Basty bet

Тәуекел ету – табысқа жетудің кепілі

Балаларға кәсіптік бағдар мектеп қабырғасынан берілгені әлдеқайда тиімді. Бала жаңа өмірге қадам баспастан бұрын болашақта өзінің қандай салада көретінін жоспарлап, жүрек қалауы түскен мамандықты таңдай білсе, онда өзіне де қоғамға да пайдалы болмақ. Адам өмірде мамандық таңдаудан қателеспеуі керек. Дұрыс таңдалған мамандық кез келген адамды жетістікке жетелейтіні белгілі.

Балаларға кәсіптік бағдар беру мақсатында №15 Ә.Бөкейханов атындағы тірек мектеп-лицейінің кәсіптік бағдар беру педагогы Аида Пермаханбетованың ұйытқы болуымен «Әйел ана – әйел батыр» атты ауданның кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Мектеп ұжымы жоғары сынып оқушыларымен кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен, отбасымен бірге аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған Нүрилә Мәлібековамен еркін форматтағы іс-шара ұйымдастырды.
Басқосуды №15 Ә.Бөкейханов атындағы тірек мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Қосарова ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Сөз кезегі аудандық мәслихаттың депутаты, «TopJargan» оқу орталығының басшысы, аудандық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы, көпбалалы ана Нүрилә Эдиханқызына беріліп, ол өз кезегінде өмір жолынан сыр шертті. Балалар да арманы орындалған жеке кәсіпкердің әңгімесін ұйып тыңдап, қызығушылық танытты. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйел-ананың осындай жетістікке жету жолындағы шыдамдылығына, еңбекқорлығына, жан-жақтылығына таңданды.
-Баланың қай салаға болсын бейімділігі, бойындағы қабілеті мектеп қабырғасынан бастап қалыптасады. Оның қарым-қабілетін, өнерін ата-ана және ұстаздар дер кезінде ашып, оған дұрыс бағдар бере алуы тиіс. Менің бойымдағы кәсіпкерлік саласына деген қабілетімді ұстазым, марқұм Аралбай Борашев аша білді.
Кәсіпкер болу үшін адамға білім ауадай қажет. Адам дұрыс мақсат қойып, армандай білуі тиіс. Өзінің нақты қай салада жүрек қалауымен жұмыс істейтінін бала күннен бастап армандауы қажет. Өзі армандаған мамандықты жақсы меңгерген адам өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізеді, – деп балаларға кәсіпкерлік саласында қалай жетістікке жетуге болатындығы жайында әңгімеледі.
Ол өз сөзінде кәсіпкер ең бірінші тәуекелшіл болуы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, адамның бойында өз-өзіне деген сенімділігі болуы керек. Сондай-ақ, ол оқушыларға кез келген мамандықты кәсіпкерлік саласымен байланыстыруға болатындығы жайында айтып, кеңес берді. Заманның талабынан туындаған жаңа өнерді, мамандықты игеруге шақырды. Кәсіпкерлік саласының төрт бағытын түсіндіріп, соның ішінде, ауданымызда өндірістік орындар ашу арқылы жақсы жетістікке жетуге болатындығы түсіндірілді.
«Кәсібің – нәсібің» демекші, кездесу барысында жеке кәсіпкер Нүрилә Эдиханқызы «TopJargan» оқу орталығының жұмысы туралы айтып өтті. Қазіргі таңда оқу орталығынан 1-11 сынып оқушылары қосымша біліп алып, жұмыссыз аналар қысқа мерзімді үш айлық курстардан өтіп жатқандығы кеңінен айтылды. Оқу орталығының бүгінгі жұмысы жүйелі. Кәсіпкерлік нысан кеңейіп, жаңарып, қосымша білім беретін сыныптар ашылуда. Ән-би үйірмелері ашылып, балаларды өнерге баулуда.
Отбасында да, қоғамда да қатар үлгеріп жүрген әйел-ананың, іскер әйелдің жұмысы туралы кеңінен білген оқушылар да өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Оқушылар жеке кәсіпкерге «Отбасы мен жұмысты бірге қатар алып жүруге қалай үлгересіз?», «Сіздің өміріңізде қандай қателіктер болды?», «Өмірлік ұстанымыңыз бен алға қойған мақсатыңыз қандай?» деген секілді сұрақтарын бірінен соң бірі қойып, жауаптарын алды.
-Әйел-ананың қай салада болсын, жетістікке жетуі үшін ең бірінші отбасының қолдауы керек. Менің қолдаушым, тірегім – отбасым. Маған демеу болған, мені үнемі алға жетелеген, ол, менің жанұям. Марқұм ата-енем маған үнемі қолдау білдіріп, менің отбасындағы және бала тәрбиесіндегі міндеттеріме өздерінің үлестерін қосты. Арманымның орындалуына, мақсатыма жетуіме үнемі демеу болып, мені алға жетеледі. Әлі де қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүруіме де отбасым қолдау білдіріп отыр. Өмірлік ұстанымым – білгеніңмен бөлісу, көмек сұраған жанға қолдау көрсету. Ал, алдағы жоспарлар өте көп. Оның бірі – ауданымыздағы жұмыссыздықты жоюға үлес қосу,- деген Н.Эдиханқызы оқушылардың сұрағына жан-жақты жауап берді.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Н.Мәлібекова оқушыларды алтын ұя мектебіне, білім мен тәрбие берген ұстаздарына құрмет көрсетуге үндеді. Одан бөлек, шараға қатысқан қыз балаларды бір күндік тегін кондитерлік шеберлік сыныбына қатысуға шақырды.
Бір күндік білім, мыңжылдық азық саналады. Кездесуде балалар өздеріне керекті әрі маңызды дүниелерді біліп, рухани азық алды. Өйткені, шара барысында балалар әйел-ананың қоғамдағы, отбасындағы орны мен ерекшелігі туралы ұғынып, дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар алды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close