Basty bet
Ақ халаттылар ауызбіршілікпен қызмет атқарып келеді
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дәрігерлер қауымына арнаған жырында: «Кәсібіңе мен сенің басымды ием, Басымды ием, несіне арланайын» деп ақ халатты абзал жандардың еңбегіне ерекше құрмет білдіргенін жақсы білеміз. Расында да, дәрігер мамандығы – жауапкершілігі мол, адам өмірімен тікелей байланысты қастерлі кәсіп. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы саланың дамуына бүкіл ғұмырын арнап келе жатқан жандар аз емес.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясына арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстық.
Заманауи талапқа сай салынған Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты ауыл тұрғындарының игілігіне 2023 жылы пайдалануға берілген болатын. Бүгінде бұл медициналық мекеме Қаратас, Кәріқорған, Қоңыртөбе және Тасбастау ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Амбулатория тіркелімінде жалпы саны 2600 тұрғын бар.
Өткен жылдан бері мұнда жалпы тәжірибелі дәрігер Данияр Тұрабеков қызмет атқарады. Ол еңбек жолын Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бастап, кейін Күреңбел ауылына ауысқан. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман аз уақыттың ішінде тұрғындардың сенімі мен алғысына ие болып үлгерген.
Амбулатория есебінде 0-1 жас аралығындағы 34 сәби, 1-5 жас аралығындағы 224 бала, 14 жасқа дейінгі 459 бала және 18 жасқа дейінгі 228 жасөспірім тіркелген. Биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында 34 ана босанса, қазіргі таңда 17 жүкті әйел есепте тұр.
Диспансерлік есепте 413 тұрғын бар. Олардың басым бөлігін артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен ауыратын азаматтар құрайды. Әсіресе, бір жасқа дейінгі және бес жасқа дейінгі балалардың денсаулығы тұрақты бақылауда ұсталады.
Жүкті әйелдер мен босанатын аналар денсаулық жағдайына қарай аудандық және облыстық деңгейдегі перзентханаларға жолданады. Сонымен қатар, амбулаторияның жұмыс жоспарына сәйкес, тұрғындардың арасында түрлі скринингтік тексерулер тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Атап айтқанда, қан айналымы жүйесі ауруларын, тоқ ішек обырын, жатыр мойны обырын, сүт безі обырын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауға бағытталған скринингтік тексерулерден тұрғындардың жас ерекшелігіне сәйкес шамамен 50 пайызы өткен. Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық тексерулер аурудың алдын алуда және оны ерте кезеңде анықтауда ерекше маңызға ие.
Амбулатория аумағында бала туу жасындағы, яғни 15 пен 49 жас аралығындағы 566 әйел есепте тұр. Олардың денсаулық жағдайы да тұрақты бақылауға алынған.
– Соңғы жылдары аймақта тұрғындардың аурушаңдық деңгейінің төмендегені байқалады. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің ауыл тұрғындары арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану мәдениетін насихаттау және дене белсенділігін арттыру бағытында жүргізіп отырған түсіндіру жұмыстарының маңызы зор, – дейді аға дәрігер Данияр Тұрабеков.
Дәрігерлік амбулатория «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Тұрғындардың электронды денсаулық паспорттары базаға енгізілген. Бүгінде тұрғындар смартфондарына «DamuMed» мобильді қосымшасын орнатып, дәрігер қабылдауына онлайн жазылу, медициналық кеңес алу секілді қызметтерді тиімді пайдаланып келеді.
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін науқастардың дәрілері аудандық орталық ауруханадан осында ай сайын жеткізіледі. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектерді алу тәртібі де жүйеленген.
– Диспансерлік есепте тұратын азаматтардың басым бөлігі егде жастағы адамдар. Амбулаторияда бір жедел жәрдем көлігі бар. Тұрғындарға медициналық көмекті уақтылы көрсетуге барлық мүмкіндік жасалған, –дейді дәрігер.
Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясы бір ауысымда 25 адам қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар, мұнда үш төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді. Онда түске дейін үш, түстен кейін тағы үш науқас ем қабылдай алады.
Данияр Айдарұлы аптасына үш рет Тасбастау, Кәріқорған және Қоңыртөбе ауылдарына барып қабылдау жүргізеді. Қалған жұмыс күндерін Күреңбел ауылындағы амбулаторияда өткізеді.
Мекемеде тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ғимарат жарық әрі кең, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда акушерлік кабинет, егу бөлмесі, қан қысымын, бой мен салмақты өлшейтін құрылғылар жұмыс істейді. Науқастардан жалпы қан және несеп талдаулары алынып, оның қорытындылары аудандық орталық аурухананың зертханасында анықталады.
Денсаулық сақтау мекемесінде дәрігерден бөлек бір акушер, бір аға медбике, бес учаскелік медбике, зертхана қызметкері және басқа да кіші буын қызметкерлері еңбек етеді.
– Біз үшін ең бастысы – халық денсаулығы. Сондықтан тұрғындардың уақтылы тексеруден өтіп, денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ерекше мән береміз. Бұл бағытта учаскелік медбикелер тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар, амбулаторияға Қаратас, Тасбастау, Қоңыртөбе және Кәріқорған ауылдарының тұрғындары келіп қаралады. Аталған елдімекендерде медициналық пункттер жұмыс істейді. Онда бір медбике, тазалықшы және қарауыл жұмыс істейді, –дейді аға дәрігер.
Шынында, әрбір тұрғынның денсаулығын басты назарда ұстайтын медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен. Ақ халатты абзал жандардың күнделікті жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұжымда ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар да аз емес.
– Мекеме мамандарының көпшілігі еңбек жолын осы жерден бастаған. Кейбірі осы ауылдың тумалары. Әр қызметкердің ұжымдағы орны ерекше. Олар өз міндеттерін жетік біледі және тұрғындармен жақсы қарым-қатынас орната алады,– дейді Данияр Айдарұлы.
Ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықтың арқасында Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясы алдағы уақытта да тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында табысты еңбек етіп, келушілерге сапалы медициналық қызмет көрсете бермек.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»