Basty bet

Өндіріс өнімінің көлемі артып келеді

Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне мән береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды жайдан-жай тапсырып отырмағаны белгілі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың аясында өнеркәсіп өнімі артып келеді.
Өнеркәсіп саласында жалпы ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Атап айтсақ, 2021 жылы өнеркәсіп саласында 13,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,3 пайызды құраған. Ал, өңдеу өнеркәсібінде 6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлемі индексі 100,7 пайыз болған еді. 2022 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14,6 миллиард теңгені құрап, 100,2 пайызға орындалды. Өңдеу өнеркәсібі жыл қорытындысымен 6,9 миллиард теңгені құрап, 100,6 пайызға орындалды.
Сонымен қатар, соңғы жылдары ауданға салынған инвестиция көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, 2021 жылы ауданға бизнес өкілдері тарапынан 8 066,9 миллион теңге инвестиция салынып, бұл көрсеткіш 104,3 пайызға орындалса, 2022 жылдың қортындысымен 9 395,4 миллион теңгеге жеткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1 328,5 миллион теңгеге артығымен орындалып отыр.
Бүгінгі таңда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 5963 субъектінің 5593-і белсендi жұмыс істеп тұр. Оның 2-еуі орта, 214-і жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 2 472-і жеке кәсіпкерлер, 2 905-і шаруа қожалықтар. Бұл кәсіпкерлік нысандарда 9552 адам жұмыс істейтін болса, оның ішінде, 244 адам орта кәсіпорындарда, 2925 адам шағын кәсіпорындарда, жеке кәсіпкерлікте 3415 адам, шаруа қожалықтарында 2 968 адам жұмыс істейді. Бұл кәсіпкерлік субьектілер өткен жылы бюджетке 264 миллион 101 мың теңге салық түсірілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері жоқ емес. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 5 пайызбен кепілсіз несиелер шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлерге берілуде. Өткен жылы 14 ауылдық округтен 123 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтардың қаржы айналымын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін және инвестициялық бағытта 20 миллион теңгеге дейін барлығы 1485,6 миллион теңге қаржы берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламасы аясында 2021 жылы құжаттары жинақталып, 2022 жылы 12 жеке кәсіпкер мен 5 шаруа қожалыққа 59,8 миллион теңге берілді.
Ауданымызда ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша «2022-2025 жылдарға арналған Даму жоспарын әзірленіп, жалпы құны 20,2 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы жоблардың аясында 330 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделген. Бұдан бөлек, өткен жылы жалпы құны 170 миллион теңгені құрайтын екі жобаны іске асыру межеленген. Біріншісі, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.
Аталған кооперативтің төрағасы Нұрболат Кенжебеков 2022 жылдың қаңтар айында сүт өңдеу цехын іске қосты. Жобаның жалпы құны 70 миллион теңгені құрайды. Жобаның тәуліктік қуаты 7 тонна. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарынан күніне 240 теңгеден 3-4 тонна сүт қабылдап, цехта өңдеуде. Ал сүт көбейгенде зауыт толық қуатында жұмыс істейді. Онда сары май, ірімшік, брынза, құрт, чечил, айран және қызыл ірімшік өнімі шығарылады. Өндірілген өнім Шымкент, Алматы мен Тараз қалаларына өткерілуде. Кәсіпкер 7 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Екінші жобаны Шақпақ ауылдық округіндегі «Япоша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырды. Оның директоры Нұрбақыт Тілегенов. Зауыттың тәуліктік қуаты үш тонна кептірілген нан (Сухари) өнімін өндіреді. Жалпы жоба құны 100 миллион теңгені құрайды. Жобаны іске асыру үшін бірінші кезекте бір гектар жер телімін алудың қажеттілігі туындап, жер телімін алуға Кәсіпкерлікті индустрияландыру картасы аясында қолдаудың 14-басым бағыттың 5-ші бағыты азық-түлік өндірісі аясында Жамбыл облысы әкімдігінің индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына ұсынылып, Аймақтық үйлестіру кеңесінің оң шешімі алынып, облыстық қаулыға сәйкес жер телімі рәсімделіп, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, 13 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбегі бекітілген. Ауданда 19 әлеуметтік азық-түлік тауарының 11-түрі ауданымызда өндіріледі, қалған 8 түрі өзге облыстардан жеткізіледі. Сонынмен қатар 11 наубайхана аудан тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Күнделікті ол наубайханаларда 3200 бөлке нан пісіріледі.
Тараз қаласынан келетін «ХД» белгісі бар зауыт наны күнделікті 2000-2500 дана аралығында дүкендерге таратылады. Аудан аумағындағы дүкендерге негізгі азық-түлік тауарлары Түркістан облысынан, Тараз қаласынан жеткізіп берушілер тарапынан және дүкен иелері Тараз қаласындағы «Ауыл Береке» базарынан жеткізеді. Аудандағы өндіріс орындарының өнімдерін делдалсыз аудандағы сауда дүкендері арқылы сату бойынша 11 келісім-шарт жасалған.
Тұтынушылардың өтініші бойынша азық-түлік бағасын жоғарылатуға жол берген бірнеше сауда нүктесі тексеріліп, 5 әкімшілік іс қаралып, оның 3-еуіне ескерту, 2-не айыппұл салынды. Бүгінгі күнге ЕРСОП базасына аудан көлеміндегі 112 азық-түлік дүкендері 2023 жылдың І жарты жылдығына тексеру тағайындау үшін енгізілді. Одан бөлек, Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп аудан аумағындағы азық-түлік тауарларына сатып алу түбіртегін бермеуі бойынша 95 әкімшілік іс қозғалып, ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын 0,01 пайызбен берілетін несиеге, Б.Момышұлы ауылында орналасқан «МЕР» азық-түлік дүкенінің иесі Ләззат Нүрпейісова тиісті құжаттарын өткізіп, несие алып жұмыс істеуде. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру бойынша өтініш білдігендер «Наурзкулова А» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Әшіркүл Наурызқұлова «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан өтінімі мақұлданып, несие қаржысымен картоп – 40, сәбіз – 33,3, пияз – 35,2, барлығы 108,5 тонна көкөніс өнімдері қоймаға жинақталды. Бүгінгі күнге ЖК «Наурзкулова» орталық базар аймағы жанынан әлеуметтік дүкен ашып, картопты – 120, пиязды – 120, сәбізді – 60-80 теңгеден аудан тұрғындарына ұсынуда. Бұдан бөлек, басқа азық-түлік тауарлары базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада өткерілуде.
Аудандағы негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін аудандық штаб құрамын қайта құру туралы 2022 жылдың 18 ақпандағы №45 қаулысына сәйкес, аудан әкімінің жұмысшы топ мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға негізсіз бағаны көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингі жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңына дейін ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. «Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығына сәйкес, аудан аумағындағы 112 азық-түлік дүкендерімен сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы меморандумдар жасау жоспарлануда.

Марат ҚАСЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және
өнеркәсіп бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close