Basty bet

Ерте қамданған қапы қалмайды

биыл өңірде қуаңшылыққа байланысты шөп тапшылығы байқалады

Былтыр ауданда мал азығын дайындауда оншалықты күрделі проблема туындай қойған жоқ. Себебі, жауын-шашынның мол түсуіне әрі көктемнің жылы болуына байланысты мал азығына арналған көпжылдық шөп те және азықтық дәнді дақылдардан да еселеп өнім алынды. Бір сөзбен айтқанда, былтыр шаруаға, малға да, жанға да, оның өсіп-өнуіне жайлы жыл болды деп айтуға болады. Ал биыл көктем ерте шыққанымен шаруаға жайсыз болып, суық күндер, одан кейінгі болған шығыстан тұрған екпінді жел, шөпті де, астықты өсірмей тастады. Соның салдарынан бір апта бұрын ғана шөп ору науқанын бастаған шаруалар былтырғыдан қарағанда биыл түсімнің аз екенін айтып жатыр. Алайда қорқудың еш қажеті жоқ…

Жуалы жері ежелден мал мен жанға жайлы, шөбі шүйгін өңір саналады. Бұрынғы көнекөз қариялардың айтуынша, қандай да бір қуаңшылық жылдар болсын, қасиетті өңірдің жұртшылығы мал азығынан қысылмайды. Тек мал азығын дайындау жауапты науқанын тиімді өткізіп, қолдағы бар шөпті орып, оны төкпей-шашпай, екіншіден сыртқа сатпай жинап алу қажет. Шөп сыртқа саудаланды дегенше, егістік жері жоқ жергілікті тұрғындардан маза кете бастайды. Өйткені, шөп бағасы үш-төрт есеге қымбаттап шыға келеді. Ал биыл шөп бағасы қандай болмақшы?!
Қайбір жылы өңірде шөп мол болса да, көршілес Түркістан облысы және өз облысымыздың бірнеше ауданында қуаңшылыққа байланысты шөптен қысылған-ды. Сол жылы өзіміздің ауданға қарасты Билікөл ауылдық округі, сонымен қатар, Талас, Сарысу аудандарында мал азығынан тапшылық байқалған. Мұндай жағдайда әрине, өзге өңірлер ең алдымен Жуалының құнарлы шүйгін шөбіне көз сүзетіні белгілі. Бұл жыл сайын қайталанатын көрініс. Өзімізде шөп бағасының шарықтап кетуіне бірінші әрі басты себеп осы. Сонда деймін-ау шөптің бағасы «қазан ұрмай, қар жаумай-ақ» шарықтап шыға келгені.
Ауданда шөп ору науқаны енді ғана басталды. Десе де алыпсатарлар Тараздан, Түркістан облысынан осында шөптерін алып келіп, саудалауда. Қазір тайланған бір түк жоңышқа және эспарцет көлеміне және сапасына қарай 1 000 теңгеден жоғары саудалануда.
Аудан тұрғындарының негізгі күнкөрісі мал асыраумен тікелей байланысты. Ал малды мыңғыртып бағатын ауылдардағы ірі шаруаларға бұл жағдайда шөп тапшылығының ешқандай әсері болмауы мүмкін. Аудан орталығында азын-аулақ мал ұстайтындардың көбісінде егістік жері жоқ. Міне, шөп бағасының құбылуы әсіресе орталықтың тұрғындарына қатты батады. Өткен жұмада Б.Момышұлы ауылындағы мал азығына арналған шөп сататын орынға барып, бір қызық жайдың куәсі болғанымызды айтқым келіп отыр.
Онда тайланған шөп тиелген тіркемелі үлкен жүк көлігі және «ГАЗ-53» маркалы жүк көлігінің тұрғанын алыстан көріп, жанына жақындай бергеніміз сол еді: «Сен кімсің? Шөптің бағасында не жұмыстарың бар? Жазғыш болсаңдар, базардағы шарықтаған азық-түліктің бағасын немесе жанар-жағармайды неге жазбайсыңдар? Шөпті қаншадан сатамыз, оны өзіміз білеміз. Бұл жерге келуші болмаңдар. Бізде жұмыстарың болмасын» деп белгісіз көлік жүргізушісінің дүрсе қоя бергені.
Сонда қалай болғаны? Амандық-саулық, жөн сұраспай жатып адамға осындай ауыр сөздер айтуға бола ма?! Әлгі егде тартқан көлік жүргізушісі бұл сұрақты неге базар мен азық-түлік дүкендерінің иелеріне, арада жүрген алыпсатарларға қоймайды деген ойда қалдық. Шөп бағасының аудан тұрғындарына ортақ мәселе екенін және оның үстіне биылғыдай қуаңшылық кезінде баға саясатының маңызды екенін түсіндіріп айтпақшы болған әрекетімнен түк шықпағаннан кейін өз жөнімізбен кете бардық…
Сонда әлгі шөпті алыпсатар көлік жүргізушісі бағаны айтудан неге бас тартты екен, ол жағы бізге белгісіз. Қалай болғанда да жөн сұраған адамға жол көрсету азаматтық парызымыз емес пе?!
Сонымен таулы Жуалы өңірі биыл қанша гектар алқапқа мал азығына шөп еккен екен. Ендігі кезекте нақты ресми мәліметтерді сөйлетейікші.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі, саланың білікті маманы Сәбит Нұрлыбаев өз сөзінде, ауданда мал азығы дақылдары барлығы 34 190 гектарда орналасқанын, оның ішінде, өткен жылдардағы көпжылдық шөп – 30 570 гектар, сүрлемдік жүгері – 600 гектар, ал 3 020 гектарда табиғи шөптер бар екенін айтады..
-2022-2023 жылдың мал қыстату науқаны шаруаларға жеңіл болуына байланысты барлық мал қыстақтарында жиналған шөп қорының 30-40 пайызы үнемделді деуге болады. Биылғы жылдың көктем айларында өңірге жаңбыр көп мөлшерде түскенімен, бірақ сәуір айының аяғы және мамыр айларында жауын-шашын мөлшерде жауған жоқ. Оның үстіне шығыстан соққан қатты суық жел де егістік алқапқа кері әсерін тигізгені анық. Содан көпжылдық шөп алқаптары жақсы көтерілмей қалды. Осыған байланысты биыл өнімділік былтырғыдан қарағанда сәл төмен деңгейде болады деп күтілуде. Жалпы аудан бойынша мал азығына арналған шөптің алқаптары жергілікті шаруалар мен тұрғындарды толық қамтамасыз етуге жетеді,- дейді Сәбит Әмірханұлы.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2023 жылы мал азығына пішендеме 158 500 тонна, пішендеме 12 500 тонна, сабан 42 900 тонна және сүрлем 12 000 тонна дайындау жоспарлануда. Бүгінгі күнге ауданда 1 821 гектар шөп орылып, 298 тонна пішен дайындалды. Науқандық шөп ору жалпы барлық ауылдық округтерде басталып, жұмыстар жалғасуда.
Жалпы аудан көлемінде мал азығын дайындауға қатысатын техникаларға келсек, тракторлар – 645 дана, шөп оратын комбайндар – 52 дана, шөптайлағыштар – 65 дана, тасымалдаушы жүк көліктері – 190 дана және 192 дана әртүрлі тіркемелер бар.
Жанар-жағармай мәселесіне келсек, биылғы көктемгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 3 055 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, оның 2 956 тоннасы өңірге жеткізіліп, шаруаларға толығымен таратылды. Одан бөлек, биылғы күзгі дала жұмыстарына, оның ішінде, масақты, майлы дәнді дақылдарды ору және күзгі өнімді жинау, сонымен қатар күздік бидай егу науқанына қажетті 2 806 тонна дизель отынын алуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырыс берілді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің дизель отынымен толық қамтылғанын жеткізді.
Әрине, әр жылдың өзіне тән тәуекелі бар. Биыл қуаңшылық болды екен деп құр бекерге қол қусырып отыра беруге болмайды. Бір Алладан медет пен жақсылық, елге тыныштық, адамдарға нысап бер деп тілейік, ағайын!
Өңірде шөп ору науқаны енді ғана басталды. Бұл мәселеге әлі де бірнеше рет қайтып айналып соғатынымыз анық. Ерте қамданғанның қапы қалмайтынын ұмытпайық…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close