Basty bet

Отбасылық құндылықтар – қоғам тұрақтылығының негізі

Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды айқындайтын отбасылық құндылықтар мен дәстүрлі дүниетанымды дәріптеудің маңызы артып келеді. Өйткені, отбасы – адам өмірінің алғашқы мектебі, ал бала тәрбиесі мен ата-анаға деген құрмет – қоғамның рухани іргетасы. Отбасын құру, бала тәрбиелеу, ата-ана мен баланың бір-біріне қамқор болуы тек заңмен реттелетін міндеттер ғана емес, халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесінен бастау алатын табиғи құндылықтар. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған 30-бабында белгіленген ата-ана мен баланың өзара жауапкершілігі ерекше мәнге ие. Атап айтқанда, балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болса, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.

Бүгінде елімізде отбасы институтын нығайтуға, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ресми деректерге сүйенсек, ер мен әйелдің одағын сақтап, отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында республика көлемінде 160 Отбасын қолдау орталығы тұрақты жұмыс істейді. Аталған орталықтар жыл басынан бері түскен 50 мыңнан астам өтінішті қарап, 43 мыңға жуық отбасына түрлі бағытта кеңес берген. Сонымен қатар, шаңырақ көтеруге ниетті жастар мен жұптарға арналған әдістемелік құрал әзірленіп, отбасылық өмірге дайындық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағыттағы жұмыстарды жергілікті жерде жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 14-тармағына сәйкес «Отбасылық құндылықтар және Конституция» тақырыбында отбасылық форматтағы конкурс ұйымдастырды.
Конкурстың басты мақсаты – халықтың, әсіресе жастар мен балалардың құқықтық мәдениетін арттырып, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген отбасы мен неке институтына қатысты нормаларды кеңінен түсіндіру. Сонымен қатар жас ұрпаққа өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттігін ұғындыру, отбасындағы жауапкершілік пен өзара құрметті нығайту.
Байқау талаптарына сәйкес, қатысушылар өз бейнероликтері мен шығармашылық жұмыстарында балалардың құқығы мен цифрлық ортадағы қауіпсіздігі, ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, Конституция және отбасы құндылықтары, сондай-ақ «Заңды білу – қауіпсіз өмірдің кепілі» тақырыптарын қамтуы тиіс болды.
Аталған конкурсқа барлығы алты отбасы қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Конкурс форматына сәйкес, әр отбасы ұзақтығы 1-3 минут аралығындағы бейнеролик дайындап, арнайы хэштегтермен әлеуметтік желілерде жариялады. Қатысушылар өз жұмысында заң талаптарын түсіндірумен қатар, отбасыдағы өзара сыйластық, ата-анаға құрмет, бала қауіпсіздігі және құқықтық сауаттылықтың маңызын шығармашылық тұрғыда жеткізуге тырысты.
Байқауға ұсынылған бейнероликтер өткен аптаның жұма күні аудан әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығында» арнайы құрылған комиссия мүшелерінің назарына ұсынылды. Комиссия мүшелері қатысушылардың шығармашылық жұмыстарын мұқият қарап, әр бейнероликті белгіленген талаптарға сәйкес бағалады. Атап айтқанда, тақырыптың ашылуы, жұмыстың мазмұны мен өзектілігі, креативтілігі, сондай-ақ, Конституция нормалары мен заң талаптарын түсіндіру деңгейі басты назарға алынды.
Конкурс қорытындысында комиссия мүшелерінің шешімімен І орын Шақпақ ауылдық округінен қатысқан Қазыбек Тілембайдың отбасына бұйырды. Ал, ІІ орын Көкбастау ауылдық округінің тұрғыны Ержан Ибрагимовтің отбасына берілсе, ІІІ орынға Қошқарата ауылдық округінен қатысқан Жеміскүл Тәжібаеваның, яғни, Назарбековтер отбасы ие болды.
Конкурста белсенділік танытып, өз шығармашылық жұмыстарымен ерекшеленген отбасыларды марапаттау рәсімі апта басында өтті. Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жүлдегерлерге марапат табыстап, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған осындай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close