Basty bet

Заң мен тәртіп: қауіпсіз қоғам құру басты қағида!

аудан полицейлері жұмысының басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып келеді.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілгені белгілі. Қазақстан полициясы күні – осынау жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні екенін айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауының «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деп аталатын тоғызында бағдарында да әділетті қоғам құру мақсатында нақты шаралардың қабылданып жатқанын баса айтылған.
«Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.
Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді» деп атап өтілген Президент Жолдауында.
Азаматтардың құқығын қорғап, қоғамда және жергілікті аумақта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар, азаматтар арасында құқықтық сауаттылық пен мәдениетті терең орнықтыру, профилактикалық жұмыстар, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау мен оның алдын алу мақсатында Жамбыл облысының полиция департаментіне қарасты Жуалы аудандық полиция бөлімінің ұжымы да уақытпен санаспай қызмет атқару үстінде.
Аудан полицейлері Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» басты бағдар ретінде ұстану арқылы қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып келеді.
Жуалы аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ерлан Түменбаевтың айтуынша, өңірде тиісті жедел-профилактикалық алдын алу жұмыстарын жедел қолға алудың нәтижесінде биыл өңірде құқық бұзушылық пен қылмыстар санының едәуір азайғаны байқалады.
– Мысалы, 2024 жылдың тиісті кезеңінде – 55 қылмыс тіркелсе, 2025 жылдың бес айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 42 қылмысқа азайып, көрсеткіш 23,6 пайызды құрап отыр. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыс саны азайса, жол қауіпсіздігі бойынша орын алатын қылмыстар да 55 пайызға азайды деп айтуға болады. Бұл мақсатта тиісінше, аудан аумағында түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, азаматтардың жол қауіпсіздігі тұрақты қамтамасыз етіледі. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар, аудан орталығында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында орталықта барлығы 33 орында бейнебақылау камералары тұрақты жұмыс істеп тұр. Жолда жүру ережелерін бұзған жүргізушілер және қоғамдық орындарда құқық бұзған азаматтар осы бейнебақылау камералары арқылы анықталу үстінде. Бұл – жолда жүру ережелерін өрескел бұзған көлік жүргізушілерін анықтауда бізге үлкен көмек болып отыр.
Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің атқаратын жұмыс бағыттары сан салалы. Соның бірі ретінде бұрын сотты болған азаматтармен атқарылып жатқан жұмыстарды атап айтуға болады. Бұл мақсатта пробация қызметімен бірлесіп түнгі мезгілде мекен жайлары жіті тексеріледі. Одан бөлек, күндізгі және түнгі мезгілдерде облыстық полиция департаментінің кинология басқармасының кинологтарымен бірлескен іс-шаралар арқылы заңсыз есірткі тасымалының алдын алу, жолын кесу жұмыстарымен қатар, түнгі мезгілде спирттік ішімдік сататын дүкендердің жұмысы қатаң қадағалануда. Бұл ретте қазір ауданға қарасты Ақбастау және Жылыбұлақ ауылдары ішімдік сатылмайтын үлгілі ауылдардың қатарын толықтырып отырғанын ерекше атап өткен жөн,- дейді АПБ-ның бастығы Ерлан Тоқтасынұлы.
Құқықтық тұрғыда сауатты болу, қоғамда түрлі түсініспеушілікке жол бермеу, қоғамдық тәртіпті қадағалауға, тыныштыққа үлес қосу – елдің саналы азаматы ретінде барлығымызға міндет. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлерімен аудандық білім бөліміне қарасты мектептер мен мектеп-гимназиялардың ортаңғы және жоғары сынып оқушыларына құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы, одан бөлек, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда қандай шаралардың қабылданатыны жете түсіндіріледі. Сонымен қатар, ата-аналармен атқарылып жатқан құқықтық бағыттағы ағарту жұмыстары да өз нәтижесін беріп отыр деп айтуға толық негіз бар.
Бұл ретте аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен ағымдағы жылдың 5 айында аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылғанын, жергілікті тұрғындар арасында қылмысты болдырмау және алдын алу, сонымен қатар, қоғамның құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру, тиісінше, орын алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға барынша зерделеу жүргізілгенін атап өткен жөн.
– Қазіргі таңда технологияның жедел дамуына байланысты ел өңірлерінде алаяқтық қылмыстары, оның ішінде, интернет, телефон алаяқтарының қатысуымен жасалатын қылмыстар саны едәуір артып отыр. Аудан тұрғындарын алаяқтардан сақтандыру мақсатында орталықта және ауылдық округтерде тақырыптық баннерлер орналастырылып, тұрғындар мен оқушыларға, мекеме қызметкерлеріне ескерту жүргізілу үстінде. Алаяқтармен күрес – полиция жұмысының маңызды бағытына айналып отыр.
Аудан полицейлері өңірде орналасқан ҚР ҰҚК-ның Шекара қызметіне қарасты «Б.Момышұлы» және «Ақсуат» шекара заставаларымен бірлесе жұмыс атқару арқылы шекаралық аймақтарда көптеген қылмыс пен құқық бұзушылықтарды анықтауда. Мұның ішінде, заңсыз есірткі, темекі тасымалына, мал тасымалы мен мал ұрлығына тосқауыл қойылып отыр. Одан бөлек, аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесу арқылы мал базарда заңсыз мал сату, базарлар мен дүкендерде ет саудалау, т.б. құқық бұзушылықтардың алды алынуда.
Бір сөзбен айтқанда, аудандық полиция бөлімінің жұмыс бағыты ауқымды әрі күрделі. Осыған қарамастан, өңірдің тәртіп сақшылары уақытпен санаспай жедел әрекет етіп әрі жедел-профилактикалық іс-шараларды қолға алудың нәтижесінде құқық бұзушылық пен қылмыстар санының едәуір азайғаны байқалады. Өңірде ахуал тұрақты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Басты мақсат – Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» идеологиясының терең орнығуына атсалысып, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалау. Полиция бөлімінің қызметкерлері бұған әркез дайын.
Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесіне орай аудандық полиция бөлімінде жемісті әрі табанды қызмет атқарып келе жатқан әріптестерімді және бөлімнің құрметті ардагерлерін атаулы күнмен құттықтай отырып, дендеріне саулық, әрбір отбасына амандық, Тәуелсіз еліміздің өміріне бейбітшілік пен тыныштық тілеймін,- деп атап өтті Ерлан Түменбаев.
Айта кету керек, қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде барлығы – 80 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде, бөлім бастығы, бөлім бастығының жедел жұмыстар жөніндегі, қызмет, тергеу, тәрбие және кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары, жергілікті полиция, әкімшілік полиция және криминалдық полиция бөлімшелерінің бастықтары, сонымен қатар, ауданға қарасты 14 ауылдық округте орналасқан тірек пункттерінде 23 учаскелік полиция инспекторы (УПИ) және ювеналды полиция тобының 7 инспекторы бар.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close