Basty bet
«Сотқа дейінгі хаттама», «Экс-аумақтық соттылық» және т.б.
Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Әбуев еліміздің сот жүйесіндегі өзгерістермен және бірқатар тың жобалармен таныстырды
Тәуелсіздік жылдарында елімізде түбегейлі реформаланған саланың бірі – сот жүйесі. Осы 30 жыл уақыт ішінде сот құрылымы мен сот өндірісі жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырады, жекелеген санаттағы істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылды.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары жүз пайыз дыбыс-бейнежазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
Бүгінде елімізде халықаралық-экономикалық соттар, әкімшілік соттар, аса ауыр қылмыстық істер жөніндегі халықаралық мамандандырылған соттар жұмыс істейді. Сот жүйесіндегі көптеген Қылмыстық, Азаматтық, Қылмыстық-процестік, Азаматтық-процестік кодекстер, Еңбек кодексі және басқа да қоғамдық қатынастарды реттейтін заң актілері қабылданды. Бұл процесс әлі де жалғасын табатын болады.
– «Сот төрелігінің жеті түйіні» жаңа бағдарламасы соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгерткен. Оған себеп, бұл реформа жоғарыдан емес, төменнен бастау алды: жобалық менеджменттің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сондай-ақ, сот процесіне қатысушылардың барлығы – адвокаттар, прокурорлар, медиаторлар, заңгерлік қауымдастықтың өкілдері белсене атсалысты. Атап айтсақ, кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсатында кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, сотты әкімшілендіру келушілерге жаңа технологиялар арқылы қызмет көрсете бастады: 2018 жылы соттарда фронт-кеңселер ашылып, келушілер барлық қажетті қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы жедел әрі сапалы алатын болды,- дейді Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Әбуев.
Жалпы елімізде қазір қылмыстық процестерде айыптау сипаты бəсеңдеп, ақтау үкімдерінің саны айтарлықтай өсіп келеді. Ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны былтыр 12 есеге өскен. Егер бұрын жылына 15 адам ақталып шықса, қазір олардың саны 180-ге жетті. Құқық қорғау органдарына жасалған шағымдар екі есеге дейін қанағаттандырылады. Бұл тергеу сапасының жақсаруына да əсер етіп отыр.
Бабырхан Бекболатұлы соттарда цифрландыру деңгейін дамытудың пандемия кезеңінде сот төрелігін онлайн режимде жедел жүргізуге, ал виртуалды сот процесіне қашықтан қатысуға мүмкіндік жасалғанын айтады.
Өткен жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Өңірлерде 21 әкімшілік сот жасақталды. Жаңа соттарға күн сайын азаматтардың мыңдаған істері келіп түсіп жатыр. Меморгандармен әрбір екінші дау-шарда сот азаматтар мен бизнестің қорғаушысы болуда.
Күні кеше көпшілігіміз соттың тараптарды татуластыру әрекетіне онша мән бермейтін. Енді бәтуа іздеу сот жұмысында қалыпты жағдайға айналып отыр. Үш жыл бұрын татуластыру үлесі 10% құраса, өткен жылдан бастап 34% жетті.
– Биылғы жылы еліміздің сот жүйесінде бірқатар тың жобалар қолданысқа енгізіледі. Осындай бірегей жобаның бірі – «Сотқа дейінгі хаттама». Бұл құқықтық институт қолданылатын елдерде даулардың негізгі бөлігі сотқа дейінгі тәртіппен шешіледі. Тараптардың өз дәлелдемелерін алдын ала ұсынуы шиеленістің деңгейін азайтуға мүмкіндік береді..
Сот жүйесіне енгізілген тағы бір жаңа жобаның бірі – «Экс-аумақтық соттылық». Қазіргі кезде сотқа келіп түскен іс ІТ-жүйемен осы соттың судьяларының біріне автоматты түрде бөлінеді. Енді істер республиканың барлық соттарының арасында бөлінетін болады. Мәселен, талапкер мен жауапкер Алматы қаласында болса, ал талап арыз Атырауда немесе Ақтауда қаралуы мүмкін. Бұл жоба сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді инструменті болады деп болжамдалып отыр.
Сонымен қатар, сот актілерінің жобаларын дайындау жөніндегі робот бағдарламасы енгізіледі. Жаңалық тек даусыз, бірақ соттың қарауын талап етпейтін, ал шешімді судья тексеріп, өз қолтаңбасымен куәландыратын істерге ғана қолданылатын.
«Үлгі шешім» жобасының да тиімділігі, Соттарда ұқсас істер өте көп кездеседі. Сондықтан ендігі кезекте жоғары тұрған сот сатысы осындай істердің бірін сұратып алып, ол бойынша жергілікті соттарға бағдар болатын шешім шығаруға құқылы.
Біріздендірілген сот тәжірибесін қалыптастыру үшін «Digital Analytics» бағдарламасы әзірленді. Бұл IT-өнім істің ықтимал нәтижесін болжамдауға бағытталған. Бұл жоба сот процестерінің барлық қатысушыларына пайдалы болады.
2022 жылдың 1 шілдесінен бастап істі кассацияға беру-бермеуді қазіргідей бір судья ғана шешпейді, Жоғарғы соттың үш судьясы ашық отырыста шешетін болады, – дейді Бабырхан Әбуев.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»