Basty bet
Болашаққа бағдар жасайтын маңызды шара
Жадырап жайма-шуақ жаз да келді. Әсіресе, бұл жарқын мезгілді балалар қуана қарсы алады. Оның үстіне, жаздың алғашқы айы саналатын маусымның 1-ші жұлдызында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі бар. Сондықтан, бұл атаулы күннің ел өміріндегі мәні мен маңызы ерекше.
Балаларды қорғау күні. Бұл ескі халықаралық мейрамдардың бірі саналатын күн. Оны атап өту жөнінде шешім 1949 жылдың қарашасында халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы атап өтілді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы аталған бастаманы дер кезінде қолдап балалардың өмірін құқығын денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдыру туралы шешім қабылдады.
Аталған мереке бар баланың жүрегіне шаттық, көңіліне қуаныш сыйлайтын күн. Осы мереке қарсаңында әртүрлі іс-шаралар өтеді. Бұл күні әрбір баланың көзінде жайнаған қуаныш пен жылуын көреміз.
Баланың болашағына үлкен сенім артып, үміт күтіп отырған әр бір ата-ана баласына балалық шақтың бақытты күндері көп болуы үшін бар күш-жігерін жұмсайды.
Еліміздің ертеңіне өз үлесін қосатын білімді ұрпақ пен азаматтар мен азаматшалар көп болсын деген өзімнің перзенттік тілегімді жеткізгім келеді.
«Ашық аспан аясында аялы,
Ата-ананың бауырында аяулы.
Бүлдіршіндер күліп ойнап жүрсіңдер,
Салауатты ұрпақ болып өсіңдер.
Қуанышқа толы болсын әр күнің,
Мерекелі сенің күнің дәл бүгін.
Жүректерге шаттық сезім орнаған,
О, халайық, аман болсын бар балаң!». Бұл өзімнің жүрегімнен шыққан өлең.
Балаларды қорғау күні мерекесінде ата-аналар өз балаларын түрлі саябақ пен ойын алаңдарына алып барып жақсы көңіл-күй мен демалыс сыйлайды. Балаларды қорғау күні олардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау болашаққа бағыт-бағдар беру, ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі ой саларлық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Дәл осы күні болашаққа адамгершілікке әділдікке баянды өмір қатарына толы қоғамды құру үшін оның негізгі балаларға барлық жағдай жасау керектігін тағы да паш етіледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген сауалнаманың қорытындысына зер салсақ, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала, оның ішінде, үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылық жағдайы көп кездеседі.
Ең басты міндет – әлемде болып жатқан өмірлері қатерге толы балалардың жайында болмақ. Әлеуметтік жағдайы төмен және әлемдік деңгейдегі соғыстар мен өрт қауіптілігі, неше түрлі террорлық актілердің орын алуы балалар үшін ғана емес үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізуде. Бұл шын мәнінде қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.
Жасөспірімдер арасында нашақорлықтың саны өсуде. Олардың жартысынан астамы алкогольдік ішімдіктерді ішуден де тайынбауы әбден мүмкін. Өздерімен қатар өзгелерді де теріс іс-әрекет пен теріс жолдың құрбанына айналдыруға дайын жүргендері қаншама. Бұл – өте өкінішті жағдай.
Осылайша, бұл атаулы күн Балаларды қорғау күні мерекесі ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдындағы тұрған ең бірінші міндет – жас ұрпақтың дұрыс қалыптасуы мен бақытты өмір сүруі деп ойлаймын.
Арнат БЕКМОЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
веб-журналистика мамандығының
1-курс студенті