Basty bet

Тәртіпке бағыну – мәжбүрлік емес, саналы таңдау болуға тиіс!

Кеше аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың қатысуымен және құқық қорғау органдарының өкілдері «Заң және тәртіп» қағидаты аясында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жиынға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Аңдасов, «Жаңару» РҚБ облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев және аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейітбеков, ардагерлер және қоғамдық кеңестің төрағалары, сала мамандары мен белсенді жастар қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтауға деген ортақ жауапкершілікті арттыру.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өз сөзінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетілген негізгі бағыттардың бірі – елде заң мен тәртіптің салтанат құруы екенін еске салды. Ол бұл жұмыстың кешенді түрде жүргізілуі қажет екенін айтып, әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың ел болашағы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті. Сонымен қоса, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын тауып, бұл игі бастама тек қоқыс жинау емес, ой тазалығы, сана тазалығы туралы үндеу екенін тілге тиек етіп, қоғамдық тәртіп пен заңға деген құрмет – айналадағы тазалықтан басталады деді.
Келесі кезекте облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Жанаев құқықбұзушылықтар жөнінде нақты мәлімет келтірді. Оның айтуынша, 2025 жылдың алты айында облыс көлемінде 49 149 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде, 1 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 425 адам қылмыстық әрекеттері үшін қамауға алынған. Бұдан бөлек, 1 237 тыйым салынған зат тәркіленген. Қылмыстардың басым көпшілгі жастар арасында орын алып отыр. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 20%-ға, ал көшедегі қылмыстар 18,6%-ға, ал Жуалы ауданында қылмыс деңгейі – 16,4%-ға, соның ішінде, кәмелетке толмағандардың қылмыс деңгейі – 50%-ға, бұрын сотталғандармен – 50,3%-ға төмендеген. Сонымен қатар, баяндамада жастар арасындағы құқықтық мәдениетті арттыру, ішімдік пен есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ интернет алаяқтығымен күресу сынды мәселелерге де баса назар аударылды. Б.Жанаев әрбір құқықбұзушылық дерегінің артында адам тағдыры тұрғанын айтып, бұл мәселеге бейжай қарамау керектігін алға тартты.
Кездесу барысында аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейітбеков орталықта 11 бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың өз құқығын білуі және қорғау жолдарын меңгеруі – өркениетті қоғамның негізі екенін жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close