Basty bet
Спорттық жарыс өтті
Бүгінде бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау – басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта Қарабастау ауылының кіші футбол алаңшасында жастар арасында Street Workout спортын кеңінен дәріптеуге бағытталған «Жеңісті күшпен еңсер» тақырыбында спорттық турнир ұйымдастырылды.
Спорттық шараның ашылуына аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры С.Қадыров арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бұл бәсекенің жастарды ауызбіршілікке, шымырлыққа және бос уақытты тиімді өткізуге тәрбиелейтінін атап өтті.
Аудан деңгейінде ұйымдастырылған тартысты додаға 15 белсенді жас қатысып, бақ сынады. Турнир барысында қатысушылар Street Workout-тың негізгі элементтері саналатын «Белтемірге тартылу» және «Белтемірге көтерілу» кезеңдері бойынша өзара мықтыны анықтады. Білек күші мен төзімділікті талап ететін сайыста әрбір қатысушы жоғары дайындықтарын көрсете білді.
Төрешілердің шешімімен және ұпай саны бойынша турнирдің жеңімпаздары анықталды. Атап айтқанда І орынды – Алихан Айтбеков (Қызыларық ауылдық округі), ІІ орынды Нұрзат Бейбіт (Билікөл ауылы), ІІІ орынды Азамат Сатыбалды (Б.Момышұлы ауылы) иеленді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлеріне ұйымдастырушылар атынан арнайы Дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Шара жастардың спортқа деген құлшынысын арттырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Эльмира ПіРіМБЕКОВА,
Билікөл ауылдық округінің
жастармен жұмыс
жөніндегі маманы