Basty bet
Қандастарға көмек беру – жауапты міндет
Н.Ералиев «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Жуалы ауданы филиалының директоры болып тағайындалды
Елімізде шет елдердегі қазақтарды қолдау мақсатында «Отандастар қоры» құрылғаны белгілі. 2018 жылдың қазан айында жұмысын бастаған ұйым шетелдегі қазақтардың білім алуына және тілін сақтап қалуына жағдай жасау, олармен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-үйлестіру байланыстарын қамтамасыз ету, шетелдегі және отанына көшіп келген қазақ диаспорасына қолдау үшін «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» жұмысын жандандыру сияқты маңызды жұмыстармен айналысып келеді. Негізгі шаруа – «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» филиалдарымен бірлесіп, бүкіл әлем қазақтардың тарихи Отаны төңірегінде бірлестіру. Бұл ретте, шет мемлекеттен елге келемін деген отандастарды қолдаудың кешенді бағдарламасы шеңберінде көшіп келген ағайындарды тұрғын үймен, жұмыспен қамту, оқыту және әлеуметтік тұрғыдан бейімдеу болып отыр.
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» Жамбыл облыстық филиалына қарасты Жуалы аудандық филиалының құрылып, жұмыс істей бастағанына да біраз жылдың жүзі болды. Қоғамдық негізде жұмыс атқаратын бұл ұйымға құрылғаннан бергі аралықта оған көргені көп, өмірлік тәжірибесі мол ардагер азамат Шора Ысқақов жетекшілік жасап, ол өз кезегінде қандастарға кеңес беру, құжат алуға ықпал ету, басқа да түрлі әлеуметтік бейімдеу жұмыстарымен айналысты. Өз міндетін абыроймен атқарып, шет мемлекеттерден осында қоныс аударған қандас азаматтардың орнығуына сүбелі үлес қосқан Шора Ысқақов жақында өзінің жеке өтінішімен жұмыстан босатылды.
Өткен аптада «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Жамбыл облыстық филиалының директоры Арқабек Төлебаев аудандық филиалда болып, аталған филиалда ұзақ жыл жемісті жұмыс атқарған Шора Ысқақовқа алғыс білдірді. Филиал директорлығына Нұрғали Ералиевтың тағайындалғанын айтып, оның жұмысына табыс тілейтінін жеткізді. Айта кету керек, Н.Ералиев бұған дейін ауданның қаржы, салық саласы және мемлекеттік кірістер басқармасында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған тәжірибелі азамат.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»