Basty bet

Тұрғындардың талап-тілегі – сүттің бағасын тұрақтандыру

Апта басында, яғни сейсенбі күні “Жуалы жаңалықтары” WhatsApp мессенджерінде сүт бағасының төмендеуі туралы мәселе көтерілді. Яғни, ауылда мал асырап күн көріп отырған тұрғындар сүт бағасының төмендеуіне наразылық танытып, мәселелерін ортаға салу үшін “Сүт бағасы 200 теңгеден түспесін” деген чат ашып, онда әр ауылдық округтен барлығы 500-ге жуық адам тіркеліп, сүт бағасына қатысты өз уәждерін айтты.
Ауданымыз аграрлы аудан. Халықтың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Ауылдағы ағайын бірі қорасындағы бір-екі бас сиырын сауып, сүтін өткізіп, керек-жарағын қамтамасыз етіп отырса, бірі несие алып, мал басын көбейтіп, тұрмысын көтеруді мақсат еткен.

Чатта тұрғындардың айтуынша, соңғы екі айда сүттің әр литрінің бағасы 220 теңгеден әр он бес күн сайын он теңгеден түсіп-түсіп, бүгінгі күні сүт бағасы – 190 теңге болыпты. Сүт тасымалдаушылардың айтуынша, баға әлі де түсуі мүмкін екен. Сондықтан тұрғындар бірлесіп, бұл мәселенің шешімін табуға кірісті. Талаптары – сүт бағасы 200 теңгеден түспеуі.
Мал асырап күн көріп отырған халық үшін сүт бағасы өзекті мәселе болып отырғандықтан аудан басшылары сәрсенбі күні аудан әкімдігінің кіші залына аудандағы сүт өндіретін зауыттар мен шағын цехтардың басшылары мен чатта мәселені көтерген тұрғындарды шақырып, кездесу өткізді. Ондағы мақсат – сүт өткізушілер мен өндірушілерді бетпе-бет отырып, бір-бірімен түсінісіп, бір мәмілеге келулеріне жағдай жасау. Кездесуге сонымен қатар аудандық прокуратураның, кірістер басқармасының өкілдері, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, кездесудің мақсатын түсіндіре келіп, сөздің кезегін ауыл тұрғындарына берді.
Өзін Динара Өтебаева деп таныстырған қоңыртөбелік келіншек тұрғындардың өтінішімен осы чатты ашқанын айтты. Ондағы мақсат – ортақ мәселені ақылдасып шешу,- дейді ауыл тұрғыны.
-Сүт бағасы әр он бес күн сайын он теңгеден төмендеп, бір жарым айдың ішінде 30 теңгеге түсті. Яғни, бүгінгі күні сүт қабылдаушылар сүттің литрін 190 теңгеден қабылдауда.
Ауылдық округімізге өндірістік кооперативті құруды түсіндіру бойынша келген кісілер сүт бағасы тұрақты болады, қосымша үкіметтен субсидия төленеді деп түсіндірген болатын. Сондықтан ауылдықтар 2,5 пайызбен несие алып, мал басын көбейтуде. Ал, енді сүт бағасы төмендеуде. Сонда алған малымыз қалай өзін-өзі ақтайды,- деді Динара Өтебаева.
Жүрімбай ауылының тұрғыны Айнұр Әбітаева:
-Біз 6 пайызбен несие алып, 19 бас сиыр сатып алғанбыз. Былтыр малымды сатып, несиемді төледім. Қазір 11 бас қана сиырымыз қалды.
Малды бағу ақысы қымбат, жем-шөбі де қымбат, енді сүт бағасы түсіп жатса, несиемізді қалай жабамыз?
Шақпақата ауылының тұрғыны Гүлжауһар Сәметқызы:
-Менің екі бас сиырым бар. Күнкөрісіме жарап отырған осы сиырларымның сүті. Сүт бағасының төмендеуі қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ болып отыр.
Біз естіген тағы бір мәселе – Қырғызстаннан сүт зауыттарына 130 теңгеден сүт келіп жатыр екен. Бұл қалай болғаны? Бұл деген әділетсіздік қой.
Диқан ауылының тұрғыны Нұрлан Сармурзин:
-Кейбір үйде 30-40 бас сауынды сиыр бар. Ал, кейбір отбасының бір-екі ғана сиыры бар. Сиырдың сүтінен түскен қаржы өзінің жем-жөбін, бағу ақысын да ақтамайды. Сондықтан ауызбіршілікпен, адамгершілікпен бағаны тұрақтандыруды ойлайықшы.
Күреңбел ауылының тұрғыны Нағашыгүл:
-Базарда сарымай, ірімшік қымбат. Ал, неге сүт бағасы арзан? Қарапайым халықтың еңбегі де дұрыс бағалануы керек. Сүттің бағасы 200 теңгеден кем болмасын.
Кезек екінші тарап, яғни сүт өндіруші кәсіпкерлерге берілді.
“Бурное сүт компаниясы” ЖШС-ның сатылым директоры Индира:
-Біз сәуір айында сүтті 210 теңгеден қабылдап жатырмыз. Мамырда 200 теңгеден қабылдаймыз. Себебі, қазір тұтынушылардың тарапынан ірімшікке деген сұраныс өте төмен.
Ірімшіктің дайындалу процесі 45 күн. Қазір бізде қоймада ірімшік көп болғанымен, оған сұраныс жоқтың қасы. Ал, сүттің бағасы нарыққа тікелей байланысты.
Қырғызстан сүті туралы әңгімеге келсек, олардың 120 теңгеден сүт бар деп ұсыныс жасағаны жасырын емес. Бірақ біз оны алып жатқан жоқпыз. Себебі, жергілікті халықтың сүті әзірге жеткілікті. Қырғызстаннан күзде өзімізде сүт азайғанда алуымыз мүмкін.
“LF company” ЖШС-ның атқарушы директоры Сұлушаш Матеева:
-Біз компаниямызды ашқанда алдымызға тек жоғары сапалы сүттерді ғана қабылдап, сапалы өнімдер шығарымыз деген мақсат қойдық және солай жасадық. Уақыт өте жұмысымызды кеңейту мақсатында сүтті көбейтуді қолға алдық. Өкінішке қарай, өніміміздің сапасын құртып алдық. Айранымыз сұйылып кетті. Себебі, тұрғындардан жаппай қабылдаған сүтіміз өте лас келеді. Майлылығы төмен, сылдыр су болып келді. Әсіресе, ластығын да шек жоқ, сүттің ішінде қи да, басқа да бар. Біз оны өзім үшін суретке түсіріп те алдық. Не керек, бұлай істеуді тоқтаттық. Біз қайта өзіміздің әдісімізбен жұмыс істейміз. Тек жоғары сапалы сүттерді ғана қабылдаймыз. Сүттің сапасы жоғары болған сайын бағасы да көтеріледі. Дәл қазір әзірге сүтті 210 теңгеден қабылдаудамыз.
“Бурный ірімшік зауыты” АӨК директоры Әбдібек Пошқаев:
-Жақында әріптестерім хабарласып барлығымыз жиналып, сүт бағасын бірдейлендірейік деген болатын. Мен оған қарсылығымды білдірдім. Себебі, әркім өзінің “көрпесіне қарай көсілуі” керек.
Әр нәрсенің өзіндік құны болады. Ол құн нарыққа байланысты. Өздеріңіз білесіздер, бір литр қаймақ 16-17 литр сүттен алынады. Бір кг май қанша литр қаймақтан алынады? Оны да өздеріңіз білесіздер. Мен сүт бағасының төмендеуіне байланысты зауытта дайындалған өнімдерімнің бағасын түсірдім. Сары майдың келісі 3800-ден 3500-ге түсірдім. Сары ірімшіктің бағасы 2200 еді, қазір 2000 теңгеге түсті. Әлі 1900-1800-ге түсуі де мүмкін. Баға солай нарыққа қарай өзгеріп тұрады.
Сүттің бағасы салыстырмалы түрде ең қымбат біздің ауданда. Бізде баға солай. Мен сіздерді де түсінемін. Малдың бейнеті де оңай емес. Бірақ, біздің де бейнетіміз, шығынымыз көп. Барлығымыздың басымызда несиеміз бар. Бірақ солай екен деп бағаны түсіре бермейміз. Мүмкіндігінше сіздерге көмектесуге тырысамыз.
Мен бір жағдайды айтайын, бірақ сіздер басқаша ойламаңыздар. Мен өзімнің туған ауылым болғандықтан тек Қайрат ауылының тұрғындарынан өзім көлік жіберіп 200 теңгеден сүт аламын. Бұл менің өз ауылымның тұрғындарына көмегім болсын деген ниетім.
Сүттің бағасының түсуі бір жағы уақытша, осы бір жарым, ары кетсе екі ай ғана. Одан кейін сұраныс жоғарыласа, сүт бағасы қайта көтеріледі. Сондықтан сабырлылық, танытып, бізді де түсініңіздер.
“Samurai” ЖШС директоры:
-Сүттің бағасы әлемдік нарықта түсіп жатыр. Сондықтан біздің де өнімдеріміз қымбат бағаға өтпейді. Яғни нарықтағы жағдайға байланысты уақытша баға осылай.
Оның үстіне менің айтарым – уақытша сіздер де тығырықтан шығу үшін сүттеріңізді өздеріңіз сеператордан өткізіп, қаймақ, май, ірімшік, құрт жасап сатсаңыздар пайдасы да жақсы болады. Бұл мәселенің тағы бір шешімі деп ойлаймын.
“СМТС” ЖШС директоры Лечи Оздамиров:
-Біз бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Бірақ баға бірінші кезекте әлемдік нарыққа, сұранысқа, бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Сондықтан сіздерден түсіністікпен қарауларыңызды сұранамын. Бір-біріміздің еңбегімізге құрметпен қарайық.
“Ақмол”- 2025″ ЖШС өкілі Жаңылсын Мешелова:
-Біздегі мәселе тауарымызды сатуға байланысты. Мәселен, егер біз сырымыздың килосын 3000 теңгеден сатсақ, сүтті 250 теңгеден қабылдар едік. Бірақ сыр бағасы олай емес қой.
Қазір елімізде шет мемлекеттен келген сүт өнімдері өте көп. Олардың бағасы бізге қарағанда арзан. (Олардың сапасы туралы өздеріңіз білесіздер). Сондықтан біздің тауарларымыз жәй өтуде. Сұраныс аз болып, тауар өтпей жатса, біз сүтті қалай қымбатқа аламыз?!
“Ақмол” сүт компаниясының өкілі шет елден келген тауарлардың сапасы тексерілсе деген өтінішін де айта кетті.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы осы арада бәсеке бәріне отақ екенін, сондықтан бір жақты емес, кең көзқараспен қарау керектігін, импорт пен экспорт ол – ел экономикасының дамуы үшін қажет екенін қоса кетті.
Ақтөбе ауылдық округі әкімі Көбейсін Хайралапов:
-Біздің ауылдық округ тұрғындары сауған сүттерін Тараз қаласына өткізеді. Одан бөлек үлгі ретінде айта кетейін ауылымызда бір кісі келісіп он үйдің сүтін алып, үйінен оны өзі өңдеп, құрт-майын сатып, пайда көріп отыр. Сіздер уақытша болса да осылай істесеңіздер немесе екі-үш кісі келісіп бірлесіп шағын цех ашып алсаңыздар жақсы пайда табуға болар еді деп ойлаймын.
Бұл жерде уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарау керек. Себебі, айналып келгенде сыр зауыттардың тұрғындарсыз, тұрғындардың сыр зауыттарсыз күні жоқ.
Тағы бір айта кететін мәселе қазір сыр зауыт иелері өнімдерінің бағасы төмендегенін айтып отыр. Ал, “дүкендерде неге баға төмендемейді?” деген сұрақ көкейде бар.
Бұл мәселені шешудегі тағы бір маңызды жол – мал тұқымын асылдандыру. Біздің ауылдық округте бір азамат Қырғызстанға барып оқып келді де қазір ауылда малдарды қолдан ұрықтандыруда. Ол азамат тұрғындардың өтінішімен сиырды күзде туатындай есеппен де ұрықтандырады. Осында жаңашылдықтарға бет бұруымыз керек.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбеков:
-Ауданда тоғыз сүт өңдеу мекемесі бар. Оның үшеуі ірі, қалғандары шағын цехтар. Бұл мекеме иелері мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеп, аудан экономикасының дамуына үлес қосып отырған жандар.
Баға осындай сиырлар жаппай төлдеген уақытта сүт көбейіп, уақытша жылда төмендеп тұрады. Мұндай жағдай егін шаруашылығында да бар. Мәселен, күзгі жиын-терім кезінде картоптың, басқа өнімдердің бағасы арзандайды, көктемде қымбаттайды. Себебі, көктемге дейін оны сақтау да шығын. Бұл да солай уақытша сүт көбейгенде арзандайды, азайғанда қымбаттайды. Мал базарда да біреу қымбатқа сатқысы келеді, біреу арзанға алғысы келеді. Бұл нарықтың заңдылығы. Сондықтан сабыр сақтап, түсінісу керек.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев:
-Облыстағы Талас және Сарысу аудандарында сүт өңдейтін зауыттар жоқ. Олар сүтті қайда өткізерін білмей отыр. Ал, бізде сыр зауыт бар. Тек бағаны тұрақты ұстап тұру мәселе болып отыр. Ол да нарықтың ыңғайына қарай уақытша мәселе.
Осы арада субсидия мәселесін де айта кеткім келіп отыр. Субсидия жекелеген адамдарға, шаруа қожалықтарға берілмейді. Субсидия тек өндірістік кооперативтерге біріккен тұрғындарға беріледі. Яғни, сіздер АӨК арқылы бірігіп сүт өткізсеңіздер литріне 20 теңге субсидия төленеді. Оны бұл жұмысты ұйымдастырған кооператив басшылығы шығындары үшін он теңгесін алып қалып, он теңгесін тұрғындарға береді.
Одан кейін малды асылдандыруды бүгіннен бастап қолға алайық. Сүті аз ешкі сиырларды ұстағанша, сүті мол асыл тұқымды сиырды асыраған әлдеқайда тиімді. Барлық мәселенің тиімді, дұрыс жағын ойлап, соған өзіміз әрекет етейік. Құр сөз, айқай ештеңені шешпейді,- деді бөлім басшысы.
Кездесуде сүт тасушылардың еңбегі туралы да айтылды. Яғни таң ертең ерте тұрып, тұрғындардан сүт жинап, оны өткізіп, қаншама ыдыстарды жуып, қайтарында базардан ауыл тұрғындарының өтініштерін, тапсырыстарын қарыштап, оны таратып беру де үлкен еңбек. Оның да өз шығындары бар.
Аудандық прокуратураның аға прокуроры Жансерік Иса халықты әлеуметтік желі арқылы себепсіз бейберекет сөйлемеуге, негізсіз, дәлелсіз халық арасында дау-дамай, наразылық тудыратын әрбір сөз үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірді. Сонымен бірге көтерілген мәселеге түсіністікпен қарап, сабырлық танытуға шақырды.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.
-Біз мұнда екі тарапты мәселелеріңізді жан-жақты қарау үшін жинап отырмыз. Міне, бір-бірлеріңізбен бетпе-бет отырып, жағдаймен таныс болдыңыздар. Екі жақтың да айтқан уәждері орынды. Әр жұмыстың қиындығы, табысы, шығыны болады. Оны түсінуіміз керек. Ендігі жерде ауылдық округ әкімдері ауылдарыңызға барып, дәл осылай сүт жинаушылар мен тұрғындарды жинап, жиналыс жасап, бір-бірін түсінісуге, сабыр сақтауға шақырыңыздар. Уақытша тығырықтан шығудың жолдарын іздеңіздер.
Кез келген қолдан жасалған табиғи өнім сұранысқа ие. Мәселен, қолдан жасалған құрт пен сыр зауыттың құрты қатар тұрса, халық қолдан жасалған құртты алады. Сондықтан еңбектеніп, бір пайдамызды екеу қылған жөн деп санаймын.
Халықтың жанайқайына аудан билігі ешқашан бей-жай қарамайды. Әркім өз жұмысын жауапкершілікпен, заң аясында атқарады.
Сіздер де жүйелі, дұрыс бағыттағы, алға дамитын, тығырықтан шығатын жұмысқа негізделсеңіздер.
Тағы бір ерекше айтарым – кері саясатқа, халықты адастырушылыққа жол бермеңіздер. Ондай заңсыз әрекеттердің барлығы үшін заң алдында жауап беретінімізді ұмытпайық,- деді Анар Ахметова.

Айтар сөзімізге абай болайықшы…

Тілші түйіні: Иә. Жиында сүт бағасына қатысты мәселелер жан-жақты айтылды. Екі тарапқа да сөз беріліп, бір-бірін тыңдады. Проблемаларын айтты, шығу жолдарын ұсынды. Ендігі жерде нарық жағдайына түсіністікпен қарап, сабыр сақтау, шыдамдылықпен еңбек ету керек.
Ақтасты ауылында менің де туыстарым тұрады. Бірінің үйінде 20-ға жуық сауынды сиыр бар. Ол кісілер оны таң атпай тұрып сауып, сүтін сеператордан өткізіп, одан қаймақ, май жасайды. Тартылған сүттен ірімшік жасап, айран етіп ұйытып, құрт жасайды. Мұның барлығы қыруар жұмыс. Сүтті пісіру, оны әрі қарай өңдеу. Олардан шыққан қаншама ыдыстарды жуу, оңай емес. Бірақ, сүтті сауып өткізе салғаннан гөрі оны өңдеп сату екі есе пайда әкеледі. Оның барлығы айналып келгенде отбасының кірісі, бала-шағасының игілігі үшін қажет дүние.
Мәселеге қарай тыңдалған екі тарап та халықтың өкілі. Бірі сүтті өткізуші болса, бірі оны өңдеуші. Әр қайсысының өз бейнеті, шығыны бар. Оны екі тарап та түсінуі керек. Онсыз мәселе шешілмейді.
Қазір өкінішке қарай, ауылдағы сиыры бар кейбір кісілердің үйіне барсаңыз, үйінде айран жоқ. Балалары ауылда тұрып қолдың айранын ішпейді. Себебі, оны пісіріп ұйытуға ерінеді. Айран ол ең қарапайым, жеңіл жолмен дайындалатын өнім. Мұның жанында құрт, май жасауды айтпай-ақ қойыңыз. Сондықтан барды ұқсату, еңбектену ол айналып келгенде өз отбасыңыздың несібесі.
Ендігі тағы біздің қоғамдағы келеңсіз жағдай – әлеуметтік желіде отырып алып, оңды-солды сөйлеу. Сөздің жауапкершілігі туралы дінімізде де, заңымызда да айтылған. Дәлесіз, орынсыз сөйлеу – Алланың алдында да, заң алдында да дұрыс емес. Дәлелсіз сөйлеудің салдарынан бүгінгі қоғамда ішкі дауымыз бітпей кетті. Әсіресе, елдің алдында сөйлеу адамға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қысқасы, айтар сөзімізге абай болайықшы, сөздің қадірін түсінбейтін арсыз емес едік қой. Елді тоқтатам, мәселені шешемін, пайда көремін немесе елдің алдында ұпай жинаймын деп елді, көңілді бүлдіріп алмайық.
Алла халқымызға сабыр мен берекелі ризық-несібе берсін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close