Basty bet
Жуалы колледжінде 240-тан аса студент кәсіптік білім алуда
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты халыққа Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы ретінде жариялайтынын айтты.
“Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған “Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді”,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, елге қажетті кадрларды даярлауға арналып отыр. Жалпы, Мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялауы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі іс.
Аудандағы №16 Жуалы колледжі 2021 жылы “Жас маман” республикалық жобасына қатысқан болатын. Жобаның мақсаты – республика көлеміндегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау.
Жобада 700 колледждің ішінде үздіктер қатарынан көрінген №16 Жуалы колледжінің материалдық-техникалық базасы бүгінде едәуір нығайды. Яғни, жобаның шарапатымен барлық мамандықтар бойынша шеберханалар қажетті, заман талабына сай техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жоба аясындағы игі істер әрбір оқу жылында жалғасып келеді.
Колледжде 2024-2025 оқу жылында автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету; жөндеу және пайдалану; ауыл шаруашылығын механикаландыру; дәнекерлеу ісі; тамақтандыруды ұйымдастыру; тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу; электр жабдықтары мамандықтары бойынша 245 студент білім алуда. Оның 80-і биыл бірінші курсқа қабылданған студенттер.
Биылғы оқу жылында еліміз бойынша колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға көбейді. Бұл да колледж студенттері үшін үлкен көмек, мотивация.
Колледж директоры Медет Иманбаевтың айтуынша, колледжде дуальді оқыту бағдарламасымен ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу ісі, электр жабдықтары мамандықтары бойынша 51 студент 15 келісімшарт негізінде білім алуда. Бұл дегеніміз – 51 студент колледжде алған теориялық білімін аудандағы кәсіпорын, шаруа қожалықтар және кәсіпкерлермен жасалған келісімшарт негізінде тәжірибемен ұштастыруда деген сөз. Дуальді оқыту бағдарламасымен оқып жатқан студенттер биылдан бастап кәсіпорындағы жұмысы еңбек кітапшасы арналып, еңбек өтілі ретінде жазылатын болады. Яғни, колледжде білім алған жылдары еңбек өтілі ретінде есептеледі.
Биыл 1 курсқа қабылданған 80 студенттің 20-сы мақсатты келісімшарт негізінде білім алуда. Мақсатты келісімшарттың мақсаты да колледжді аяқтаған студентті жұмыспен қамту.
-2023-2024 оқу жылында колледжді 66 түлек бітірді. Оның екеуі жоғары оқу орнына түсті. Төртеуі тұрақты жұмысқа орналасты. 12 түлек “Алғашқы жұмыс орны”, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасымен жұмысқа тұрды. 13 түлек әскер қатарына алынды.
Дуальді оқыту бойынша кәсіпкерлік нысандармен, шаруа қожалықтармен 15 келісімшарт жасалған. Келесі жылы келісімшарт санын 25-тен асыруды жоспарлаудамыз.
Колледжде студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға толық мүмкіндік жасалған. Қазіргі таңда студенттер өндірістік оқыту шеберлерімен бірге мамандығының қыр-сырын үйреніп, табыс табудың жолын меңгеруде. Оқу процесі барысында барлық мамандықтар бойынша студенттер заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланады. Колледждің материалдық-техникалық базасының нығаюы студенттердің білім алуға деген қызығушылығын арттыруда.
Колледж ұжымының мақсаты – студенттерге білім беріп қана қоймай, еңбекке, кәсіпкерлікке баулу.
Колледжде тоғыз өндірістік оқыту шебері, алты арнайы пән, 16 жалпы білім беру оқытушылары қызмет етуде.
Қоғамда жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Колледжді тамамдап, бүгінде ауданда, алыс қалаларда еңбек етіп, мол табыс тауып жүрген шәкірттеріміз өте көп. Мәселен, А.Мацкевич, О.Сүйінғара, А.Далжанбек, Л.Бурнышев сынды шәкірттеріміз Астана, Қарағанды, Павлодар қалаларында жұмысы істеуде,- дейді колледж директоры.
Колледжде тігінші, аспаз мамандықтарына түскен студенттер де ерекше қызығушылықпен білім алуда. Мәселен, аспаз мамандығын иегеруді шешкен I курс студенттері Аружан, Зере, Алтынай есімді қыздар бұл мамандықты ерекше жақсы көретіндерін жеткізді.
Олар болашағын осы мамандықпен байланыстырады.
-Қазір таңдаулы кафе-ресторан иелері арнайы білімі бар мамандарды ғана жұмысқа алады. Себебі, сапалы, дәмді тамақ дайындайтын кафенің тұтынушысы да көп. Сондықтан түрлі тамақ пісірудің қыр-сырын білімді маманнан үйреніп, оны тәжірибеде көзбе көз жасау өте маңызды. Әрі тамақты дәмді пісіру кез келген қыз балаға керек өнер. Бұл мамандықты жақсы меңгеріп, өзін дамытқан адам үйде отырып немесе өзі де жеке кәсіп ашып, мол табысқа кенелуіне болады,- дейді студенттер.
“Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда “Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады” деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам ғана лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет.
Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.
Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамының абырой-беделін көтереді” деді Мемлекет басшысы.
Шынында әрбір мамандық иесі өз ісінің нағыз шебері болуға ұмтылса, сондай ниетпен еңбек етсе, ол өзін де, саланы да дамытады. Әр салада өз ісінің шеберлері көбейсе, мемлекетте де қарқынды даму болады.
Жұмысшы мамандықтарға мемлекет тарапынан көңіл бөлу арқылы жас ұрпақты еңбекқорлыққа, адами құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейміз.
Ең бастысы, жастарды мамандық таңдауда қателеспеуіне, өзінің қабілетіне, қызығушылығына қарай таңдауына үлкен әсер етеді деп есептеймін. Жұмысшы маман иелері өзінің мамандығын мақтаныш тұтатын болады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»