Basty bet

Мал баққанға бітеді!

Жетітөбеліктер пилоттық жобаның аясында малдың басын көбейтуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеу үстінде.
Аталған жоба өңір халқын жұмыспен қамту және табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар, өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешуге оң ықпалын тигізіп отыр. Ендігі кезекте бұл жоба «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасының аясында ары қарай жүзеге асырыла беретін болады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өскенін ерекше атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында аграрлық саладағы жұмыстардың табысты жүзеге асырылуына ерекше мән беріліп отыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану жайына арнайы тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы, игерілмей жатқан жердің 2,9 млн гектарға жуығы мемлекетке қайтарылғанын, жыл соңына дейін тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын жеткізген-ді.
Біз мұны неге айтып отырмыз?! Ауылдағы ағайын мемлекеттің көмек-қолдауымен мал сатып алып жатыр делік. Ал олар төрт түлікке қажетті жемшөпті қайдан дайындайды? Малдың өз аяғымен жайылатын кезінде оны қайда апарып жаяды? Міне, осы ретте ауыл-аймақта бірнеше жылдан бері туындап келе жатқан мал жайылымы мәселесін шешу ісінде Президенттің пәрменін орнықты әрі жедел жүзеге асыру ісі маңызды бола түседі. Осындай қараусыз, күтімсіз бос жатқан жерлер егіннің, малдың жайын білетін шаруаның қолына тисе, бұл да өз кезегінде қарапайым шаруаның еңбек етіп, тұрмысының түзелуіне оң әсерін тигізетіні анық.
Пилоттық жобаның өңір тұрғындары үшін тиімділігі сол, «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасының аясындағы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бұған дейін Жуалы ауданының Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінде іске асырылса, биыл бұл жоба таулы өңірге қарасты Жетітөбе ауылдық округінде жүзеге асырылу үстінде. Аталған ауылдық округ туралы аз-кем ақпарат беретін болсақ, тұрғындары негізінен ежелден мал және егін шаруашылығын кәсіп ететін Жетітөбе ауылдық округі алты бірдей елдімекеннен тұрады. Мұндағы 529 аулада 3 068 тұрғын тіркелген.
Алдын ала болжамға сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізіндегі пилоттық жобаның аясында жүргізілетін жұмыстарға ауылдық округтегі 529 ауланың 513-і қамтылады деп күтілуде. «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» деп аталатын бірінші бағыттың айналым қаражаты 33407,0 мың теңгені құрайды. Осының негізінде округте «Жетітөбе-2022» деп аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, мемлекеттік тіркеуден өткен. Басшысы – Александр Уразовский.
«Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» екінші бағытымен 529 ауланың 174-і қамтылады. Бұған қарастырылған қаражат көлемі – 464 580,0 мың теңге.
-Қазіргі таңда ауылдық округтің әкімшілігі арқылы жобаға қатысуға ниетті тұрғындардан 224 өтінім қабылданып, оның ішінен, 51 өтінім тұрғылықты жерінің басқа болуына байланысты кері қайтарылды. 145 өтінім «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарауында жатыр. Жақында 28 құжат қайта түзетіліп, нәтижесінде 173 құжат толықтай ұсынылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, 35 құжат оң шешімін алып, нәтижесінде, 10 өтінімнің иесі қаражатқа қол жеткізді. Одан бөлек, әлі де бірқатар азаматтың өтінімдері қабылданып, бағалауды күту үстінде,- дейді Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбеков.
Пилоттық жобаның «Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» екінші бағытымен ауылдық округтегі 529 ауланың 174-і қамтылатынын жоғарыда айттық. Ендігі кезекте дәл осы бағытпен несие алып, жұмысын жаңадан бастаған шаруа азаматтардың жұмысына арнайы тоқталмақпыз. Бұл мақсатта біз аптаның сәрсенбі күні Жетітөбе ауылдық округіне арнайы атбасын бұрып, шаруалармен жолығып, сөйлескен болатынбыз.

Сүттен бұлақ ағызған…

Іссапарымыздың барысында ең бірінші болып, ауылдық округке қарасты Тасбастау ауылында тұратын еңбекқор азамат Айнұр Кененбаевтың үйіне бардық. Шаруаның жайын жақсы білетін еңбекқор жан Айнұр Еңсебекұлы өз сөзінде, былтыр ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізіндегі пилоттық жоба іске асырылады деген хабарды ести салысымен, аталған жобаға қатысуға белді бекем буғанын айтады. Иә, барлығы айтуға ғана оңай. Әйтпесе, несие алу оңай жұмыс емес. Әсіресе, ауылдағы қарапайым ағайын үшін мұның қиындықтары өз алдына. Бірақ отағасы мұның барлығына белді буып кіріскеннен кейін, құжат жинақтау, кепілзат қою сияқты жұмыстарда аса қинала қойған жоқ. Еңбегі ақталып, жақында жылдың басында ол «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 5 миллион теңге көлеміндегі несие қаражатына қол жеткізді.
-Жақында бес миллион 40 мың теңге несие қаражатын алдым. Бұл қомақты қаражат маған небәрі екі жарым пайыздық мөлшерлемемен бес жыл мерзімге беріліп отыр. Оған облыстағы жергілікті мал базарларынан және заңды тұлғалардан 12 бас сауынды сиыр сатып алып, оны қазір өзі үйімнің ауласындағы жылы қорада бағудамын. Сатып алынған малдар туралы ақпараттар тиісінше, ауылдық округтің ветеринария мамандарымен дерекқорға тіркелді. Барлығы заңды,- дейді шаруа азамат.
12 бас сауынды сиырдың үшеуі бұзауымен бірге сатып алынса, үш-төртеуі үйге келгеннен кейін төлдепті. Алдағы айларда қалғандары бұзаулайды деп күтілуде. Қазіргі таңда әр сиырдан орта есеппен 12-13 литрге дейін сүт сауылып жатыр. Күніне мұнда 120 литрге дейін сүт сауылып, сүтшілерге өткізілу үстінде. Сүтшілер ауыл тұрғындарынан жиналған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдейтін цехтарға өткізеді.
«Сиырдың сүті – тілінде» демекші, ендігі кезекте сауынды сиырдың күтіміне келсек, сиырлар негізінен жылы қорада бағылуда. Оған берілетін жемшөптің де қоры алдын ала жасалған. Сауынды сиырдан сүтті мол алу үшін оларға туралған құнарлы шөппен қатар, арпа-бидайдың, мақсарының топаны және бір мезгіл кебек пен туралған арпа жем беріліп, уақтылы күтіп-бапталу үстінде.
Бір айта кетерлігі, пилоттық жобаға қатысатын ауыл тұрғындарына мал сатып алуға беріліп жатқан қаражатпен бірге оның жемшөбіне де қосымша қаражат қарастырылады. Пайыздық мөлшерлемесі де төмен әрі несиені төлеуде алғашқы бір жылдық каникулы тағы бар. Мұның бәрі әрине, кәсібін жаңадан бастаған тұрғындардың аяққа тез тұруына жасалып жатқан мемлекеттің үлкен қолдауы.
Осы орайда пилоттық жобаның тиімділігіне көзі жеткен Тасбастау ауылының тұрғыны Айнұр Еңсебекұлы, таяу жылдары оның игілігі мен жемісін көретініне де сенімді. Шаруа азамат отбасында жұбайы Гүлайна Жанұзақова екеуі бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана.
Пилоттық жобаға қатысып, Үкіметтен 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, отбасылық кәсібін жаңадан бастаған азаматтың бірі – Бақнұр Омарбеков. Жас кәсіпкер Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылында тұрады. Ол жақында ғана «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 4 миллион 200 мың теңге несие қаражатына қол жеткізіп, бұл қомақты қаржыға 15 бас сауынды сиыр сатып алды. Қаражат негізінен 10 бас сауынды сиыр сатып алуға есептеліп берілген. Бірақ шаруа азамат оған өзінің жинаған жеке қаражатын қосып, оның үстіне бес бас сауынды сиыр сатып алды. Себебі – түсінікті. Малдың басын көбейту керек. Мал көбейсе, тұрмыстық табыстың да артатыны заңдылық.
Жетітөбелік жас кәсіпкер Бақнұр Омарбековтың сатып алған сауынды сиырларының барлығы бірыңғай швед тұқымды қоңыр сиырлар. Оның әр басының құны орта есеппен 600 мың теңгеден айналған. Швед тұқымды сиырдың тиімділігі де сол, жай сиырға қарағанда сүтті көбірек береді. Оған қоса сауылған сүттің майлылығы да әдеттегі сүттен жоғары. Оның сүтіне ауылда сүт жинайтын жеке кәсіпкерлер қатты қызығушылық танытып отырған көрінеді. Әзірше 15 бас сиырдың бес-алтауы ғана сауылып тұр. Алды тәулігіне 20 литрге дейін сүт береді. Одан күнделікті (бұзауларынан артылғаны) 70-80 литрдей сүт сауылып, сүтшілерге өткізілуде.
Үйдің ауласындағы жылы қораларда бағылып отырған сауынды сиырларға уақтылы күтім жасаудың нәтижесінде болу керек, малдың қоңы да жаман емес. Малдың азығына күнделікті туралған жоңышқа мен құнарлы жем берілу үстінде. Малдарға ветеринариялық күтім жасау мен профилактикалық жұмыстар уақтылы жасалып жатқанын айтады шаруа азамат.
-Былтыр малдың басын көбейтеміз деген мақсатпен өз үйіміздің іргесіндегі жерден жалпы көлемі 24х11 метрді құрайтын үлкен қоражайдың құрылысын бастаған болатынбыз. Әзірше оның құрылысы толығымен аяқталған жоқ. Құрылысты биыл толығымен аяқтап, келер жылы мал қыстату науқанында сиырларды жылы қорада бағатын боламыз. Әзірше сауынды сиырларды екі бөлек қорада ұстап, бағып жатырмыз. Жемшөбін былтыр жазда жеткілікті көлемде жинап алғанбыз. Осыған сәйкес, қазір мал қыстату науқаны да қалыпты өту үстінде. Сауынды сиырдан бөлек, шаруашылықта негізінен жылқы, оның ішінде, бордақы жылқылар бағамыз. Семіргендері шетінен етке өткізіліп отырады. Одан бөлек, сойысқа азын-аулақ қой ұстаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бастаған отбасылық кәсібіміздың табысы да жаман болмайды деген үміттеміз. Алда малдың басын көбейтіп, атакәсіпті өркендетсек деген ниетіміз бар,- дейді Бақнұр Болатханұлы.
Жас кәсіпкер Бақнұр Омарбеков екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар негізінен малға күнделікті күтім жасаумен және сиыр сауумен айналысады. Оларға тиісінше, айлық жалақылары уақтылы төленуде.

Мал өсірсең, қой өсір…
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген ата-бабалар нақылын ұстанған жетітөбелік шаруаның бірі – Гүлмира Омарова. Гүлмира жеңгей қазір негізінен үй шаруасымен айналысады. Отағасы Ибрайым Айтбеков екеуі кезінде колхозда еңбек еткен. Ибрайым ағаның бұрыннан қой бағуды кәсіп етіп келе жатқан нағыз еңбекқор жан екені көрініп-ақ тұр.
Бұл отбасы бұдан бірнеше жыл бұрын Үкіметтен 6 пайыздық несие алып, сауынды сиырдың басын көбейтіп, сүт кластерін дамытуға аз да болса өз үлестерін қосқанын айтады. Қазір де үйде азын-аулақ сиыр ұстайды. Оның есесіне, бұл отбасы қойдың басын көбейтуге күш салып отыр. «Сабақты ине – сәтімен» деген. Жетітөбе ауылдық округінде пилоттық жоба жүзеге асырылады деген ақпаратты ауылдық округ әкімшілігінің мамандарынан естіп білгеннен кейін, алғаш болып іске кіріскендердің де бірі осы – Гүлмира Омарова болатын. Істің көзін табатын іскер келіншек отағасы екеуі ақылдаса келе, 100 бас қой сатып алып, бағуға ниет еткендерін айтады.
Гүлмира Омарова пилоттық жобаға қатысуға өтініш беріп, құжаттарды уақтылы жинаудың нәтижесінде, биыл қаңтар айының соңында жалпы сомасы 5 миллион 500 мың теңге несие қаражатын алды. Жақында қаражатқа жобаның талабына сәйкес, жергілікті шаруашылықтардың бірінен Шопан ата төлінің 100 бас аналық басын сатып алып, бағу үстінде. Қойдың дені тұсақ және саулықтар. Сәтін салса, несие қаражатына сатып алынған қойдың алды наурыз айында төлдей бастайды. Қазір буаз малдарға уақтылы күтім жасалу үстінде. Малдың жемшөбін салу, уақтылы суын беру, астын тазалау сияқты жұмыстармен отағасы Ибырайым Айтбеков айналысады екен. Біз бұл отбасындағы атакәсіппен танысуға барғанда түс мезгілі болатын. Отағасының сыртта қойлардың суын беріп, күтім жасау жатқанының үстінен түстік.
-Алда мал төлдейтін қарбалас шақ. Бұл жауапты кезеңде біз қойдың күтімін бұдан да арттырамыз. Туған қойлар жылы қораларға кіргізіліп, бөлектеліп, оларға белгілі бір уақыт аралығында тиісті күтім жасалады. Кейбір аналық жас тұсақтар қозысын жарытпауы мүмкін. Оларға да күтім жасалады. Бір сөзбен айтқанда, сақпан кезі шаруа үшін жауапты да қауырт кезең. Одан өтіп алсақ, қозысы ересек болып қалған саулықтар өріске шығарылады. Осылай, қозылар ары қарай жаңа шыққан көкке ілініп, шауып кетеді,- дейді отағасы.
Малдың күтімін жасау жұмыстары былай қарағанда, оңай боп көрінуі мүмкін. Бұл ретте малдың жайын жақсы білетін шаруа отбасы биыл үйдің ауласынан қой ұстауға арналған үлкен заманауи жабық қораның құрылысын бастауға ниет етіп отырғандарын жеткізді.
Жеке кәсіпкер Гүлмира Омарова көпбалалы ана. Отбасында отағасы екеуі алты бала тәрбиелеп өсірген. Үлкен қыздары денсаулық сақтау саласында, жеке компанияларда менеджер болып жұмыс істесе, одан кейінгілері жоғары оқу орындарында және мектеп қабырғасында білім алу үстінде.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» – үлкен әлеуметтік мәнге ие әрі өңір тұрғындарына қажетті жобалардың бірі екенін үнемі насихаттап келеміз. Мұнымен қоса, бір айта кететін маңызды мәселе – ендігі кезекте малдың басын көбейтумен бірге асылдандыру мәселесіне де терең мән берген абзал. Әсіресе, ауылдарда құрылған кооперативтерде селекциялық жұмыстарды қолға алу қажет. Сонда санмен қоса кооперативтердегі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы да арта түсетіні даусыз.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close