Basty bet

Береке мен бірліктің символындай…

 
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Бұл тегіннен-тегін айтыла салмаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Қазақстанда қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
 
Көпұлтты халқымыздың ынтымақтастығы, бейбітшілігі мемлекетіміздің басты жетістігі, байлығы. Ал, оны көздің қарашығындай сақтау – біздің басты міндетіміз!
Ұлтаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы, халықтар достығының нығаюы, әсiресе, бiздiң Қазақстан сияқты көп ұлттың өкiлi тұратын, демократиялық жолмен дамып келе жатқан республика үшiн өте қажет.
Осыған орай, біз Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылында тұратын, ауыл тұрғындарымен татулығы мен бірлігі жарасқан Александр Уразовский және оның жанұясы туралы әңгімелемекпіз.
Александр Уразовский 1983 жылы Тасбастау ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі – Анатолий «Рассвет» шаруа қожалығын басқарса, анасы – Светлана өз заманында пошташы болып еңбек еткен екен.
Александр бұрынғы М.Горький атындағы мектепті (қазіргі Т.Әкімов атындағы орта мекеп) бітірген. Жастайынан еңбекке араласып өскен ол, әкесіне кәдімгідей қолғабыс болып, шаруа қожалықтың қыр-сырын толығымен меңгеріп шығады.
Бүгінде ол үлкен қызының есімімен аталған «Алина» шаруа қожалығының жетекшісі. 2014 жылдан бері жұмысты жүйелі атқарып келе жатқан шаруа қожалықтың иелігінде 250 гектар жер бар. Шаруа қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның бесеуі механизатор болса, біреуі аспазшы, ал, төртеуі әртүрлі жұмыспен айналысатын жұмысшылар.
Одан бөлек, Александрдың мал шаруашылығына да ебі бар. Қазірде оның 30 бас ірі қара, 20 бас жылқы және 150 бас қойы бар. Мұның өзі, кейіпкеріміздің еңбекқорлығының арқасы деп білеміз.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, ол мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық жасаудан да қалыс қалған емес. «Мектепке – жол» акциясына қатысып, асарлатып үй салуда, мешітке жылу жүргізу ісі сияқты ізгі істерге біркісідей атсалысатын қолы ашық, мейірімді жан.
Қазақ тілінде өзінің ана тіліндей емін-еркін көсіліп сөйлейтін, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлей білетін орыс жігіті Александрдың жұбайы қазақ қызы Эльвира Наушабаева.
Екеуі бүгінде Максим, Алина, Данил, Светлана, Таися есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіріп отыр. Ұл-қыздары оқуда үздік, Максим футбол, баскетбол үйірмелеріне қатысса, қызы Алина шығыс жекпе-жегі саналатын дзюдомен айналысады. Сондай-ақ, республикалық, облыстық сайыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанып та үлгерген. Медальдары да баршылық.
– «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деп жазушы Әзілхан Нұршайықов айтақандай, жұбайым Эльвира екеуміз балаларымызға адалдықты, адамгершілік қасиеттерді үйретіп, еңбекке баулып өсіріп келеміз. Қазіргі кезде, балалар оқуда үздік әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Тіпті, аудан орталығына ағылшын тілі және математика пәнінің қосымшаларына жаздырып, сабақтарынан қалдырмай апарып отырамын, – дейді Александр.
Иә, Уразовский әулеті сияқты қыз алысып, қыз берісіп өзара құдандалы болып отырған басқа да өзге ұлт өкілдері жетерлік. Олар қазақпен біте қайнасып, бір ауылда тату-тәтті тұрып жатыр. Өз дәстүрін берік сақтап, қазақылықты да қанына сіңіріп келе жатқан осындай әулеттер ауылдағы береке мен бірліктің символындай десекте болады.
Ендеше, ұлт пен ұлысты бір тудың астына жинап, тату тірлікте болашаққа бағыт алған ауданымыз дамудың даңғыл жолына түсіп, елге үлгі боларлық ауданға айнала бергей.
 
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close