Basty bet
Дені сау ұлт – мемлекет болашағының кепілі
Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауында елімізде былтырдан бастап жүзеге асырыла бастаған саяси реформалардың мән-маңызы, елдің дамуы үшін инвестиция тарту, тағы басқа ел дамуына қажетті маңызды мәселелердің барлығы айқын көрініс тауып отыр.
Дені сау ұлт пен ұрпақ – мемлекет болашағының кепілі. Жаңа Жолдауда айтылғандай, таяу жылдары денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Денсаулық сақтау саласының басым бағыттарына тоқталған Президент, 2020 жылдан бастап дәрігерлердің айлық жалақыларының екі есеге артқанын, сонымен қатар таяу жылдары елімізде жаңадан медициналық мекемелердің бой көтеретінін айтты. Бұл – өте қуанышты жаңалық.
Ел болашағы білімді ұрпақ екені бәрімізге мәлім. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің осы жолғы жаңа Жолдауында білім беру, жастар саясаты, жалпы оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдайларын жақсарту мәселесін де тереңнен қозғады. «Сапалы орта білім – табысты ұлт» қағидасымен жүргізіліп жатқан «Жайлы мектеп» бағдарламасымен елімізде таяу жылдары бірнеше жаңа мектеп бой көтермекші. Мұны да балалардың болашағы үшін жасалып жатқан жақсы жағдай деп білеміз.
Сонымен қатар, Президенттің былтырғы Жолдауында өкілді билік тармақтарының ішінде Парламент және жергілікті мәслихаттардың да рөлін күшейту, сайлау үдерісін жаңғырту, партиялық жүйені бәсекеге қабілетті ету, сот жүйесін нығайту, құқық қорғау институттарын күшейту сияқты тың өзгерістерді енгізу мәселелеріне баса мән берілсе, бұл айтылған маңызды мәселелер шын мәнінде іс жүзінде орындалу үстінде.
Ең бастысы, азаматтардың Конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және нығайту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту Президенттің тұрақты бақылауындағы маңызды мәселе болып қала береді. Біз жаңа Жолдаудан осыны анық көріп отырмыз.
Қалды БАЙРАМОВ,
аудандық орталық аурухананың
хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Аудандық мәслихаттың депутаты