Basty bet

Қоғамда Ажырасу неге көп?

Бақытты отбасы - бақытты бала, сондықтан балалардың көңіліне кірбің түспеуін ойлайықшы!

Елімізде шаңырағы биік, босағасы берік, отбасылық ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген, ұл-қызын ізгілікке, мейірім мен адалдыққа тәрбиелеп отырған өнегелі отбасылар көп. Анадан мейірім, әкеден сүйеу көрген баланың қоғамға да берер жақсылығы мол. Дегенмен, өкінішке қарай елімізде шаңырағы шайқалып, берекесі кеткен отбасылар да жылдан-жылға көбейіп келеді.

Ажырасу – бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан ажырасуды азайту мемлекетіміздің де бірегей міндеттерінің бірі болып отыр. Себебі, ерлі-зайыптылардың некелерінің бұзылуы мемлекеттің демографиялық жағдайының жақсаруына да кері әсерін тигізіп отыр. Ең маңыздысы болашағымыз – балалардың жүрегінің жаралануы.
Кез келген бала ата-анасымен бірге өмір сүргісі келеді. Ата-анасы айырылысқан отбасындағы бала психологиялық тұрғыда қатты соққы алады. Айналамыздағы ата-анасы ажырасқан отбасылардың балаларының көңілінен, бойынан байқаған жағдай – балаға көңіл жетіспейді, бала өмірге өкпелі, ызақор, селқос, жалтақ. Баланың жүрегін сыздатқан жара оның көңіл күйіне, денсаулығына, тұлға болып қалыптасуына да үлкен кері әсерін тигізеді.
Аудандық соттың мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың 12 айында аудандық сотта неке бұзу туралы 81 іс қаралған, оның ішінде некесі бұзылған 51 іс, татуласқаны 24 іс, қысқартылғаны 3 іс, соттылығы бойынша жолданғаны 3 іс.
-Неке бұзу туралы арыз түскен күннен бастап судья екі тараппен жеке-жеке кездесіп татуласу туралы, яғни өсіп келе жатқан балаларының болашағы үшін шаңырақты сақтап қалуды ұсынады. Одан кейін осы азаматтық іс бойынша Жуалы ауданының «Бастау» жұмыс тобына ресурстық көмек көрсету туралы ұйғарым шығарып жолдайды. Аталған жұмыс тобы психологтарды, билерді, АХАЖ бөлімі өкілдерін қатыстырып, отбасыларға шаңырақты сақтап қалу жолдарын ұсынады. Егер де екі тарап татуласқан жағдайда соттағы неке бұзу туралы ісі қараусыз қалдырылады,- дейді аудандық соттың мамандары.
Аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Динара Қалдыбекованың берген мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы 174 отбасы отау құрған.
Жамбыл облысы жеке сот орындаушылары палатасының сот орындаушысы Айдар Зауырбеков те жылдан-жылға балаларына алимент төлеушілердің саны артып келе жатқанын айтады. Бұл дегеніміз – ажырасудың көбейіп келе жатқанын анық көрсетеді.
Айдар Амангелдіұлының айтуынша, 2022 жылы алимент төлейтіндер саны ауданда 420 болса,2023 жылы 490 болған, ал бүгінгі таңда 583 болып отыр.
-Былтыр сот орындаушыларға аптасына бір-екі өтінім келіп түсетін болса, биыл күніне бір-екі өтінім келуде.
Алимент төлейтіндердің ішінде бір отбасында сегіз бала бар. Әр ажырасқан отбасында бала саны әртүрлі. Орта есеппен 3 баладан деп есептегенде 1600 ден аса бала толық емес отбасында тәрбиеленуде.
583 алимент төлеушінің үшеуі әйелдер. Қалғаны ерлер.
Сот орындаушыларға алимент өндіру де оңай емес, себебі олардың бірі жұмыссыз, бірі ішімдікке салынған. Енді бірі сыртта жұмыс істейді. Әрине, жұмыс істеп, тұрақты төлеп отырғандары да бар.
583 алимент төлеуші, яғни ажырасқан отбасының сыртында заңды некеге тұрмай бірге тұрып, балалы болып ажырасып кеткендері, бір-бірінен алимент талап етпейтіндері де қаншама?! Сондықтан бұл бей-жай қарайтын жағдай емес,- дейді Айдар Амангелдіұлы.
Әрине, әркімнің өмірі, тағдыры, басындағы жағдай әртүрлі. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, көбінде ерлердің жауапсыздығы, маскүнемдік пен ойынқұмарлыққа, есірткіге салыну, жұмыс істемей үйде жатып алып, бар ауыртпалықты әйеліне артып қоюы себеп болуда. Бұл дегеніміз тек ерлер ғана кәнілі деген сөз емес әрине, әйелі, ата-анасы, туысы, қаржы мәселесі себеп болып жатқан жағдайлар да жетерлік.
Ойынқұмарлық деген бүгінгі қоғамда әсіресе, жастар арасында үлкен дертке айналып барады. Ерлерді айтпағанда әйелдердің де ойын ойнап, қарызға белшесінен батып, ақыр аяғында қарызға кіргенін отбасына айта алмай, үйінен кетіп қалып жатқан жағдайлар да кездесуде. Алаяқтардың арбауына түрлі жағдайда түсіп қалып, несие алып оны төлей алмай соңы ажырасуға жетіп жатқан отбасылар да аз емес.
Ішімдік ешкімге абырой алып беріп, жетістікке жеткізген емес. Деседе күнде жұмыстан кейін демаламын деген сылтаумен ішіп жүріп, маскүнемге айналып кеткенін білмей қалған адамдар да бар. Бұл жағдайдың да соңы қайғы-қасіретпен, қаншама жанның жүрегін жаралаумен аяқталары сөзсіз.
Неке бұзылуының тағы бір себебі – ер азаматтардың некеге адал болмауы. Әйелдер тарапынан да кінә болады. Бірақ статистикалық мәліметтерге қарасақ, әйелдерге қатысты жағдайлар сирек.
Жалпы қоғамда орын алып жатқан әр отбасының ажырасуының өз себебі бар. Кейде үлкендердің, туыстарының араласуының, ортада алған-берген дүниелерін дауға айналдырудың салдарынан да ажырасу орын алып жатады.
Сау саналы ата-ана үшін өмірде маңыздысы – балалардың тату-тәтті, сыйласып өмір сүруі. Басқа дүние маңызды болмауы керек.
Қысқасы, адамдардың рухани құлдырауынан, отбасылық өмірге дайын болмауының салдарынан, отбасылық құндылықтар, ұлттық құндылықтардан қол үзіп қалуымыздың салдарынан осындай жүрек сыздатар жағдайлар жиі орын алуда.
Жақында “Назар аудар” театр ұжымының түсірген “Ұялам, но үй алам” атты киносы кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Кинода қоғамды жайлаған рухани дерттер, адам үшін ең маңызды мәселелер сәтті көрсетілген. Шынында кинодан көрсетілгендей, жалғызбасты ана ретінде үй алу үшін, басқа да үкімет тарапынан көмек-қолдауларға қол жеткізу үшін заң жүзінде ажырасқандар да бар.
Асыл пайғамбарымыздың (с.ғ.с) “ойнап болса да өтірік айтпа” деген насихатының парқын білмеген, яғни заң жүзінде ажырасқан отбасылардың көбі өмірде шын мәнінде ажырасып кетіп жатқан жағдайлар да кездесуде.
Жалпы, бүгінгі қоғамда материалдық құндылықты бірінші орынға қойып немесе жанындағы жарының қадіріне жете алмай жауапсыздықпен басқа отбасын құрып, өмірде опық жеп жатқандар да аз емес. Ең қорқыныштысы, қоғамның ажырасуды қалыпты жағдай сияқты қабылдауы. Баланың болашағына бей-жай қарауы.
Қазақ халқы жетімін жылатпаған халық. Ал, бүгінгі қоғамда әке-шешесі бір-бірімен түсінісе алмауының, жауапсыздықтарының салдарынан тірі жетім балалардың қатары көбейіп келеді.
Отбасындағы кикілжіңді қатаң заң емес, сыйластық, адамгершілік пен мейірім, имандылық шешеді. Сондықтан отбасындағы тәрбиеге қатты мән беруіміз керек. Ұлды да, қызды да болашақ өмірге, отбасында жарының, бала-шағасының алдындағы жауапкершілігін, міндетін дұрыс түсініп, атқара білуге тәрбиелеу маңызды.
“Бақытты отбасы болу үшін ең бірінші оларға сүю керек. Ол отбасының негізі, онсыз үй болу, бақытты болу мүмін емес. Сүйіспеншілік жүректің тереңінен шығады, жүректе сезіледі.
Екінші саналылық керек. Отбасында тек махаббаттың болуы жеткілікті емес, күнделікті өмірде сезімнен гөрі жарыңның өскен ортасы, алған тәлімі, өмірге деген көзқарасы, жандүниесінің байлығы басым түседі.
Ал, үшінші – сабыр. Сабыр үй болып кетуде үлкен рөл атқарады. Сабыр – қиындықтарға төзе білу, жолын тауып жеңіске жету.
Төртіншісі – сенім. Сенім бар жерде ғана отбасы сақталады”,- деген пікір бар.
Иә, бақытты отбасы – бақытты бала. Сондықтан балалардың көңіліне кірбің түспеуін ойлайықшы!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close