Basty bet

Алғыс алған азамат

Округке қарасты Қайрат және Диқан ауылдарында ауыл-аймаққа жанашыр азаматтардың бары әрдайым көңіл қуантады. Ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен ірі шаруа қожалықтардың басшылары үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, ауылдастарына шынайы жанашырлығын да нақты іспен дәлелдеп келеді.
Осындай ұлтжанды әрі ауылға жанашыр, атпал азаматтың бірі – Әбілқасым Әлімбеков. Әбілқасым Дәулетбайұлы қазіргі таңда Қайрат ауылында құрылған «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы болып қызмет атқаруда. Аталған өндірістік кооператив 2020 жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының аясында құрылған. Ауылдағы ең ірі агроқұрылымдардың бірі – «Жуалы-2020» АШӨК 130-дан аса жеке кәсіпкердің басын біріктіріп қана қоймай, қолда бар түрлі ауыл шаруашылығы техникаларының күшімен жергілікті тұрғындарға тиімді бағамен қызмет көрсетіп келеді.
Аталған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз кезегінде ауыл шаруашылығы жағынан тұрғындарға қызмет көрсетіп қана қоймай, бірқатар игілікті істердің де ұйытқысы болуда. Кооператив басшысы Ә.Әлімбеков ауыл-аймақтың ғана емес, қасиетті өңірдегі санаулы жанашыр азаматтардың бірі ретінде көптеген мерекелік, басқа да көпшілік іс-шаралардың демеушісі ретінде де танылып келеді.
Бір ерекше айта кетерлігі, ол аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің жанашыры және тұрақты оқырманы. Ұлт руханиятына және ауданның төл басылымына жанашырлық танытып, аталған газетке жазылым кезінде осымен қатарынан үшінші жыл 20 адамға, оның ішінде, ауылдық округтің еңбек және тыл ардагерлеріне өз қаражатының есебінен басылымға жаздырып беріп, демеушілік танытып жүргені үшін «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Әбілқасым Әлімбековке ауылдық округ әкімшілігінің және тұрғындардың атынан шынайы алғыс білдіреміз.
Жергілікті тұрғындарға адал қызмет көрсетіп, алғыс алып жүрген азаматтың отбасына амандық, қолға алған тірлігіне береке тілейміз!

Мақсат МӘТЕН,
Ақсай ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close