Basty bet
Ескерткіштер – елдіктің белгісі
тарихи мұраларды сақтау мен қорғаудың, ескерткіш орнатудың заң талаптары түсіндірілді
Апта басында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау: заңнамалық негіздер және практикалық шаралар» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының 2019 жылғы №288-VI «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарын түсіндіру, Жамбыл облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерін сақтау, қорғау және тиімді пайдалану шараларын талқылау.
Семинар-кеңеске аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшылары, сонымен қатар ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандары қатысты.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарих-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-ның директоры Сауран Қалиев сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда ескерткіштерге қатысты айтқан сөзімен бастады.
«Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, осы мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды»,- деді Мемлекет басшысы.
Жамбыл облысы ең көп ескерткіштері бар өлке. Әр ауылдық округ әкімі өзінің территориясындағы ескерткішке жауапты. Сондықтан жергілікті билік заң талаптарын толық білуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде кейбір әкімдер ескерткішті орнатудың заң талаптарын, алгоритмін білмегендіктен тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар бермейді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың хаттамалық тапсырмасымен жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімге енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік акт жасау тапсырылған. Сондықтан жыл соңына дейін үнемделген қаражат есебінен жасау қажет және келесі жылға мемлекеттік акт жасатуға бюджеттік өтінім берулеріңіз керек.
Қазір көптеген жер жекенің қолына өтуде. Мемлекеттік акт ескерткіштерді сақтап, қорғау үшін қажетті құжат.
Ескерткіштер – елдіктің белгісі, біздің сан ғасырлық тарихымыздың дәлелі. Сондықтан ата-бабадан аманат болған мұрамызға қиянат жасауға болмайды,- деп сөзін түйіндеді дирекция директоры Сауран Қалиұлы.
Дирекция заңгері Ержан Сланов монументті өнердің жаңа құрылысын орнату бойынша заң талаптарын қарапайым тілмен түсіндірді.
-Құрылыс мемлекеттік меншіктегі жалпы ортақ пайдаланылатын орындарда орнатылады;
-Бір елді мекенде бір аса көрнекті тұлғаға немесе маңызды тарихи оқиғаға бір құрылыс қана орнатылады;
-Жергілікті атқарушы органдар монументтік өнер құрылыстары бойынша жұмысты жоспарлы негізде жүргізеді;
-Жоспарды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) алдағы күнтізбелік жылға жоспарланып отырған жылдың алдындағы ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде қалыптастырады;
-Жергілікті атқарушы органдар құрылыс туралы ұсыныстарды уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде ұсынады;
-Жоспарға жергілікті атқарушы органдардың ұсынысында қаржылық растау, жер учаскесін бөлу туралы шешім мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы болуға тиіс;
-Жоспарға енгізілген құрылысқа жоғары шығармашылық орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мүсіншілер арасында құрылыстың үздік жұмыс жобаларына республикалық шығармашылық конкурс жариялайды;
-Жоспарланған республикалық шығармашылық конкурс туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жобаларын қабылдаудың басталу және аяқталу күнін міндетті түрде көрсете отырып орналастырылады.
-Үздік жұмыс жобаларына арналған республикалық шығармашылық конкурсты жергілікті атқарушы органдар оның шарттарын егжей-тегжейлі сипаттай отырып кемінде бір ай мерзімге жариялайды;
-Республикалық шығармашылық конкурс аяқталғаннан кейін конкурсқа келіп түскен құрылыстың жұмыс жобалары жергілікті атқарушы органдар жанындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиялардың қарауына енгізіледі;
-Республикалық шығармашылық конкурсқа келіп түскен жұмыс жобаларынан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия кемінде үш жұмысты үздік деп таниды;
-Жергілікті атқарушы органдар жанындағы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия іріктеп алған құрылыстың үздік жұмыс жобалары тиісті құжаттармен және материалдармен бірге уәкілетті органға жіберіледі.
Дирекцияның бас инспекторы Салтанат Ділдәбекова Жуалы ауданында орналасқан жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысын баяндады.
Ғылыми қызметкер Ескендір Торбеков бүгінде облыс аумағында «қара» археологтар заңсыз жолмен жәдігерлерді іздеп, тарихымызды тонап жатқанын, сондықтан елді мекендерде тарихи орындарда бөтен адамдар жүргенін байқаған тұрғындар тез арада учаскелік инспекторларға хабар беру қажеттігін ескертті.
Дирекция мамандары ауылдық округ әкімдерінің сұрағына жауап берді.
Семинар-кеңесті аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылап, ауылдық округтің әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.
Перизат Шымыртайқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары