Basty bet
Жастары білімді елдің болашағы жарқын
Аға буын өкілдері оқушы жастарды жақсы оқуға шақырды
«Адамның адамшылығы – ақыл,
ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан
болады».
Абай Құнанбайұлы
Балаға жақсы тәрбие беру, жастарды отаншыл, патриот етіп өсіру ғасырлар бойы қалыптасқан үдеріс болып табылады. Сондықтан бұл мәселеге келгенде қателесуге жол беруге болмайды. Әсіресе, жас ұрпақтың тәрбиесі бүгінде өте өзекті болып отыр. Оның өзіндік себептері де жоқ емес…
Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етіп отыр. Себебі, жас ұрпақтың тәрбиесі ұлт болашағы, еліміздің келешегіне де әсер ететін құбылыс. Осы орайда: «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналық сөздің астарында көп мағына жатқанын жазбай тануға болады. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз жас ұрпақтың тәрбиесіне келгенде, оларды көбінесе ұлттық тәрбиемен тәрбиелеп, еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын халықтық салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген.
Аудан мектептерінде тәрбиені ширату және оқушыларға заң және заман талаптарын түсіндіруге байланысты аудандық сот пен аудандық билер кеңесінің мүшелері өткен аптадан бастап аудан орталығына жақын мектептерге барып, оқушылармен кездесулер ұйымдастыруда. Кеше топ мүшелері аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның жоғары сынып оқушыларымен тағылымды кездесу ұйымдастырды.
Тағылымды деп отырғанымыздың да өзіндік себебі бар. Онда ауданға танымал азаматтар, көпті көрген аға буын өкілдері оқушыларға өмірден көрген-түйгендерін, байқағандарымен бөлісіп, тәрбиенің негіздерін түсіндіре отырып, мемлекет және заман тынысын дөп басқан қызықты әңгімелер айтып, жалпы оларды жақсы азамат болуға шақыру үстінде. Мұндай кездесулер бұған дейін аудан орталығымен іргелес жатқан Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде, Б.Момышұлы ауылындағы №29 ОМ-да, сонымен қатар, №1 мектеп-гимназияда өткізілген болатын.
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның акт залында жоғары сынып оқушыларымен болған тағылымды кездесуді аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев ашып, жалпы кездесудің мақсат-міндеттеріне тоқтала келе, бұл кездесудің оқушы жастардың тәрбиесіне арналып отырғанын айтып, жалпы тәрбие мәселесіне тоқталды.
Кездесуде сөз алған аудандық билер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сағындық Тоқбергенов, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры, Б.Момышұлы ауылы бойынша билер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті ардагері Шора Ысқақов, 1 наурызда елімізде аталып өтілетін Алғыс айту күні мерекесінің маңызына тоқталып, адамдар бір-біріне үнемі алғыс айтып жүргенде ғана өмірдің мәнді болатынын айтып, оқушы жастарды жаңа заманның білімі мен ғылымын игеріп, жақсы азамат болып қалыптасуға шақырды.
Келесі кезекте Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы көпшілік» мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбек діннің тәрбиедегі рөлі, қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеудегі халықтық дәстүрлері, ата-баба салты туралы кеңінен ой толғады.
Өңірімізге белгілі дін қайраткері Сейітқазы қажы өз сөзінде, жастардың тәрбиесі туралы кеңінен сөз қозғай келіп, ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерінен, даналық ойларынан, даңқты қолбасшы, Батыр тұлға Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерінен, қазақтың басқа да би-шешендерінің сөздерін, сонымен қатар, қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың поэзиясынан мысалдар келтіре отырып кездесу тақырыбын тереңірек аша түсті. Имамның сөзіне ұйыған оқушылар оның қызықты әрі мысалдармен, шешендік сөздермен шебер келтірілген әңгімелерін аса ықыласпен құлақ қоя тыңдағандары анық.
Еңбек ардагері Сапарбек Байсеріковтың де оқушы жастарға қарата айтқан сөздері мен аталық ақ батасын да оқушылар жылы қабылдады.
-Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Мұны біз құр сөзбен емес, жан-тәнімізбен, ақыл-сана, жүрегіңізбен сезіне білуіміз қажет. Отанды, елді, жерді, халықты, ата-анамызды, туған-туысты жақсы көріп, құрметтегенде ғана Сіздер жақсы азамат бола аласыздар. Жүректе Отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен махаббат болмайынша, шынайы патриот боламын деу, бекершілік.
Қазір жаңа ғасыр, жаңа технологиялардың қарыштаған заманы. Былайша айтқанда, болашақ жастардың қолында. Жаңа заманның бір элементі ретінде заманауи смартфондарды айтуымызға болады. Қазір бәрімізге кез келген ақпарат қолжетімді. Бірақ, таңдау жасау адамның өз еркіндегі шаруа. Интернетте пайдалы дүниелермен қатар, жастарды жаман әдеттерге шақыратын, жалпы жамандыққа баулитын бейнекөрсетілімдер көп. Ақпарат алғанның жайы осы екен деп, жалған ақпарат берушілердің, адамды азғырушылардың сөзіне оңай еріп кетуге болмайды. Интернеттің тек жақсы жағын ғана алуларың қажет. Сонда ғана жақсылыққа қарай қадам басасыңдар.
Сендердің болашақтарың әлі алда. Талай қызықпен де, талай қиыншылықпен де бетпе-бет келесіңдер. Ондай сәттерде барынша шыдамды, сабырлы болуларың қажет. Адамдар бір-біріне кешірімді болғанда ғана өмір де қызықты, мәнді бола түседі. Сондықтан, жүректеріңе имандылықты орнатып, саналарыңа жақсы дүниелерді сіңіргенде ғана жақсы азамат боласыңдар, айналайын. Барлығыңның жақсы азамат болуларыңа аталық ақ батамды беремін,- деді еңбек ардагері өз сөзінде.
Кездесу соңында сөз алып, тағылымды кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан мектептерінде жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне байланысты осындай кездесулер өткізгені үшін, жалпы тәрбие жұмыстарына белсене араласқаны үшін аудандық соттың төрағасы Бабырхан Бекболатұлына және аудандық билер кеңесінің мүшелеріне өңір басшылығы атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін иеленген мектеп-гимназияда өткен кездесудің жөні бөлек, тағылымы ерек болғанын баса айтып, жастар тәрбиесіне тұтас қоғам болып атсалысу қажеттігін де атап өтті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»