Basty bet

Жрви: дерті дендеген науқастар көбейді

Соңғы уақытта тұмаумен сырқаттанып қалушылардың қатары көбейген. Ауруханада дәрігерге қаралуға келген науқастардың қарасы көп. Олардың көпшілігі баласын жетектеген ата-аналар. Тамағы ауырып, дене қызуы көтерілген балалар ауруханаға жиі түсуде. Әсіресе, аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне. Мұндағы ақ халатты абзал жандар ауырып келген әр адамға, әр балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетуде. Олардың қазіргі жүріп жатқан маусымдық жедел респираторлық-вирустық инфекциямен күресте жүргізіп жатқан еңбегі зор. Себебі, баласын уайымдаған ананың жанайқайына уақтылы құлақ түріп, тұмаудан дұрыс ем қабылдауға барынша күш салуда.
Бөлімде қызмет ететін дәрігерлер мен медбикелер балалардың жағдайын барынша жасауға тырысуда. Медбикелер дәрігердің тағайындаған емі бойынша уақтылы ем-шараларды жүргізуде. Барынша балалардағы тұмауды асқындырмай, жазып алу үшін барын салуда. Олар, мұны өздерінің мамандықтарына деген адалдықтарымен балайды.
Осы ретте, біз аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің, дәрігерлерімен сұқбаттасып, тұмаудың алдын алу, одан сақтану және емделу жолдары туралы біліп қайттық. Бөлімнің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Ақмар Демеуова жедел респираторлық-вирустық инфекциямен қалай дұрыс күресу жолдарымен бөлісті.
–Ақмар Қасқырбайқызы, жұқпалы аурулар бөлімінде қанша адам жұмыс істейді? Бөлім қанша орынға арналған? Бөлімге науқастар қандай ауру түрлерімен келіп түседі? Қазіргі таңда мұнда қанша адам ем қабылдауда?
– Аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі негізінен 26 орынға арналған. Қазіргі маусымдық жұқпалы респираторлық-вирустық инфекциясының таралуы мен өршуіне байланысты бөлімде қосымша орындар ашылып, орын саны бүгінгі күні 66-ға жетті. Бөлімде негізінен екі дәрігер, алты орта буынды мейірбике және алты санитарлық тазалық қызметкері жұмыс істейді. Қазіргі таңда қызметкерлердің саны қосымша блоктардың ашылуына байланысты көбейіп, мұнда 11 мейірбике және тоғыз санитарлық тазалық қызметкері еңбек етуде. Бөлім медициналық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Бөлім барлық жұқпалы ауруларды жұқтырған науқастарды емдейді және аса қауіпті инфекцияларды емдеуді қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні бөлімде 66 адам ем қабылдауда. Бөлімнен аудандағы тұмау ауруының өршуіне байланысты үш блок ашылды.
– Қазір ел өңірлерінде тұмаудың өршіп тұрғаны белгілі. Бұл маусымдық тұмаудың қандай түрі? Аурудың симптомдары қалай жүреді?
– Соңғы уақыттарда бөлімге жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырған науқастар келіп түсуде. Бұл – жыл сайын жүретін маусымдық тұмау. Жаңадан ешқандай вирус түрі анықталған жоқ. Бұл тұмауды Гонконг штамды тұмау түрі деп аталып, көпшілікке түсінік берілуде. Бұл вирустың негізгі белгілері ауру кенеттен басталады. Дене қызуы 39-40 0С-қа дейін көтеріліп, арасы жиі болады, әрі қызу қиын түседі. Көбіне аяқ-қол мұздап кетеді. Сонымен қатар, құрғақ жөтел, тәбеттің мүлдем болмауы, әлсіздік, бұлшықет пен буынның ауруы, іш өту және құсу секілді белгілері бар. Науқастың басы ауырады, көбіне маңдай тұсында. Мұрыннан сулы бөлінді тек екінші-үшінші күні ғана аға бастайды. Бұл – маусымдық тұмаудың негізгі симптомдары.
– Тұмаумен әсіресе балалар көп ауырып жатыр. Осы ретте, аурудың алғашқы күндері балаға нені беруге болмайды? Оларға қалай дұрыс көмектесуге болады?
– Иә, қазіргі таңда бұл вирус балалар арасында жиі таралуда. Бөлімге де балалар көп түсуде. Бала ауырған күні бірінші кезекте, аймақтық дәрігерге хабарласу керек. Тек дәрігердің нұсқауымен ғана дәрі-дәрмектерді берген жөн. Тек дәрігер қажет деп санаған кезде ғана дәрілер беру керек. Ал, үй жағдайында аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде тек дәрігердің тағайындауымен ғана баланы тұмаудан дұрыс емдеуге болады. Ата-аналар ауру басталған алғашқы 48 сағаттың ішінде вирусқа қарсы препаратты дәрігердің нұсқауымен қабылдап үлгерсе – тұмау вирусының көбеюін тежеп, аурудың ауырлығын азайтуға болады. Ең бастысы, сұйықтықты көп мөлшерде беру керек. Тәулігіне анағұрлым бала көп су ішетін болса, соғұрлым тұмауды тез жеңуге болатынын көп ата-аналар біле бермейді. Көп мөлшерде су ішу тамақтың ауыруын жеңілдетеді, ағзаның сусыздануының алдын алады, құлақ және өкпе жұқпасы қаупін азайтады және мұрын шырышы мөлшерінің азаюына ықпал етеді.
–Ата-аналар көбінесе дәрігердің нұсқаулығынсыз бірден антибиотик беруге асығады? Бұл қаншалықты дұрыс?
– Дәрігердің нұсқауынсыз ешқандай дәріні балаға өз бетінше беруге болмайды. Көп ата-аналарда балаға антибиотик берсе тез жазылады деген қате түсінік қалыптасқан. Антибиотик баланың жасына және салмағына қарай таңдалып, дәрігер айтқанда ғана берілуі керек. Шектен тыс көп антибиотик беру балаға зиян екенін ұмытпаған жөн. Ол баланың ішегіндегі микрофлораны құртады әрі ішкі құрылысына да зияны бар. Интернеттен қарап, өз-өзіне ем тағайындау өті қауіпті. Ол жерде тек жалпылама мәліметтер беріледі. Ал әр науқастың жағдайы мен ауруының сипаттамасы әртүрлі болады. Емді тек дәрігердің нұсқауымен алу керек. Дәрігердің нұсқауынсыз өздігінен шара қабылдау өте қауіпті. Біз аса мән бермейтін парацетамол таблеткасын да көп қабылдауға болмайды. Оның да ағзаға қарсы көрсетілімдері бар. Дәріханадан да кез келген дәрі сатып алып, іше берудің өзі үлкен қателік. Мен алдыма келген науқастардың бәріне осы мәселені айтудан шаршамаймын
– Бұл тұмауда дене қызуының түсуі қиын болып жатыр. Осы қызуды түсіру үшін қызу түсіретін дәріні қалай дұрыс берген абзал? Болмаса қызуды қандай жолмен түсірген жөн?
– Негізінен үй жағдайында емделу – ауруды асқындырады. Жалпы үй жағдайында және амбулаториялық жағдайда балаға жиі су беру керек. Сонымен қатар, тамақты, мұрынды шаю керек. Тұмау кезінде тамақты әр екі сағат сайын шаю керек. Тамақты тұзды ерітіндімен шаюға болады. Мұрынды да тұзды ерінтіндісімен шайған дұрыс. Неге десеңіз? Осы жерлерде сілемейлі қабықта вирустар, бактериялар және инфекциялар көп жиналады. Ал, тұзды су осы вирусты жояды. Сол себепті де, дәрігер айтқандай, күнделікті ауыз қуысын шаю арқылы тұмаудың вирусын жойып, тез жазылуға көмектесуге болады. Ал, қазіргі таңдағы вирустың бір белгілері болып саналатын дене қызуы алты сағат сайын емес, үш немесе төрт сағат сайын жиі көтеріліп жатыр. Осы кезде ата-аналар дене қызуын түсіру үшін парацетамол, Ибуфен секілді препараттарды өз беттерімен интервал сақтамай жиі беріп қоюда. Бұл дұрыс емес. Балаға дәрігер тағайындағандай баланың жасына сай қызу түсіру препаратының интервалын қатаң сақтап беру қажет. Олай болмаған жағдайда, яғни шектен тыс қызу түсіретін дәрі берген кезде баланың жағдайы күрт нашарлап, бала комаға түсіп кетуі мүмкін.
Үйде тек дәрі беріп қана отырмай, қосымша физикалық салқындату әдістерін жасау керек. Егер қызу түсіретін препараттарға қызу түспей, жиілеп жатса, онда баланың денесін, әсіресе, мойын, қолтық және шап аймағын (28-32 0С) жылы сумен сүрту керек. Суды тым салқын етіп қолдануға болмайды. Аяқ-қолдары мұздап кетсе, ысқылап жылытып немесе жылы шұлық, қолғап кигізіп қою керек.
–Ауруханада жатып, ем қабылдаған науқас үйге шыққан кезде әрі қарай қалай күтіну керек? Сақтық шаралары туралы айтып берсеңіз?
– Ауруханадан ем қабылдап шыққан соң, сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Бірінші кезекте, тұмаудың өршіп тұрған кезінде көпшілік орындарға бармаған жөн. Өйткені, өзі ем қабылдап, вируспен күресіп шыққан адамның ағзасы қайтадан сол вирусты жұқтырып алуы мүмкін. Бұл вирус адамдар арасында тез таралатындықтан, сақтық шараларын міндетті түрде орындауы керек. Сонымен қатар, құнарлы тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстануды күнделікті әдетке айналдырған дұрыс. Дәрігердің тағайындауымен ғана поливитаминдерді қолданған да артықтық етпейді. Маскалық режимді дұрыс сақтау, дұрыс ұйықтау, жиі қолды дұрыс жуу да вирусты жұқтырып алмауға септігін тигізеді. Одан бөлек, үй бөлмесін жиі желдетіп, таза ауада жиі серуендеу қажет. Дәрігердің нұсқаулығымен иммунитетті көтеретін Д3, магний, кальций секілді БАД ішу де зиян емес. Ең бастысы, құнарлы әрі дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған абзал.
– Пайдалы ақпараттармен бөліскеніңізге рақмет!

Сұқбатты жүргізген
Айгүл Аманқұл,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close