Basty bet

Жаңа Конституция: құқықтық жүйенің жаңа кезеңі басталмақ

Қазақстанда жаңа Конституция жобасының қорытынды және өтпелі ережелері қоғам назарын ерекше аударып отыр. Жобаның 94-бабына сәйкес, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал осы уақытқа дейін қолданыста болған Конституцияның күші сол күннен бастап тоқтатылады.
Бұл норма – құқықтық айқындықтың маңызды кепілі. Кез келген конституциялық өзгеріс мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесіне әсер етеді. Сондықтан нақты мерзімнің белгіленуі заңнамалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. 1 шілдеге дейінгі кезең мемлекеттік органдарға қолданыстағы заңдарды жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіруге, ал қоғамға алдағы өзгерістерге дайындалуға жағдай жасайды.
Жаңа Конституцияның референдум арқылы қабылдануы – оның халықтық сипатқа ие екенін көрсетеді. Бұл – азаматтардың елдің негізгі заңын бекітуге тікелей қатысуы. Мұндай тәсіл құжаттың легитимділігін арттырып, қоғамдық сенімді нығайтады.
Сонымен қатар, Конституция қабылданған күннің мемлекеттік мереке болып жариялануы – оның тарихи маңызын айқындайтын қадам. Ата Заң – мемлекеттің іргетасы. Сондықтан оны қабылдау күні ұлттық деңгейдегі айтулы датаға айналуы заңды. Бұл күн алдағы уақытта құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін нығайтуға қызмет етуі тиіс.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі – тек заңдық өзгеріс емес, ел дамуының жаңа парағының ашылуы.

Таңдаулы материалдар

Close