Basty bet

Қайырымдылық – қайырлы іс

Қайырымдылық жасау-халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Көмекке мұқтаж жанның жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы.
Қоғам үшін ең маңызды дүние – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік танытқан сайын өз өміріне де соншалықты жақсылық жасап, жақсылыққа қадам бастап жатқандығын ұмытпаса керек.
Осыған орай, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Қамқор» қайырымдылық дүкені тұрақты жұмыс атқаруда. Қайырымдылық дүкенінде әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларына және азаматтарға арналған қажетті киім-кешектермен қамтамасыз етілген.
Аудан орталығынан ашылып, тұрғындар үшін жұмысын тұрақты жүргізіп отырған «Қамқор» қайырымдылық дүкенінің мақсаты – әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларына және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және басқа да санаттағы азаматтарға әлеуметтік т.б себептер бойынша балалардың мектепке бармауын алдын алу үшін көмектер көрсетілуде.
Қиналғанда жаныңнан табылып, рухани болса да қолдау көрсету, сол жанның қуанышын көру – қандай бақыт.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныта алатын жандардың арамызда әлі де бар екендігі қуантады.
Дана халқымыз «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», «Бір қолың жасаған жақсылықты, екінші көзің көрмесін» деп тегін айтпаса керек.
Байлықтың кілті – қайырымдылық жасауда, мұқтаж жанға қол созуда екендігін әсте ұмытпауымыз керек. Әлеуметтік көмектің пайдасын көрген азаматтарда қоғам үшін өз ортасы үшін жақсылық жасауға ұмтылары, талпынары сөзсіз.
Құрметті аудан тұрғындары! Қажет болған жағдайда 2-04-85 немесе 8 778 350 08 05 нөмірі арқылы хабарласуға болады Көмек қолын созып, қайырымдылық жасаймын деген азаматтар үшін де мүмкіндіктеріңіз бар!

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
“Жастар ресурстық орталығы” мекемесінің этномәдени бірлестіктермен жұмысты үйлестіруші инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close