Basty bet

“Үміт құсын үкілеген Алпысбай”

қаламгерді еске алуға арналған шығармашылық кеш

Жерлесіміз, жазушы, көптеген республикалық басылымдарда қызмет істеген, өзінің халықаралық “Ғажайып Үндістан” журналын үзбей шығарып, артында өскелең ұрпақ оқитын шығармашылық мұра қалдырған Алпысбай Шымырбайұлы тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Алайда “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” демекші, артында қалың оқырманы бар жерлесіміз мәңгі тірі.

Алпысбай Шымырбайұлының өмір жолына қысқаша тоқталып өтсек, қаламгер 1953 жылы Қошқарата ауылында өмірге келген. 1971 жылы ауылдағы Абай атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен.
“Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас” газеттерінде, “Білім және еңбек” журналында, “Казгор” Жобалау академиясының редакция баспа орталығында қызмет істеген. 1992 жылдан еларалық “Ғажайып Үндістан” журналының бас редакторы, 2008 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде жетекші редактор қызметін атқарған.
“Үміт құсы”, “Қарлығыш ұя салған шаңырақ”, “Шырқа, керней”, “Көңілді тоқсан” атты кітаптары жарық көрген.
Сенбі күні Алпысбай Шымырбайұлын еске алуға арналған шығармашылық кеш өтті.
Мерекелік шара қаламгердің туып-өскен, білім алған жері Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепте бастау алды.
Шығармашылық кешке жазушының жары Гүлжәмила Райымбекова, немересі, туған-туысы мен сыныптастары, көз көрген замандастары және мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
Мәнді де мағыналы әрі жинақы өткен шарада оқушылар Алпысбай Шымырбайұлының өмір жолына, шығармашылық еңбектеріне тоқталып, өлеңдерін оқыды. Сыныптастары мен замандастары биік адамгершілік қасиеті, адалдығы мен талантын, яғни қаламгердің сан қыры туралы естеліктерімен бөлісті.
Мектептің талантты, өнерлі жастары жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шығармашылық кештің негізгі ұйымдастырушысы елімізге танымал журналист, публицист Талғат Айтбайұлының құрастыруымен, замандастарының демеушілігімен қаламгердің 70 жылдығына орай арнайы шығарылған “Үміттің құсын үкілеген” атты кітаптың тұсауы кесілді.
Тұсау кесу рәсімін кітаптың авторы Талғат Айтбайұлы, сыныптасы Бақыт Мырзабеков, замандасы, жолы үлкен, өнегелі ақсақал Жақсылық Айбасов жасады.
Бақыт Мырзабеков қаламгердің “Ғажайып Үндістан” журналының шығуына себепші болған жағдайды әңгімелеп берді.
-Алпысбай әке-шешесінен ерте айырылды. Бала кезден көп қиындықты бастан өткізді.
Соғыстан кейінгі жылдар өздеріңіз білесіздер, өте қиын жылдар. Ол кезде аудан орталығынан мамандар ауылға келіп кино көрсететін. Содан бір күні ауылға үнді киносы келіпті. Бүкіл ауыл кино көруге жиналады. Алпысбай да қалтасында тиыны болмаса да киноны қатты көргісі келіп барады. Бірақ клуб маманы ішке кіргізбей қойыпты. Содан салы суға кетіп, үйіне қайтып бара жатыпты. Оны менің анам көріп қалып, “Апысбай, неге қайтып келе жатсың? дей сұрайды. Алпысбай мән-жайды айтады. Сөйтсе, менің анам 20 тиынын беріп, бар көре ғой деп жіберген екен. Алпысбай анамның осы жақсылығын үнемі айтып отырушы еді.
Алпысбайға кино қатты ұнайды. Содан “Бұл өзі қандай ғажайып ел?” деп Үнді еліне деген қызығушылығы оянады. Халықаралық “Ғажайып Үндістан” журналын шығаруға да осы бала қиялы себеп болады,- дейді сыныптасы.
Ал, Жақсылық Айбасов қария өнегелі әңгімелерімен бөлісті.
-Соғыстан кейінгі жылдары біздің қайғы жұтып, әр жерде шашырап қалған ел-жұртымызды біріктіріп, елдің еңсесін тіктеп, еңбек етіп, дәулетін көтеруге зор үлесін қосқан бір азамат бар. Ол – Жүрімбай Медетов деген азамат. Марқұмның еңбегі біздің есімізде. Осы азамат бастаған ел ағалары жастарға білім беруді мақсат етіп, балаларды интернаттарға тасып оқытты. Сол жастар үлкен азамат болып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың туған жері Жуалыға деген сезімі бөлек.
Соғыс жылдарынан кейінгі өсекең ұрпақтардың ішінен ауданымызды ғана емес, елімізді әлемге танытқан Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза бастаған қаншама тұлғалар шықты. Генералдар, қайраткерлер, ақын-жазушылар шықты. Солардың барлығын дәріптеп, елге танымал еткен осы жазушы-журналистер.
Бүгін қолдарыңызға тигелі отырған кітап та жас ұрпаққа берері мол, оқырманының жүрегіне жететін қымбат қазына.
Жуалыдан елге тұғыр болар, рухы биік жастарымыз көптеп шыға берсін, өсе берсін!- деді Жақсылық Айбасов.
Шығармашылық кештің “Сыр-сұхбат” бөлімін Талғат Айтбайұлы жүргізді. Талғат Айтбайұлы қаламгердің жары, журналист Гүлжәмила Райымбекованы сахна төріне құрметпен шақырып, сөз кезегін берді. Гүлжәмила апай жарының адами қасиеттері, шығармашылығы туралы айта келіп, “Ғажайып Үндістан” журналының бірнеше данасын мектеп мұражайына тапсырды.
Шығармашылық кеш түс қайта аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мәдениет үйінің фойесінде жазушының шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шара мәдениет үйінің әншілерінің әсем әнімен басталды.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы ашып, кеш қонақтарына игі тілеген жеткізді. Жазушының жары Гүлжәмила Райымбековаға камзол кигізіп, иығына ақ жаулық шапты. Сонымен бірге аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Алғысхаты мен ықылас гүлін тапсырды. Сондай-ақ, кешті ұйымдастырған әріптесі, жерлесіміз Талғат Айтбайұлына да аудан жұртшылығы атынан алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.
Әрі қарай кешті Талғат Айтбайұлы жүргізді.
Кітаптың тұсау кесу рәсімін белгілі қаламгерлер, “Алаш” сыйлығының иегері, режиссер, сатирик Доқтырхан Тұрлыбек пен ардагер журналист Ақылжан Мамыт кесті. Кітап 200 дана таралыммен жарық көріпті. Оның 150 данасы Жуалы жеріне жеткізілді. Автор аудандағы барлық кітапханаларға деп кітаптың 80 данасын сыйға тартты. Қалған 50 данасы 30 мамыр күні Алматы қаласында музейде өтетін шараға қалдырылып отыр.
Кеш барысында ардагер ұстаздар Кенжебек Тасболатов, ақын Жеміскүл Сейітқұлқызы, сыныптасы Нұрмахан Жүнісәлиев және немересі Шыңғыс Алпысбай, алыс-жақын қалалардан келген көңіл жақын әріптестері мен замандастары әдемі естеліктерімен бөлісті.
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары Батырхан Ералы мен Саяжан Кәдірқұл арнау өлеңдерін оқыды.
Жалпы күні бойы өткен іс-шарада қаламгердің шығармалары дәріптеліп, әдемі естеліктер, отбасына, туған жері Жуалы жеріне, еліне деген игі тілектер айтылды, дастарқан жайылып, құран оқылды. Барлығы қабыл болсын! Бұл қаламгердің шығармашылық еңбегіне, биік адами қасиеті мен сыйластығына деген құрмет әрі жас ұрпаққа берері мол игі іс болды. Жуалы жерінен елге тұғыр болар, өнегелі, талантты, рухы биік азаматтар көптеп шыға берсін! Кешке жиналған көпшіліктің де басты тілегі осы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close