Basty bet

«Қасиетті Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік әскер қатарында қалыптасады»

Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен туған жер мен туған ананы қорғауға байланысты биік азаматтық әрі патриоттық сезімдермен тығыз байланысты болғаны анық. Ал Отанға деген сүйіспеншіліктің бастау-бұлағы қайда жатыр?! Әлбетте, әсіресе ер азаматтың рухты да патриот, елжанды болуы туған жерді сүйіп, ата-ананы қадірлеумен тығыз байланысты екені дау тудырмайды. Қазіргі жастардың бойында биік патриоттық сезімді қалыптастыру – барлығымызға ортақ міндет болып табылмақ…
Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл толып отыр. Бұл жылдары Қазақстанда ел мен жердің тұтастығын сақтап, Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, армияның айбынын асқақтату бағытында бірқатар жүйелі жұмыстардың қолға алынғанын жақсы білеміз.
Ал Кеңестік кезеңде Отан күзетінде болған аға буын азаматтардың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге байланысты айтары да өте мол екенін жақсы білеміз. Әскер қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін туған өңірдің гүлденіп, дамуына сүбелі үлес қосқан жуалылық азаматтың бірі – Шәкіржан Мамаджанов. Еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері Шәкіржан Хаджиұлы қасиетті Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасында басталып, әскер қатарында мықтап қалыптасатынын айтады.
-Біздің сарбаз атанып, әскер қатарында болған кезіміз өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғы, 70-ші жылдарының басы болатын. Ол тұста аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы (военком) Ботабай Ташбулатов деген кісі еді. Бізді аудан орталығынан әскерге алып кетті де, облыс орталығында бір күн қондық та, ескі Икарус автобусымен Алматыдағы 70-ші разъезге алып барды. Сол жерде әскери бөлімдер бар екенін барған соң білдік. Әлі есімде, бұл мамыр айының іші болатын. Сондағы әскери бөлімдердің бірінде жас жауынгерлердің курсынан сүрінбей өткен біз саптық жүріс, т.б. үйрендік деуге болады. Бір айдан аса уақыт әскери дайындықтан соң жас сарбаздармен бірге әскери ант қабылдадым. Содан көп уақыт өтпей бізді эшелонға тиеп, қазіргі Ақмола облысына тобымызбен алып кетті. Бұрынғы Целиноград облысының Атбасар қаласында түнгі мезгілде түскен жас жауынгерлер аталған қаладан ары қарай 25 шақырым қашықтыққа жаяу жолға шықтық. Арқамызда ас-тамақ, әскери форма, т.б. салынған үлкен қапшық-сөмкеміз бар. Күн ыстық. Жаяулатып жүріп келеміз. Жолда Есіл өзенінің суына түсіп, шомылып алғанымыз бар. Бір кезде артымызға қарасақ, жап-жаңа жүк көліктері қаз-қатар тізіліп келеді екен. Ертеңіне арнайы бұйрықпен барлығымызға ГАЗ-93 маркалы бір-бір жүк көлігін берді. Біз онда 4904 әскери бөлімінің сарбазы атанып қойғанбыз. Содан барлығымызды жинап алып, осы көліктерді тізгіндеп Целиноград облысының Атбасар ауданына қарасты «Мариновский» деп аталатын астық совхозына барып, бидай тасуға қатысасыңдар деген бұйрық берілді. Бұл совхоз Атбасар қаласынан 100 шақырым қашықта орналасқан екен.
Алдымен біз астық піскенше, тобымызбен мал азығына қажетті жүгері сүрлемін тасуға қатыстық. Кейіннен астық тасымалдауға кірісіп, бидайды алдымен қырманға алып келеміз. Одан ары қарай Целиноград облысы мен Қостанай облысының шекарасындағы элеваторға апарып төгіп, совхозға қайта келеміз. Кейіннен астық тасуға әбден машықтанған бізді Талдықорған облысының Сарқан ауданына алып барды. Бізді ол жақта алқап басынан қант қызылшасын тасуға жұмылдырды. Қызылшаны бітіргеннен кейін алғашқы қар да жауа бастады. Бұл қараша айы болатын. Содан қысқарта айтқанда, біздің бөлімнің 10 бірлік жүк көлігін Алматы маңынан Жуалыдағы «КазСельхозТехника» мекемесі алып кетті. Содан ары қарай нағыз әскери қызметіміз басталып кетті,- дейді Шәкіржан Мамаджанов.
Кейіпкеріміз әскери борышын өтеген әскери бөлімдегі сарбаздарды Атбасар қаласынан жүк пойызымен Өзбекстан Республикасының Термез қаласына алып келеді. Бұл Ауғанстанның шекарасында әскери бөлімдер көптеп орналасқан екен. Мына жағы Түркіменстанның шекарасы. Содан олар жүк көліктерімен Амудария өзенінің көпірінен өтеді. Термезде бір айдай болған сарбаздар жан-жаққа бөлініп, жол-жөнекей жолдастарымен қоштасып, Шәкіржанның тобы Түркіменстанның Казанжик деп аталатын шағын қаласында орналасқан әскери бөлімге түседі. Медициналық-санитарлық батальонға түскен жас сарбаз ары қарай да әскери борышын адал атқаруға кіріседі. Айта кететін болсақ, бұлардың батальоны медициналық-санитарлық аурухананы азық-түлікпен, т.б. керек-жарақтармен қамтамасыз етуді міндетіне алған. Қатардағы жауынгерден аға азвод командирі дәрежесіне көтерілген Шәкіржан Мамаджанов онда да көлік жүргізуші қызметін абыроймен атқарып, әскери бөлімге көршілес аудандардан азық-түлік тасымалдаумен айналысады. Сонымен қатар, әскери дайындық қызметін де қоса алып жүреді. Кейіннен жаздың алғашқы айларында Қазақстанның тың игеру өлкесіне астық тасымалдауға қайта аттанып, содан олар Қостанай облысының Ленин ауданындағы астық совхоздарында астық алқабынан элеваторларға бидай тасымалдауға қатысқанын әлі күнге дейін мақтаныш етеді. Үшінші жылы олар Солтүстік Қазақстан облысының «Целинный» деп аталатын совхозында болып, үздіктердің қатарында еңбек етіп, Түркіменстандағы әскери бөліміне қайта оралады.
Иә, бір адамның өмірі бір кітапқа жүк болатыны анық. Сондықтан қысқарта айтсақ, бүгінде ел құрметіне бөленіп келе жатқан еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджановтың әскердегі үлгілі қызметі туралы көп айтуға болады. Ол әскерде болған жылдары спортпен де тұрақты шұғылданғанын айтады. Ауыр атлетикамен, оның ішінде штанга көтерумен, белтемірге тартылудан, сонымен қатар, күрес түрлерімен де шұғылданып, бірқатар жетістікке жеткен. Жастайынан спортпен айналысқаны оған кейінгі өмірінде де көп пайдасын тигізді. Кейіпкеріміздің Отан қорғаушы жас буынға да айтары мол.
-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басты бағытының бірі – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін дамыту болып табылады. Отанға адал қызмет етіп, оны қорғайтын білікті сарбаздар мен білімді кадрлар бізге ауадай қажет. Сондықтан жастарды отбасынан бастап, мектеп қабырғасында осындай патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы зор. Жастар Отаншыл және елжанды болса, келешекке алаңдаудың қажеті жоқ. Қазір ел ішінде өз ісіне берілген, бір сөзбен айтқанда, шын шебер, Отан мен туған елге жанашыр жастардың қатары өте көп. Біз соларға қарап қуанамыз. Әрдайым Отанның іргесі бүтін, елдің іші мен сырты аман, қасиетті бойтұмарымыз болған Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын,- деген аталық ақ тілегін де қоса жеткізді еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджанов.
1969 жылы әскерден келген соң аудан орталығындағы автобус паркіне («Бурненская» ПАТП») механик болып қабылданады. Онда Жамбыл, Шымкент, Қаратау және Жаңатас қалалары бағытына, одан бөлек, ауданға қарасты ауылдарға автобус жүргізіп, жолаушы тасымалының сапалы атқаруылуына өз үлесін қосады. Автобус паркінде механик, партия ұйымының хатшысы, гараж меңгерушісі, т.б. басқарушылық салада абыройлы жұмыс істеген Ш.Мамаджанов, кейіннен аудандық электр желілерін тарату мекемесінде еселі еңбек етіп, зейнет демалысына шаққан. Қазір қасиетті өңірдің ардагерлер қозғалысына, жергілікті этностар арасында достық пен ынтымақтастықты арттыруға белсене атсалып келеді. Отанға адал қызмет етумен бірге, туған өңірдің дамуына үлгілі қызмет атқарған бірегей азамат өмірінің бір парасы міне, осындай…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close