсе, мал азығына арналған жоңышқа 200 гектарға орналастырылған.
Жобаның кооперативтерді жабдықтау және құру жөніндегі төртінші бағытымен 21 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен сатып алуға жергілікті бюджеттен 12 млн теңгеге 5%-бен несиелендірілді. Алынған техникаларға республикалық бюджеттен (25%) 17 млн теңге көлемінде инвестициялық субсидия төленіп отыр. Бесінші бағыт – тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып, нәтижесінде, бір азамат механикалық техникалық қызмет көрсету орталығы бағытында 20 млн теңге несие алып, екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сүт өнімдерін өңдеу цехы бойынша бір азамат 14 млн теңге несие алып (5 адамды жұмыспен қамтуда), кілемнен портрет жасау бойынша бір кәсіпкер 2,8 млн теңге несие қаражатына қол жеткізсе, бал ара асырау бағытымен үш азамат қомақты несие қаражатына ие болып, жұмыстар атқару үстінде.
Қосымша айта кететін болсақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов былтыр Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысындағы кеңесте сөйлеген сөзінде, ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өскенін ерекше атап өткен болатын.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді»,- деді Ералы Тоғжанов. Сонымен қатар, вице-премьер, осындай жобалар арқылы ауыл халқының табысын арттыруға болатынын және бұл жобаны «Ауыл аманаты» деп атауды ұсынды.
Ендігі кезекте «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру жобасы шеңберінде іске асырылатын болады.
Пилоттық жобаның өңір тұрғындары үшін тиімділігі сол, «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасының аясындағы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы биыл таулы өңірге қарасты Жетітөбе ауылдық округінде жүзеге асырылу үстінде. Аталған ауылдық округ туралы аз-кем ақпарат беретін болсақ, Жетітөбе ауылдық округі алты бірдей елдімекеннен тұрады. Мұндағы 529 аулада 3 068 тұрғын тіркелген.
«Ауыл аманаты» жобасының аясында жүргізілетін жұмыстарға ауылдық округтегі 529 ауланың 513-і қамтылады деп күтілуде. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» деп аталатын бірінші бағыттың айналым қаражаты 33407,0 мың теңгені құрайды. Осының негізінде округте «Жетітөбе-2022» деп аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, мемлекеттік тіркеуден өткен. Басшысы – Александр Уразовский.
«Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» екінші бағытымен 529 ауланың 174-і қамтылады. Бұған қарастырылған қаражат көлемі – 464 580,0 мың.тг.
-Қазіргі таңда ауылдық округтің әкімшілігі арқылы жобаға қатысуға ниетті тұрғындардан 224 өтінім қабылданып, оның ішінен, 51 өтінім тұрғылықты жерінің басқа болуына байланысты кері қайтарылды. 145 өтінім «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарауында. Жақында 28 құжат қайта түзетіліп, нәтижесінде, 173 құжат толықтай ұсынылды. Алдын ала мәлімет бойынша 35 құжат оң шешімін алып, нәтижесінде, 10 өтінімнің иесі қаражатқа қол жеткізді. Одан бөлек, әлі де 8 өтінім қабылданып, бағалауды күту үстінде,- дейді Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбеков.
Жобаның «Тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану» бағытымен қамтылатын қатысушылар саны 51 адамды құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, «Жетітөбе-2022» АШӨК-ның пайдалануында 886,0 гектар жер бар. ІV бағыт «Кооперативтерді жабдықтау немесе құру» міндеті бойынша «Жетітөбе-2022» АШӨК құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Кооперативке алынатын техникалар мен тіркемелер толық нақтыланған. Атап айтсақ, ЛОВОЛ маркалы төрт тракторға, 12 дана аспалы және тіркеме құрылғысына және одан бөлек, 1 дана комбайнға сұраныс жасалып отыр.
Жобаның «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру» бағытымен төрт нысан ашу көзделген. Қазіргі таңда бес жобның аясында (2 наубайхана, тігін, жиһаз цехы және техника жөндеу орталығын ашуға (ТЖО) өтінім жасалды. Үш жобаның құжаттары қаралу үстінде болса, екі жобаның құжаттары заңдастырылуда. Жылыжай ашу мәселесімен бір өтінім жасалып, қолдау тауып отыр.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» – үлкен әлеуметтік мәнге ие әрі өңір тұрғындарына қажетті жобалардың бірі. Сонымен қатар бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауылшаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашты деп толық айта аламыз.
Бастысы, пилоттық жоба іске асырылған ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны бірнеше есеге кемиді деген нақты болжам жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті Әулиеата жерінде сәтті жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның тұрғындар үшін пайдасы мол, болашағы да зор деп білеміз!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close