Basty bet

Құжаттандыру мәселесі жүйеленіп келеді

Көші-қон адамдардың тұрғылықты мекенінен әртүрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшіп-қонуы. Көші-қон адамдардың белгілі бір аумақтың шекарасынан асып, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты мекенге қоныс аударуы. Халықтың әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, саяси, діни, әскери және басқа себептермен ұйымдасқан түрде және ұйымдаспаған түрде көшіп келушілердің көшіп-қонуы саясаты бір негізде жүзеге асырылады. Көші-қонды туғызатын себептердің ең бастысы экономикалық себеп.

Қазақстанда экологиялық апатты аймақтардың болуына да байланысты аумақтық көшу деректері тіркелген. Жалпы халықтың көшіп-қонуы ежелден жалғасып келеді. Көші-қон алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісімен (бақташылар тайпасының бөлініп шығуымен), егіншіліктің дамуымен, егіншіліктен қолөнердің бөлінуімен, халықтардың ұлы қоныс аударуымен, ұлы географиялық ашылымдармен, индустрияның дамуымен байланысты болды.
Қазақстан Республикасының 1992 жылы 26 маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы», 1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңдары көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, көші-қон үдерістерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгіледі. Сөйтіп, өзінің тарихи отанына қайтып оралатын адамдар мен отбасылар үшін жаңа жерде қажетті тіршілік жағдайларын жасау мәселесін мемлекет тұрғыда шешу ісі қолға алынды.
Осыған орай Қазақстан Республикасының көші-қон және демография жөніндегі агенттігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сияқты мемлекет және беймемлекет мекемелер құрылды, шет жұрттан ата жұртына көшіп келетін оралмандарға жыл сайын өсіп отыратын квота белгіленіп, олардың белгіленген аймақтарға қоныс теуіп жайғасуы үшін мемлекет және жергілікті бюджеттерден қаржы бөлініп тұратын болды. Сондай-ақ, Қазақстанға мәжбүрлі жағдайда көшіп келіп, тұрақтап қалған көптеген ұлт өкілдері өздерінің ата жұртына көшіп баруға мүмкіндік алды.
Жалпы Қазақстан азаматтарына жеке куәлік құжаттарымен қамтамасыз ететін мекеме. Дүниеге келген нәрестенің құжатынан бастап адамның дүниеден өтуінің өзіне тиісті құжаттар қажет. Бір ғана құжаттың өзі бір адамның тағдырына тікелей байланысты. Құжатсыз адамның жер басып жүруінің өзі мұңға айналады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қандастар мәселесін оның ішінде көші-қон мекемесінің жұмыстарын ілгерілету мақсатында біршама жауаптылық танытып отыр. Тағдырдың тауқыметімен өмірде жеке құжаттарын жоғалтып, уақтылы алуға мүмкіндігі болмаған азаматтардың да құжаттарын санаулы сәттерде немесе белгілі бір уақытта алуға мүмкіндіктер жасалып отыр. Ол жағы білікті мамандардың жауаптылығына, құжатқа, адам өміріне деген жанашырлығына да тікелей байланысты.
Осы орайда аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметінде екі маман еңбек етуде. Олар полиция майоры, аға инспектор Меруерт Тәжібаева және полиция капитаны, инспектор Елтай Рахишев.
Кейінгі жылдары қолданыстағы заңнамаға жиі өзгерістер енгізілуде. Сол себепті де сала мамандарына мейлінше көп мәліметтерді білуіне тура келеді. Мамандар аптаның бес күнінде «Халыққа қызмет көрсету» орталығында Қазақстан азаматтарының құжаттарын реттеумен және оларға мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысса, ал шет ел азаматтарымен – аудандық полиция бөлімінде қызметтер көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтің дер кезінде орындалуына және ішкі тәртіптің бұзылмауын, халық өтінімін толықтай қанағаттандыру басты жұмыс саналады.
50 мыңнан астам аудан тұрғындарынан бөлек, елімізге оның ішінде ауданға қоныс аударып немесе еңбек мигранттарының маусымдық жұмысқа келуіне байланысты наурыз және қараша айларында жұмыс науқаны біршама күрделене түседі. Десе де, салаға жауапты маманның бірі Меруерт Тәжібаева үнемі жұмыста жауапсыздыққа немқұрайдылыққа жол бермеуге тырысады. Себебі, құжатпен байланысты адамның тағдыры тағы бар. Еңбекші мигранттардың жеке тұлғаларға жұмыс істеуіне рұқсат алуға келісімді дәл осы мекеменің мамандары береді. Ол құжат уақытша тұруға және жұмыс істеуге ғана беріледі.
Оның өзі бес түрлі санатқа бөлінеді. Түрлеріне жағдайына байланысты. ҚР азаматтары шет елге тұрақты тұру өтінімдерінің басым көпшілігі ел азаматтарының заң талаптарына жауапкершілікпен қарайтыныдығында.
Мәселен, біздің елге көбінде – Ресей, Өзбекстан, Қырғыстан шекаралас көрші мемлекеттен келуші азаматтардың қатары өте көп. Олардың ішінде, Қырғыз және Ресейден келушілерге – 90 күн, Өзбекстан азаматтарына – 30 күн елде жүру мүмкіндігі беріледі. Белгілі уақыттан немесе күннен асқан жағдайда өз еліне автоматты түрде кері қайтарылады. Шет ел азаматтарының заңсыз келген немесе келмегендігіне баса назар аударылады. Ол өте маңызды жайт. Келуші азаматтардың қылмыскер, соттылығы бар немесе жоқтығы, алимент төлемеген борышкер екендігіне де баса назар аударылады.
eQonag – бағдарламасы арқылы үйіне шет ел азаматы келген жағдайда хабарлауы тиіс. Олай болмаған жағдайда заңсыз жүрген азамат деп танылуы мүмкін. Хабарлама көші-қон орталығына түсіп отырады. Азаматтар өзінің қандас екендігін растайтын құжаты берілген жағдайда еркін жүруіне мүмкіндігі болады.
-Мен осы салада тұрғындардың өтініші негізінде тоқтаусыз жұмыстар атқарып келемін. Осы салада жалпы 17 жыл еңбек өтілім бар. Оның ішінде, Жуалы ауданында үш жылдан астам еңбек етіп келемін. Күнделікті жұмыс күнімде алдыма түрлі азаматтар өз өтініші негізінде көмекке жүгініп келеді. Олар әртүрлі көңіл-күйде келеді. Тіпті ашумен өкпе-реніштерін де көрсететіндері баршылық. Біз сол сәтте білікті маман ретінде тиісті әрі дұрыс, тыңғылықты жол сілтеп, тиісті құжаттарын жылдамдатып, рәсімдеп берген де ғана азаматтардың көзі жетіп осы сала мамандарына ерекше алғыс білдіріп жатады. Бастапқыдағы сенімсіздігі сейілгенде ғана олардың көзқарасы түзеледі.
Әлеуметтік борышкерлер, мемлекетке борышкерлермен және туысқандарымен байланысты жоғалтқан адамдармен де байланысты реттейміз. Ішкі істер органдарының көші-қон қызметі мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар мекеменің талаптарын бұлжытпай орындайды. Сапта тұру, киім үлгісімен жүру, әдеп кодексін сақтауға міндетті. Біз арадағы көпір іспетті тиісті әрі жауапты жұмыстарды уақтылы атқарғанда ғана жұмыстың нәтижесін көреміз,- дейді сала маманы Меруерт Тәжібаева.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close