Би өнері – балаларды тәрбиелеу мен дамытудың тамаша құралы. Ол рухани әлемді жалпылайды, баланың жеке тұлға ретінде ашылуына көмектеседі. Қозғалыс, музыка және ойынның үйлесімділігі жағымды көңіл күй тудырады.
Осы ретте, ауданда Гүлдана Әшкен жетекшілік ететін «Фламинго» би студиясында 60-қа жуық бүлдіршін осынау биік өнердің қыр-сырын үйренуде. Студияда 4 жастан бастап 12 жасқа дейінгі балалар тәлім алуда. Балалар бірнеше топқа бөлінген. Жетістіктері де баршылық. Студияның бүлдіршіндері республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жайы бар. Әлі де талай жарыстарда бақ сынап, өнер көрсету жоспары да бар.
Ауданның балаларын би өнеріне баулып жүрген студияның үшінші есеп беру концерті жексенбі күні орталық саябақта өтті. Саябақта балалардың өнерін тамашалауға келген адамдардың қарасы мол болды.
Көп ұзамай көпшіліктің назары сахнаға ауды. Ортада би студиясының әнші-бишілері өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлап, кештің сәнін келтірді.
Кеш «Фламинго» би студиясының екінші тобының мың бұрала билеген «Көңілді бикеш» қазақ ұлттық биімен ашылды. Одан кейін төртінші топтың бүлдіршіндері сахнаға шығып, «Вальс» биін билеп, көпшілікті өнерімен сүйсіндірді. Сонымен қатар, би студиясының балалары әннен шашу шашып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Өнерлі балалар «Дәл мендей», «Көңілді күн», «Анашым», «Гүлдей, гүлдей», «Менімен биле», «Рақмет, әке, ана!», «Қыз бала гүл», «Мереке» әндерін әуелете орындады.
Концерт барысында «Фламинго» би студиясының жетекшісі Гүлдана Әшкен сөз алып, қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан ата-аналарды арнайы Алғысхатпен марапаттап, сыйлықтарын табыстады. Өз кезегінде ата-аналар да ақ жарма тілектерін жеткізіп, табыс пен сәттілік тіледі.
Балалардың өнерін көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кеште студияның бишілері үнді, өзбек билерін және «Кел, балақай» биін биледі.
Кеш соңында барша топтың бишілері өзбек биін топ болып билеп, ерекше көзге түсті. Есеп беру концерті Алмира Нұрлыбектің орындауындағы «Айгөлек» әнімен қорытындыланды. Ашық аспан астында от шашу шашылып, қатысушылар естелік суретке түсті.
Кеште өнерімен көрерменнің жүрегіне жол тапқан балалардың жүздерінен байқалған шынайы күлкі мен балалықтың кіршіксіз жайнаған жүзі адамға ерекше қуаныш сыйлады. Киелі сахна төрінде баласы алғаш рет өнер көрсеткен ата-аналар да қобалжулы күйде тарқасты. Жалпы, бұл кеште біз өнер баланы тәрбиелеудің ең үлкен құралы екеніне тағы да бір көз жеткіздік.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»