Basty bet
Массаж жасау арқылы ата-аналарға қуаныш сыйлауда
Ауданда сәбилер мен аналарға арналған массаж кабинеттері кейінгі жылдары көптеп ашылуда. Жақында балама массаж алу қажет болып, массаж жасайтын жерлерді сұрастырдым. Түрлі чаттарға жаздым, жалпы ауданда массаж жасайтын мамандар көп екен. Бірақ қолы шипалы, тәжірибелі массаж маманын табу оңай емес. Үш-төртеуінің нөмірлерін алып хабарласқанмын. Бірі қоңырауыма жауап бермесе, енді біреуінің қызмет көрсету бағасы қымбаттау болып шықты. Үшіншісіне қоңырау шалғанымда бағасы да тиімді екен, баратын күнім де шаруама ыңғайлы болды, алдын ала қабылдайтын күнімен сағатын белгілеп жазылдым. Келісілген күні массаж алуға бардым. Кабинетке кіргенімде бірден жинақылықты байқадым, тап-таза әрі жылы шағын ғана бөлмеде ерекше жылылықтың лебі сезілгендей. Кезекте екі-үш адам тұр екен.
-Өз ауылымыздан массаж кабинетінің ашылғанына қуаныштымыз. Бұл сәбилеріміз үшін де, аналар үшін де жақсы болды. Осы уақытқа дейін орталық ауруханаға барып система алуға шапқылайтынбыз. Массажшы Айжан қызым жақсы болды маған. Дәрігер тағайындаған тізіммен барлық дәрімді егіп, массажымды жасайды, қолы жұмсақ, жеңіл екен. Аяғым бастырмай, қиналып жүр едім. Қазір жақсы боп қалдым. Осымен екінші рет келіп тұрмын,- деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Несібелі апа.
– Мына балам мойнын ойнап жүріп қайырып алыпты деп сөзге араласты Раушан есімді көпбалалы ана. –Маған да бірден ұнады өзі сондай ашық-жарқын қыз екен. Балама 2 ай болатын. Массажын алып 10 күн келіп жүрдік, бір қызығы массаждан кейін балам төрт сағат ұйықтайды. Айжан бірден баурап алды, сөзіміз жарасып тез тіл табысып кеттік. Кезегімізді күтіп массажға келіп жүрген қыз-келіншектермен сөйлесіп арқа-жарқа боламыз. Балама массаж курсын алты рет алдым. Баламның денсаулығы үшін жалпы массаждың балаға пайдасы жақсы екенін біліп, үзбей барып жүрдім. 6 айында дәрігерге бардым яғни, рентгенге түсіріп, ортопед маманға көрсеттім, балаңыздың аяғында дисплазия жоқ тап-таза деді. Аллаға шүкір, әуелі Алла, екінші Айжанға барғанымның пайдасы шығар деп қуандым.
Мен де сол кезде бала күтіміне байланысты үйде отырған ананың бірі едім. Жақсының жақсылығын айту үшін қолы шипалы массажшы Айжан Махамбет туралы мақала жазуды ұйғардым. Ондағы ойым, оны мақтау үшін емес. Осындай білікті маманың бар екенін тұрғындар білсін деген ой менікі.
Айжан Ғаниқызы Б.Момышұлы ауылында туған. Осындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепті (бұрынғы А.Герцен атындағы орта мектеп) аяқтаған соң 2012 жылы «Болашақ» медициналық колледжіне мейірбике ісі мамандығына оқуға түседі. Оқуын тамамдаған соң ауылға келіп «Жастар тәжірибесімен» алты ай аудандық орталық емханада жұмыс істейді. Тәжірибесі аяқталған соң Тараз қаласының маңындағы «Айша бибі» шипажайына медбике болып орналасады. Онда екі жылдай медбике боп жұмыс жасай жүріп, массаж жасауға деген қызығушылығы оянып, оны неге іске асырмасқа деген оймен 2018 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжінде массажист мамандығының үш айлық курсын оқып алады.
– Содан Алматы қаласындағы «Сұңқар» онкологиялық орталығына медбике болып жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтадым. Жұмыспен қатар кешкісін шақыртумен үйге барып балаларға массаж жасап жүрдім. Бұл маған тәжірибе жинақтауға көп септігін тигізді.
Сертификатым болған соң осы кәсібімді жоғары дәрежеде шыңдағым келді. Сол кездері шағын бизнес немесе қызмет түрлерін ашсам деген ниетті азаматтарға мемлекетен қайтарымсыз грант беріліп жатыр екен деген жақсы хабарды естіп Алматыдан ауылға келдім,- дейді массажшы Айжан Махамбет.
«Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған. Наурыз айында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік грантқа өтініш білдіреді. Жобасы ұтымды әрі болашағы зор болғандықтан бірден қолдау тапқан. «Балалар массажы және егу бөлмесі» бизнес-жоспарын комиссия отырысында қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болған. Гранттан бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, балалар массажы мен егу шараларына арналған орталықты ашып, бүгінгі күні халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Массаж жасайтын курстан өткенімнің пайдасы барлығының қыр-сырын үйреніп алдым. Мен бала күнімнен балаларға массаж жасауды жақсы көремін. Қанша шаршап тұрсам да, ауырып тұрған адамға массаж жасап бастаған сәтте шабытым ашылып, алақаным ысып, желкем босаңсып, күш жинағандай боламын. Осы алған білімімді одан әрі ұштай түсіп, тұрғындарға, ауылдастарға бір көмегім тисе, соның өзі маған зор қуаныш екенін түсіндім.
Жас кәсіпкер қолынан келетін кәсіпті меңгеріп, арнайы маманданып алған. Массаж алуға келушілердің саны күннен-күнге артуда. Карантин кезіндегі барлық сақтық шараларын сақтай отырып, бетпердемен, бір реттік медициналық қолғаппен, алдын-ала жазылу арқылы тіркедім. Бала – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Қазіргі кезде сәбилердің арасында дисплазия, гидроцефалия көп кездеседі. Дисплазия дегеніміз жамбас сүйек ұршығының өспей қалуы. Оны емдеу шарасына уқалау және физиотерапия (парафин, электрофорез), емдік жаттығу жатады. Ал гидроцефалия деп мидағы су мөлшерінің шамадан тыс көп болуын айтады.
– Емдеу жолдарына тоқталатын болсам, массаждың қатайту және босату түрлері қолданылады. Осындай массаж түрін 10 күн үзбей қабылдап, аз ғана үзілістен кейін тағы да жалғастыру қажет. Массаждың пайдасы баланың қан айналымы реттеліп, бойын ширақ ұстайды, сонымен бірге қол-аяғының ұзаруына, мойнының созылуына да әсері бар және баланың иммундық жүйесі көтеріліп, асқа деген тәбеті ашылады, түнгі ұйқысы тыныш болады. Бұдан да басқа қақырық түсіретін, гипертонустық, жалпылама массаж түрлері бар. Аналарға, қыз-келіншектерге жауырын, аяқ, белге толықтай массаж жасалады. Көп сұранысқа ие болған парафинге де қол жеткіздім, бұл парафиннің пайдасы өте зор. Одан бөлек, үлкен кісілерге дәрі егемін. Түстен кейін үйлерге барып массаж жасаймын. Меніңше баланың туабітті ұршығының шығып кетуі ең алдымен ананың денсаулығының жоқтығынан. Анемияның салдары болуы керек. Жалпы жаңа туған нәрестені екі айлығында дәрігерлерге көрсетіп алған дұрыс. Қандай дерт болмасын ерте анықталғанда шипасы болады. Ал екінің бірінде кездесетін ұршық буынның дисплазиясын емдеуге ұзақ уақыт кетеді. Басын бастап, аяғына жетпеу ол баланың келешегіне бей-жай қарағандық. Сондықтан аналар шыдамдылықпен емді аяғына дейін жеткізіп, мамандардың айтқан нұсқауын бұлжытпай орындаса, баланың тезірек сауығып кететіні сөзсіз, – дейді медбике әрі массажист Айжан Ғаниқызы.
Жатын кереует, бір реттік жаймалар, денеге жұмсақ сүлгілер, әртүрлі аппараттар, балаларға арналған ойыншықтар, Айжанның массаж кабинетінде жаныңа керектінің бәрі бар. Халқымыздың игілігі үшін ата-аналарға кішкентай да болса қуаныш сыйлағысы келген массажшы Айжанның бастаған ісіне біз де сәттілік тіледік.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
“Жаңа өмір”