Basty bet
Татулықты тұмар еткен отбасы
Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – ең басты байлығы. Қазақ халқы — ержүрек, достыққа адал, бауырмал, әрі қонақжай халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген өзге ұлттардың бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қиын уақытта қол ұштарын созып, бір үзім нанды бөліп жеді. Осылай, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекетке айналды. Бүгін елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Бейбітшілік пен бірліктің берекелі ордасына айналған ел іргесінің берік болуы ондағы өмір сүрген әр шаңыраққа байланысты. Өңірімізде тәуелсіз еліміздің тірлігіне тілеулес болып, Қазақстанды туған Отанындай санайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар жетерлік. Бір шаңырақтың астында бір ұлттың баласындай болған олар өзара түсіністікпен, сыйластықта өмір сүруде. Солардың бірі – Қожабаевтар отбасы.
Отағасы Төлеген Әмірбекұлы осыдан 36 жыл бұрын неміс қызы Галинаға ғашық болып, шаңырақ көтереді. Екі ғашық содан бері бірге. Галина апай мұсылман дінін қабылдаған. Тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасы бір қыз бала тәрбиелеп отырған бірлігі жарасқан бақытты жандар. Қыздарының есімі – Диана. Ол аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы білім ордасын аяқтап, қазіргі таңда Тараз қаласындағы колледжде білім алуда. Осы ауылға көшіп келген ерлі-зайыптылар жергілікті халықпен сіңісіп, ел игілігі жолында еңбек етуде. Әке мен ананың ұлағатын тыңдап өскен олар үшін отбасы құндылығы бірінші орында.
– Біздің шаңырақта береке мен бірлік бұлжымас қағида. Түрлі ұлттан болсақ та ешқандай түсінбеушілік болған емес. Дәстүрлерімізде айырмашылық бар. Бөліп-жармай барлығын да атап өтеміз. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны, – дейді Төлеген Қожабаев.
Галина апай мемлекеттік тілді білу елімізде тұратын әрбір азаматтың міндеті деп санайды.
Жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсінік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Ендеше, 36 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Төлеген Әмірбекұлы мен Галина Ивановнаның шаңырағынан шаттық кетпесін дейміз.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»