Basty bet

Қазақ халқының құрақ көрпешесі гиннес рекордтар кітабына енді

Маусым айының басында елордамыз Астана қаласында “Қазақ елі” алаңында “Аламан құрақ” жәрмеңкесі өтті.
Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден аса қолөнер шеберлері қатысты.
Көрмеге Жамбыл облысынан 16 шебер барды. Оның бірі біздің жуалылық, Көлтоған ауылының тұрғыны көпбалалы ана, ардагер ұстаз, қолөнер шебері Төлебала Сүңгібаева. Төлебала әже жасы жетпістен асса да Алланың берген күш-қуатымен әлі күнге дейін ұлттық қолөнерімізден қол үзбей дәріптеп, насихаттап жүрген ұлтжанды жан. Олай деген себебеміз, Төлебала Күзембекқызы облысымыза өткен облыстық, республикалық көрмелерге қатысып, өнерімен көпшілікті тәнті етіп келеді.

Астанаға барып қайтқан анамыз іс-шарадан алған әсерімен бізбен арнайы бөліскен еді.
-Ұлттық құндылықтардың бірі қолөнерге шын жанашыр аналар Елорданың төрінде “Аламан құрақ” жобасының сәтті өтуіне өз үлестерін қосып қайтты.
Ұлттық киімдерімізді киіп, алдын ала тігіп дайындаған көздің жауын аларлықтай тамаша құрағымызды алаңға “П” әрпіне ұқсатып жайдық. Көк кілемдей құлпырған көрпешелеріміз жәрмеңкені тамашалауға келген көпшілікті таңғалдырды.
“Аламан құрақ” жобасының авторы алматылық шебер, этно-дизайнер – Нұргүл Абайхан. Нұргүл ханымның мақсаты – қазақ халқының ұлттық өнерін әлемге таныстыру еді. Қолөнер, оның ішінде құрақ құрау үлкен еңбекті, табандылықты, шыдамдылықты талап ететін өнер. Сондықтан “Аламан құрақ” жобасына қатысушы аналар ұзақ әрі үлкен дайындықпен келді.
“Аламан құрақ” жобасы қолға алынғанда оның әрбір талабы шеберлердің арасында талқыланып, ортақ шешімге келді. Құрақтың түсі еліміздің Туымен түстес болсын деп көк түсті, күннің нұрын ақшыл түспен бейнелеуді жөн көрдік. Құрақтың дизайны белгіленіп, онда қошқар мүйіз құрағы таңдалды.
Жалпы жобаға қатысушы әрбір құрақшы құрайтын құрақтың көлемі ені – 98 см, ұзындығы 2,5 метр болады деп белгіленді.
Жобаға қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сәлемдемемен (посылкамен) Вип-пакет жіберілді. Онда жұмыс дәптері, қажетті барлық маталар (бағасы 33 мың теңге тұратын) жіберілді. Мұнда 133 блок, жеті түрлі құрақтан жасалатын болды. Бұл құрақ өте күрделі болды. Құрақ көрпешені екі апта көлемінде тапжылмай отырып құрап шықтық.
Жоба авторы Нұргүл Абайхан қазақ қолөнерін жаңғырту, ата-бабадан қалған асыл мұраны сақтап қалу, ұлттық дүниеге көзқарас, ізбасар тәрбиелеу жөніндегі қолөнерші, құрақшы, “Алтын сапа” сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзадақызынан бата алған шебер. Ырза Тұрсынзадақызы қазақ әйелдерін үйде отырып-ақ табыс табуға үйреткен жанның бірі. Ол 2017 жылы облысымызда бірінші рет “Көрпе фест” фестивалін өткізіп, шеберлер арасында шеберлік сынып өткізді. Фестивальда шеберлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, құрақ құраудың қыр-сырын тереңірек үйренуіне мүмкіндік алған болатын. Сонымен бірге бұл фестиваль шеберлердің бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашты.
Астана қаласында өткен “Аламан құрақ” жобасының да тұсауын Ырза Тұрсынзадақызы кесті. Ол кісі өз сөзінде, құрақ құрау өнерінің ең жас шебері 10 жастағы бүлдіршін болса, ең жасы үлкені 83 жасатағы әже екенін айтып өтті.
Көрмеге қатысушылар оның ұйымдастырылуына ұйытқы болған Астана қаласының әкімдігі мен жекелеген азаматтарға алғысын білдірді.
Қолөнерімізді бағалаған комиссия мүшелері еңбегімізді жоғары бағалап, қолөнершілер тіккен ұзындығы 500 метрлік құрақ көрпе Гиннес рекордтар кітабына енетінін айтты.
Сонымен бірге жәрмеңкеде ұлттық киімдер мен заманауи стильде тігілген киімдердің де сән үлгісі көрсетілді. Бұл жобаның қолөнершілерге мотивация, екінші жағынан ұлттық өнер мен отандық өнімді дамытуға тигізер әсері мол болды, – дейді Сүңгібаева Төлебала апамыз.
– Қазақтың жері қандай кең-байтақ болса, жүрегі де сондай кең, өз ұлтының дәстүр-салтын сүйетін, мақтан ететін, патриот азаматтар мен азаматшаларды мақтан етеміз. Еңбекті бағалау – кісіліктің белгісі деп білемін,- деді шебер.
Әжеміздің бұл сапары Астанаға бірінші рет баруы екен. Сол себептен әжеміз замандастарымен бірге сапарлап, ерекше әсермен оралыпты.
-Осы уақытқа дейін Астананы теледидардан көріп, қызығушы едім. Алланың қалауымен өз көзіммен көріп, елордадан тамаша әсер алдым. Әсіресе, жаңа мешітке барғанда Меккеге барғандай әсерде болдым.
Көшелердегі әр квартал қандай әдемі! Бірде Түрік мемлекетінде, бірде Араб мемлекетінде, енді бірде Лондонда, Ресейде, Қытайда, Парижде жүргендей боласың. Абу-Даби стиліндегі ғимарат, Ханшатыр, Пирамида, Үкімет үйлері, Бәйтерек барлығы бірінен-бірі өткен әдемі ғимараттар. Олардың ішінің безендірілуі өз алдына бөлек әңгіме.
Кең әрі тап-таза, ерекше безендірілген көшелер. Барлығы көңіліңе қуаныш сыйлайды. Қысқасы, Астанадан қуанып, күш-жігер алып, мақтанышпен қайттық.
Ұлттық қолөнер – мол мұрамыз, байлығымыз. Сондықтан осындай шаралар тек облысымызда, Астанада ғана емес, ауданымызда, ауылдарымызда да әкімдерден қолдау тауып, жалғасын тапса деген тілегіміз бар,- дейді ісмер Төлебала Күзембекқызы.

Таңдаулы материалдар

Close