Basty bet
Балалар жазушысына арналған әсерлі кеш
«Бір ел – бір кітап 2024» республикалық акциясының аясында аудандық балалар кітапханасында ауқымды шара ұйымдастырылды. Іс-шараның тақырыбы «Бердібек Соқпақбаев – белгілі көсемсөз шебері». Іс-шараның мақсаты – қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығын таныстыра отырып, оқушының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Ойлау қабілеттерін, көркем жеткізе білу дағдыларын дамыту. Елжандылыққа тәрбиелеу және қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау. Кеңейтілген кітап көрмесінде «Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл» тақырыбында жазушының шығармаларына шолу жасалды. Сонымен қатар биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері күнтізбесіне енгізілді.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде.
Биыл көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл. Осыған орай классиктің туындылары кеш қонақтарына таныстырылды. Оның өміршең шығармалары әлі күнге дейін сұранысқа ие екені де айтылды.
Іс-шараға орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, №19 Д.Қонаев атындағы МГ-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Тәжікенова өз шәкірттерімен және №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 4 сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Қарлығаш Нұрманбекова қатысты.
Іс-шараны балалар кітапханасының кітапханашылары Нұржанат Нұрманалиева мен Гүлнұр Егеубаева ашып, жүргізді. Олар қазақ жазушысы Б.Соқпақбаевтың өмірі мен шығармаларына және повестеріне жеке-жеке тоқталып, түсінік берді. Өзінің шығармашылық жолын балаларға өлең жазудан бастаған ол кейін прозалық шығармалары арқылы балалардың сүйікті жазушысына айналғанын, сондай-ақ балаларға арналған бірнеше сценарий, пьесса жазғанын да айтып өтті.
Әрі қарай №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 4 сынып оқушылары ортаға шығып бірі жазушының қысқаша өмірбаянына тоқталса, енді бірі «Менің атым Қожа» повесіне тоқталып, Қожаның бейнесін сомдаса, қалғандары сол повестегі жағымды және жағымсыз кейіпкерлер туралы әңгімеледі. Оқушылар көрермендерге балалар жазушысының шығарған шығармалары мен романдарын әсерлі етіп жеткізді.
Балалар кітапханасының кітапханашылары: «Біз Қожаның тентектік іс-әрекеттерінің бірерін ғана тамашаладық. Бірақ жазушының басты мақсаты – бұзық Қожаны көрсету емес, керісінше өзінің ерсі қылықтарының дұрыс еместігін мойындап қана қоймай, олармен күресуге тырысатын саналы баланы көрсету. Олай болса, осы повесті барлығымыз оқып білсек, онда мен сіздерге осы повестен сұрақтар қояйын»- деп, іс-шараға қатысып отырған оқушыларға сұрақтар қойып, кешті әрі қарай қызықтай түсті. Олар балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың көптеген шығармаларын басқа елдерге танытып, басқа тілдерге аударып жүрген қызы Самал Соқпақбаева туралы да көп мағлұмат алды.
Келесі кезекте №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиядан қатысқан 7-8 сынып оқушылары балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары мен романдарына тоқталып, олар жазушыға деген құрметін өлеңмен білдірді.
Екі мектептің де оқушылары жақсы дайындықпен келгендері көрініп тұр. Олар қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары мен өлеңдерін сүйіп оқитындарын, сол шығармадағы сомдайтын кейіпкерлерді де әсерлі етіп сомдағандарының өзі қандай керемет.
Әсерлі кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Мәрзия Ермекбаева қорытындылап, алғыр шәкірттерді тәрбиелеп отырған ұстаздар мен қатысқан оқушыларға алғыс білдірді.
Әрі қарай іс-шараға қатысқан барлық оқушылар мен ұстаздарды аудандық балалар кітапханасының атынан Алғысхаттармен марапаттады.
Шараның басты мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғам мүшелерінің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби бай мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру. Қазіргі заманда оқуға деген қызығушылық бәсеңсіп, жастардың жаппай интернетке иек артуы белең алған шақта, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқу мәдениетін қалыптастырумен бірге, қазақ классиктерінің кеңінен насихатталуына бірден-бір жол салатыны сөзсіз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»