Basty bet

Асыл әжелер сынға түсті

Жақында аудандық «Достық мәдениет үйінде «Асыл әжелер» атты аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – отбасы тәрбиесіндегі әженің ықпалы мен немере тәрбиелеудегі тәжірбиені, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Әжелер өнегесінің ерекшелігін ашу.
Байқауға ауылдық округтерден жеті әже қатысып, бақтарын сынады.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Сәлем – сөздің анасы» деп аталып, ақ жаулықты әжелер өзін, отбасын таныстырды. Ал, екінші кезең «Өнерлі отбасы» деп аталды. Бұл кезеңде әжелер отбасымен бірге өз өнерлерін ортаға салды.
Сайыстың «Шебердің қолы алтын» деп аталатын үшінші кезеңінде әжелер ұлттық өнер түрлерін көпшілікке ұсынды. Яғни, жүн сабап, ши тоқып, ұршық иіріп,, күбі пісіп, құрт жасап, қол диірмен тартты.
Сайыс барысында қатысушылардың әрқайсысы үлкен жауапкершілікпен дайындалғаны байқалды.
Әжелердің өнерін аудандық «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жеңісбек Сейтбеков, «Аналар» алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова, «Енелер» алқасының төрайымы Шарифат Каниева бағалады.
Байқаудың нәтижесінде І орынның жүлдесін жетітөбелік әже Шамкүл Қожаназарова қанжығасына байлады. Ал, байқаудың ІІ орнынан шақпақтық Күлсара Көпжасарова көрінсе, ІІІ орны билікөлдік Патшайым Садықоваға және көкбастаулық Бағила Күзембековаға бұйырды.
Сонымен қатар, байқаудың «Өнерлі әже» номинациясы Мыңбұлақ ауылдық округінен сынға түскен Дарихан Сыздықоваға, «Білімді әже» номинациясымен Қарасаз ауылдық округінен Шарипа Даулетбековаға және «Шебер әже» номинациясы қызыларықтық Мейрамкүл Сувалиеваға берілді.
Сайыстың жүлделі орын иегерлері мен қатысушылары арнайы номинациялармен, дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Аудандық жастар
ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close