Basty bet

Жаңа Конституцияны түсіндіру жалғасуда

Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын кеңінен түсіндіру және оның негізгі бағыттарын халыққа жан-жақты жеткізу мақсатындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аудан көлемінде жүйелі түрде жалғасуда. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызын түсіндіру бағытында түрлі сала өкілдерімен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, қоғамның саяси-құқықтық реформаларға белсенді қатысуына ерекше назар аударылуда. Бұл жұмыстар ел дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік басқаруды жетілдіру мен азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Осыған байланысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы аудандық төтенше жағдайлар және №7 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерімен, №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымымен және аудандық орталық аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Аталған бөлімде өткен жиында Конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызы кеңінен баяндалды. Аудан әкімі өз сөзінде Конституция – мемлекетіміздің іргетасы, ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығының кепілі екенін атап өтті. Жаңа редакциядағы өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нақтылауға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғаны айтылды. Сонымен қатар, адам өмірі мен қауіпсіздігі басты құндылық ретінде айқындалатынын ерекше атап өтті.
Ал, кезекті №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте ұстаздармен өткен кездесуде білім беру саласына қатысты конституциялық нормалар кеңінен талқыланды. Жаңа Конституция жобасында әрбір азаматтың сапалы білім алуға құқығы, балалардың құқықтарын қорғау және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері кеңінен қамтылғаны айтылды.
Сондай-ақ, аудандық орталық ауруханада ұйымдастырылған жиында денсаулық сақтау саласына қатысты өзгерістер сөз болды. Конституция жобасында азаматтардың медициналық көмекке қол жеткізу құқығы, әлеуметтік кепілдіктер мен қоғамдық әділеттілік қағидаттары нақты көрініс тапқаны атап өтілді. Бұл нормалар халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені жеткізілді.
Түсіндірме жұмыстары барысында жаңа Конституция жобасының құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктері таныстырылып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайту мәселелеріне басымдық берілгені сөз болды.
Жаңа Конституция жобасы – әділетті, құқықтық әрі демократиялық мемлекет құру жолындағы маңызды әрі тарихи қадам. Ол ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, әрбір азаматтың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға берік негіз қалайтыны даусыз.

Таңдаулы материалдар

Close