Basty bet

Ауылын игілікке бөлеген боралдайлықтар

Адам баласының кіндік қаны тамған мекені – туған жері. Адамның түп қазығы – туған жер, өскен орта әркімге де ыстық.
“Азаматына қарап ауылын таны” демекші, боралдайлық азаматтардың туған ауылына істеген игі істері, өзара ауызбіршілігі барлық жуалылықтарға үлгі-өнеге.
Боралдай ауылдық округінен түлеп ұшқан, бүгінде Алматы қаласында тұратын азаматтар былтыр жиналып, ақылдасып ауылда көкпар беруді қолға алып, шараны үлкен ұйымшылдықпен өткізген болатын. Көкпардың соңынан дәстүр бойынша келесі көкпарды өткізу эстафетасын ауылдық округтен түлеп ұшқан, бүгінде Тараз қаласында тұратын азаматтарға беріпті.
Жас ұрпаққа үлгі боларлық бұл бастаманы қолдаған барша боралдайлықтар, бүгінде ауылда тұратын, ауылдан түлеп ұшқан еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан, тіпті ауылдан алыс-жақын шет елге қоныс аударған түрлі ұлт өкілдері де бірлесіп, “Қамқор Көлтоған” атты қор құрып, оған жарна ретінде ай сайын әрқайсысы 1000 теңгеден жинап, ауылды көркейту мақсатында бірқатар шаруаларды қолға алды.
Атап айтқанда, ауылдық округ орталығы Көлтоған ауылының кіреберісіне арка жасалды, 1967 жылы дүниеге келген азаматтар ауылдың кіреберісіне стелла орнатты. Қорда жиналған қаражат есебінен ауылдың кіреберісінің екі жағына қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызып, қоршады. Қазіргі таңда ауылда Ұлы Жеңіске 80 жыл толу қарсаңында маңдайша тақтай орнатуды қолға алып, іргетасы қалануда. Ауылда балаларға арнап спорттық алаң жасалуда. Мұның барлығы боралдайлықтардың туған ауылына деген сағынышынан, құрметінен туындаған игі істер. Боралдайдықтардың игі істеріне сүйсінген аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы өзге ауыл тұрғындарымен өткен кездесулерде үнемі үлгі ретінде айтып жүреді.
Жақында Алматыда тұратын боралдайлық азаматтардың бастамасын Тараз қаласында тұратын боралдайлықтар жалғастырып, нәтижесінде көпшілік үлкен игі істің куәсі болды.
Яғни, эстафетаны алған азаматтар елді жиып, ас беріп, ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарымызды ұлықтап, ауызбіршіліктің, өзара сыйластықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, зор құрметтің үлгісін көрсетті.
Шараны ұйымдастыру алқасының төрағасы Көлтоған ауылының тумасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков көкпар беру тек шартты атауы болып, негізінен әлеуметтік мәселелерге мән беру жоспарланғанын, яғни, ауылдық округтің кіреберісіне стелла орнатып, ауылдық округке қарасты ауылдарда үйіне ауызсу, газ кіргізуге мүмкіндігі болмай отырған әр ауылдан бір-бір үйге демеушілікпен кіргізіп беруді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының ақылы негізде оқып жатқан баласының бір жылдық оқу ақысын төлеп беру сынды мәселелер жоспарланғанын айтады. Алайда қаржылық мәселелерге байланысты біраз жоспарлар орындалмапты. Дегенмен, негізгі ойға алған жоспарлары орындалып, көпшілікке ой салар әдемі, жинақы шараның өткеніне ел де, ұйымдастырушылар да риза.
Ас болған соң, оның көпшілікке жайылар дастарқаны, ұлттық ойындар жүлдесіне қойылар сый-сияпаттары, басқа да қонақтарға берілер кәдесыйлар болады.
Қысқасы, ауылдық округтің кіреберісіне сегіз азаматтың демеушілігімен стелла орнатылды. Стелланы орнату жұмыстарын да боралдайлық азаматтар тегін атқарған.
Аста 600-ден аса кісіге дастарқан жайылып, күрес, қатын күрес, тағы да басқа ойындар ойналған.
-Көкпардың сәтті өтуі үлкен абырой болды,- дейді Ерұлан Мағзымбеков. – Жуалылық көкпаршылардың WhatsApp желісіндегі әңгімесі бізді қанаттандырды. Көкпаршы жігіттеріміздің “Боралдайдағы көкпар көкпар ойынының нағыз үлгісі болды. Ережелер сақталды, әділетті болды, ешкімге бұра тарпай, айызымыз қанып, нағыз көкпар шаптық.
Алда салымы 15 миллиондық көкпар бар екен. Сол көкпарда таласып-тартыспай, жуалылық көкпаршылар бірігіп, шеттен келген азаматтарға көкпардың не екенін, ауызбіршілігімізді, осындай ұйымшыл ел екенімізді көрсетейік” деген пікірлерін естіп, бұл бір жақсы іс болды-ау деп топшыладық.
Бұл – теңізге тамшы тамғандай ғана тірлік. Бірақ, әр ауылда осындай игі, дұрыс бастама болса, оның басы-қасында жүрген азаматтардың ынтымағы, адалдығы, ауызбіршілігі болса, бір-бірінің ұсынысына, пікіріне құрметпен қараса, жас ұрпаққа көрсетер үлкен игілікті ісіміз сол болар еді.
Себебі, қазір шынында ауыл тозып бара жатыр. Осындай сәтте мемлекет қолдауынан бөлек, ауылдан шыққан қалталы азаматтар бірлесіп, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” әрекет етсе, ауылдың көркеюіне үлес қоссақ, нұр үстіне нұр!
Әрі десе, әке-шешеміздің көзін көрген үлкен кісілердің тілегін тыңдап, батасын алып, арқа-жарқа болып, сыртта жүрген мықты азаматтарымызбен танысып, бір-бірімізбен хат, телефон алмасып, ауылға жасайтын игілік болса, бірлесіп жасайық деген игі ниетпен тарқастық.
Шараның өтуіне қолдау көрсеткен аудан басшылығына, ауыл әкіміне, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, мәдениет саласына, барша ел-жұртқа алғысымыз шексіз!- дейді Ерұлан Мағзымбеков.
Иә, ауылдан түлеп ұшқан барлық жерлестерінің басын қосып, бір-бірімен таныстырып, байланыстырып, бір мақсатқа жұмылуға, ұйымшылдыққа, ең бастысы, туған ауылын игілікке бөлеудің үлгісін көрсете білген боралдайлықтардың бастамасы өзге ауыл азаматтарына да үлгі-өнеге. Бастама жалғасын таба берсін!
Жас ұрпаққа өнеге болар игі істеріміз лайым көп болсын!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close