Basty bet

Жатыр мойны обыры

Жатыр мойны обыры – бұл жатыр мойны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр. Жатыр мойны обыры көп таралған онкологиялық ауруы, ДДСҰ мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 500 000 жатыр мойны обыры бар науқастар анықталады.
Дисплазия мен жатыр мойны обырының пайда болу тәуекел тобына төмендегі бар әйелдер жатады:
• Жыныстық өмірдің ерте басталуы;
-Ерте алғашқы жүктілік;
-Жыныстық серіктестердің жиі өзгеруі;
– Әйелдерде немесе оның жыныстық серіктесінде папилломавирустық немесе герпетикалық инфекцияның болуы;
-Жиі түсік түсіру тарихы;
-Темекі шегу; алкоголь сусындарын тұтыну
-Жатыр мойны патологиясын уақтылы емдемеу (эрозия, дисплазия, лейкоплакия, полиптер);
– онкологиялық ауруларға, соның ішінде, жатыр мойнының обырына тұқымдық бейімділік.
• иммундық жүйенің әлсіреуі;
• жыныс жолымен берілетін инфекциялар;
• артық салмақ;
• жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау;
• әлеуметтік төмен статус;
Аурудың негізгі белгілері
Жатыр мойны обырының ең жоғары деңгейі 40-44 жас аралығында кездеседі. Менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кету жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі болып саналады. Ең алғашқыда бұл ауру еш симптомсыз болуы мүмкін. Жатыр мойны обырының ерте көріністерін жыныс жолдарынан сулы немесе қанды бөліністерден байқауға болады. Бөліністердің жағымсыз иісі болуы мүмкін. Көбінесе іштің және бел аймағының төменгі бөлігіндегі ауырсыну қосылады, ал кейінгі кезеңдерде арқа мен аяқтың ауыруы, аяқтың ісінуі, зәр шығару кезіндегі ауырсыну; зәрде қанның пайда болуы осы ауру белгілеріне тән.
Мына белгілер туындаса, дереу дәрігерге қаралу керек:
• қан кету;
• менопаузадан кейін қан кету;
• салмақ жоғалту,
• төсек қатынасы кезіндегі ауырсыну немесе қан кету;
Алдын алу шаралары
Әйел адамның гинекологтың тексеруіне тұрақты баруы өте маңызды. Қандай да бір өзгерісті анықтау үшін жатыр мойны обырының дифференциалды диагностикасы қажет. Ол мыналарды қамтиды:
• цитологиялық скрининг;
• жыныс мүшелерін көзбен шолып тексеру;
• кольпоскопия;
• жатыр мойнының биопсиясы;
• жатыр мойнындағы күдік тудырып тұрған учаскелердегі тіндерге биопсия жасау;
• мойын арнасынан қырынды алу;
• жыныс жолы арқылы жұғатын инфекцияларға тексеру;
Жылына бір рет осындай тексеруден өтетін әйелдер обыралды өзгерісті алдын ала анықтай алады. Жыныстық қатынасқа түскен әйелдердің барлығы АПВ-тест тапсыруы керек. Онкогенді типтегі АПВ тесті, сұйықтық биопсиясы және жылына екі рет гинекологтың тексеруінен өту – жатыр мойны обырының ең жақсы диагностикасы.
Жатыр мойны обырын ерте диагностикалаудың тиімді әдістерінің бірі – скринингтік бағдарламаға қатысу. Жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарлама жатыр мойнынан ПАП-тестке жағынды алу түрінде 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерге әр 4 жыл сайын тегін жүргізіледі. Жатыр мойны обырының тұрақты скринингінен өтіп тұруы қажет. Тұрақты цитологиялық талдаулар бұл көптеген әйелдердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.

Қазыхан Есманбетов,
аудандық орталық аурухананың маммолог-гинеколог дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close