Basty bet

«Қарызсыз қоғам» – қаржылық сауаттылықты арттырады

Қаржылық сауаттылық деңгейін арттырмай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан «Amanat» партиясы, «Қазақстан Халық банкі» және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірге «Қарызсыз қоғам» деп аталатын қаржылық сауаттылықты арттыру жобасын іске қосты.
Жоба ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығы бойынша құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған. Ал жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
«Қарызсыз қоғам» жобасы Жетітөбе ауылдық округінен мамыр айында бастау алған болатын. Бүгінгі таңда ауданда Жетітөбе, Нұрлыкент, Қызыларық, Қарасаз, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері және Бауыржан Момышұлы ауылының 300-ге жуық тұрғыны жобаға қатысып, қаржылық сауаттылық бойынша курстан өтіп, сертификаттарын алды. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады.
«Қарызсыз қоғам» жобасының аясында 80 мыңға жуық ауылдық елді мекендердің тұрғындарын оқыту жоспарлануда. Қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған курсқа несие бойынша берешегі бар борышкерлер, ағымдағы несиелерінде кешіктірулері болуы мүмкін тұрғындар, жеңілдетілген несие алып ісін бастағысы келетін кәсіпкерлер қатыса алады.
«Қаржылық сауаттылық әр адамға қажет. «Жасыратыны жоқ, көп отандасымыз қаржыны қалай басқару керек екенін, «несие» ұғымының астарында не жатқанын нақты біле бермейді. Соның салдарынан, қаржылық сауаты төмен адамдар қарызға белшесінен батып жатады»,- дейді сарапшы мамандар.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастырудың тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпараттар алуда. Бас-аяғы бес күнге созылатын курсқа қатысушыларға тренингтен кейін жеке кеңес берілуде. Қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша оқу курсы ағымдағы жылдың 11-ші қыркүйегінен бастап Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылында жалғасын тауып отыр.
Бүгінгі таңда оған 80-ге жуық ауыл тұрғыны қатысып, қаржылық сауаттылық бойынша білімдерін жетілдіру үстінде. Оқу курсын «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының бизнес тренері Алтынай Молдашева жүргізуде. Алдағы уақытта бұл оқу курстары барлық округтерде кестеге сай өткізіліп, аудандағы барлық елді мекендерді қамтитын болады. «Қарызсыз қоғам» жобасына қаржылық сауатымды жетілдіру мақсатында, мен де қатысып қайттым. Жобаға қатысушылардың саны көп. Ауыл тұрғындары оқу процесіне белсенді қатысып отырды.
Аталған жобаның аясында өткізілген семинардың алғашқы күні тұрғындарға «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты, қаржыны тиімді жұмсау, бизнес жоспарды қалай даярлау керек екендігі айтылды. Сондай-ақ, мамандар бизнес жоспарды үйретіп қана қоймай, бірлесе бастаған жұмыстарын жыл соңына дейін сәйкесінше көмек беретін болады. Қаржы мамандарының дәрісімен қатар, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлік көмек көрсетілетініне кепілдік беріледі.
Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді. Дәріс беруші маман дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, алғашқы аптаның нәтижесін көріп, халықтың жобаға деген жоғары қызығушылығын байқадым. Осылайша, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтың ауыл тұрғындарына қаншалықты қажет екеніне көз жеткіздім. Демек, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылады.
Оқуға әлеуметтік мәртебесі мен материалдық жағдайы әртүрлі адамдар келді. Айта кетсек, ауыл тұрғындарының ішінен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және төлем жасау мерзімін өткізіп алған азаматтар, сондай–ақ несие қарызы бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар қатысты. Бес күнге созылған семинарда қатысушылар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау керек екенін білетін болды. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер өз бюджетін қалыптастыру тәртібіне, салық есеп-қисабын ұсынуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаржыландыру шартына қатысты құнды ақпарат алды.
Тұрғындардың қаржылық сауатсыздығына байланысты жиі кездесетін проблемалар қатарына алаяқтықтың өсуі жатады. Алаяқтар қаржы мәселелерінен хабары жоқ азаматтарды түрлі тәсілдермен алдауға тырысады. Борышкерлердің қатарында алаяқтарға пин-код, карта нөмірін және басқа деректерін беріп, сан соғып қалатындары да бар. Маманның сөзінше, мұндай жағдайлар қарыз алушылардың күнделікті өмірінде жиі кездеседі екен. Бұдан бөлек, бұл жоба өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді бизнесті несиелендіруге, жаңадан кәсіп бастағысы келетін азаматтарға бизнес жоспарды көрсетіп, үйретуге үлкен мүмкіндік береді.
Жобаның аясында алынған білім өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етіп, ертеңгі күнге деген сенімділікті нығайтатынына күмән жоқ.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close