Basty bet

Кәсіпкердің адалдығы, ісінің берекетінен көрінеді

Қыркүйектің 1-інде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа дәстүрлі Жолдауы жасалды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылы халыққа арналған дәстүрлі Жолдауында ауылдың әлеуетін көрсеткен болатын. Президент қоғамды алаңдатқан мәселелерді дөп басты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, сумен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және отандық өнімнің үлесін арттыру мәселелерін ашып көрсеткен еді. Расында, ауыл – берекенің құтты ордасы. Бұрындары қаланың мүмкіндігі көпті қызықтырғаны жасырын емес. Ал қазір ауылдан береке тапқысы келетіндер қатары артқан.

Ауылдың әлеуетін көтеруге септігі тиіп отқан еңбекқор азамат Нарқозы Наурызқұлов мал басын көбейтіп, өз кәсібін дамытып отырған жандардың бірі. Кәсіптің көзін тауып, ісін өрге домалататын еңбекқор адамдар жайлы газетіміздің әр нөмірінде жазып келеміз. Үкіметтің елге берген үлесін кәдеге жаратып, еңбектің тәтті дәмін татқан Нарқозы Жайдақұлы жайында мақалада кеңірек тарқатып жазуды жөн көрдік. Бейбіт қоғамда бейнетшіл пендеге қандай кәсіппен айналысамын десе де қолайлы жағдай жасалған. Кәсібін өркендетіп талай жанды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтар ауданда жетерлік. Солардың бірі «Шымтас» шаруа қожалығы.
Қожалық иесі 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 20 млн теңгеге 110 бас ірі қара сатып алған. Содан бері кәсіпкердің кәсібі жанданып келеді.
Жалпы қазіргі таңда «Шымтас» шаруа қожалығында 110 бас ірі қара малы бар.Оған қоса таза қанды қазақы жабы асыл тұқымды 100 бас жылқы малы әкелінген. Одан бөлек бүгінде уақ малдың өсімі 500 басқа жетіп отыр. Шаруа қожалықта үш адам заңды түрде жұмыс істейді. Жұмысшылар өз ісін бірнеше жылдардан бері ойдағыдай атқарып келеді. Олардың әрқайсысын өз ісіне жауапты, нағыз еңбек адамдары деп айтуға болады. Мұнда жыл сайын төрт түліктің саны көбейіп, ата кәсіптің тасы өрге домалап келеді. Мал өсірумен қатар диқандық кәсіпті қатар алып жүрген шаруашылықта 200 гектар жері де бар. Сондай-ақ 40 гектар жерге мақсары және жоңышқа, 60-70 гектар жерге арпа бидай өнімдері егіледі екен. Ал кәсіптің көзін тапқан жан өз шаруа қожалығы жайлы былай дейді:
– Қазақ жастары ата кәсіппен айналысуы керек. Адам баласы өзіне сеніп, еркін өмір сүргені дұрыс. Бізге көп жағдайда батылдық жетпей жатады. Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар. Сондықтан шаруаның адамы боламын, кәсіп бастаймын дегендерге «қорықсаң, бизнеске барма, кәсіп оңай емес» дер едім.
Расында, оның жауапкершілігі мол.Ұры-қары болады, далада ыстық-суықта жүресің, соған төзу керек. Сонда ғана сен шыңдаласың. Мына бейбіт заманда тірлік жасап, адал еңбектенсең ғана тірлігіңнің нәтижесін көресің. Шаруаның адамдары адал еңбектенсе оның жемісін міндетті түрде жейді. Ал біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр. Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамыту, сондай-ақ малдың санын арттыру. Мемлекет тарапынан да қандай да бір қолдау болса, кәсібіміз бұдан әрі жанданар еді,– дейді кәсіпкер.
Мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруаның қай түрі болса да ширайтыны рас. Бастысы еңбек ету керек. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Ендеше, біз де бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Шымтас» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – халық қамы. Осы ретте әлеуметтік дүкендердің септігі мол. Мұндай нысандар тұрғындардың қалтасын қақпай, тұрмысын түзеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатты көздеген Нарқозы аға былтыр күзде «Әлеуметтік дүкен» ашты.
Әлеуметтік дүкеннің өзге азық-түлік дүкендерден ерекшелігі – халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік өнімдерін төмен әрі белгіленген бағада сатуы. Дүкеннің төріндегі сөреде тұрған азық-түліктер расымен базар бағасынан әлдеқайда арзан. Онда аса қажетті қант, тұз, макоран, тауық еті, сұйық май, картоп, сәбіз, жуа сынды түрлі азық-түлік бар.
Нақтырақ айтатын болсақ, мұнда картоптың келісі 80 теңге, жуаның келісі 80 теңге, 5 литрлік майдың бағасы 2 500 теңгеден. Дүкенге келушілердің қатары көп. Себебі, тауарлардың құны қалтаны қақпайды. Қарапайым халықтың игілігі үшін ашылған дүкенге жергілікті тұрғындар дән риза.
-Былтыр күзде бағаны тұрақтандыру мақсатында “Тараз” АШӨК бізге қаржылай көмектескен. Қазіргі таңда елге аянбай қызмет етіп жатырмыз. Бағамыз базар бағасынан төмен,- дейді кәсіпкер.
«Нан болса, ән де болатынын» көкейіне құйып алған, жеке кәсіпкер сауда нүктесі жанынан наубайхананы да іске қосып отыр. Қиындыққа мойымай, келешектен үміттенген кәсіп иесі жыл өткен сайын алға қарыштап дамып келеді. Олай болары да заңдылық, өйткені күні-түні осы шаруаның соңында жүр. Тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген. Наубайхана қуаттылығы күніне 500-600 дана бөлке, тандыр нан пісірсе, бөлкенің әр данасын100 теңгеден сатады. Қарасаз ауылдық округінен Қошқарата ауылдық округінің дүкендеріне қолжетімді бағада ыстықтай нандарды жеткізіп беріп отырады. Кәсіпкер 10 тоннаға дейін ұнды «Ақсарай» ұн комбинатынан ай сайын төмен бағамен алады. Нан пісіруге қажетті қоспалардан да тапшылық жоқ көрінеді. Сондай-ақ ауданның бес тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Иә, «Еңбек түбі – бейнет емес, зейнет» деген осы болса керек. Кәсіпкер өнімдеріне деген сұраныстың ұлғаюына байланысты алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір нанның екі түрі, яғни тандыр мен бөлке ғана пісірсе, келешекте өнімнің бірнеше түрін шығаруға ниетті. Ойы жүзеге асып жатса, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту ойында бар. Қосымша жұмысшы мен нан пісіретін құрал-саймандар алып жатса, қазіргі ғимарат тарлық етеді.
Әрине талаптанып отырған іскер азаматқа қаржылай көмек демеу болмаса, артық болмайтыны белгілі. Өйткені нан илейтін миксер, тандыр пеш секілді наубайхана құралдары қыруар ақша тұрады екен. Сондықтан кәсіпкер ойының орындалатынына күмәніміз жоқ, ең бастысы, Нарқозы ағаның сүйікті ісіне деген сенімі мен іс-әрекеті нық. Олай болса, қол қусырып, қарап қалмай, еткен еңбегінің жемісін көріп, кезіккен қиындыққа тайсалмай, шаруасын дөңгелетіп отырған Нарқозы Наурызқұлов сияқты шаруаларға қолдау қашан да қажет-ақ.

Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close