Basty bet

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы 16 наурызда Парламентте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында жыл басында Қазақстанның барлық өңірінде бейбіт шерумен басталып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен қантөгіспен аяқталған қаңтар оқиғасына тоқталды. Жаңа белес, жаңа кезеңге қадам басар сәтте былтырғы мен биылғыны салыстыра сөз сабақтайтын әдетіміз бар еді ғой.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы елімізге үлкен сын болғаны анық. Әділеттің өріне, шындықтың шыңына ұмтылған мұң-наласы мол қаймана халықты қалқан етіп, залым күштер зұлым ниетін іске асыруға тырысқанын білеміз. Иә, сол қаралы күндерде Қазақстанның бейбіт аспанын қара бұлт торлады. Президент қаңтар оқиғасы кезінде арандатушылар мен радикалды күштердің соққысына бірінші болып ішкі істер органдарының қызметкерлері кеудесін тосқанын атап өтті.
Президенттің халыққа «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметіне зор маңыз берілген. Жылдың бас құжатында бұл туралы: «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда» деп атап өтілген.
Елдің іргесі берік болып, азаматтардың өмір сүруі, азаматтардың бостандағы лайықты қамтамасыз етілгенде ғана қоғамның орнықты дамитыны белгілі. Ал қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті орнықтыру, қылмысқа жол бермеу – Қазақстан полициясының алдында тұрған үлкен әрі маңызды міндеттердің бірі.
Бұл орайда Жуалы ауданының құқық қорғаушыларының да жұмысын атап өткен жөн. Аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Еркеғали Құрманғалиұлының айтуынша, АПБ-ның жеке құрамымен ағымдағы жылы аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын-алу, азаматтарға ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, атқарылу үстінде.
Жалпы бөлімде атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, подполковник Еркеғали Сартбаев айтып берді.
-Орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау жасалып, мұндай аймақтарда барлық жеке құрамды тарта отырып, локалдық жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Іс-шаралар барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын-алу, орын алған қылмыстарды ашуға бағытталады.
Жүргізілген алдын алу жұмыстары барысында аудан аумағында
жалпы 60 (2022 жылы -72) қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркеліп, жалпы қылмыс 16,7 % төмендеп отыр.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен аудан аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында жеке құраммен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып отыр. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция тобының инспекторлары көшелерде патруль бағыттарында күндізгі және түнгі уақытта автопатрульдеу және жаяу патрульдеу атқаруда.
Отбасы аясындағы құқық бұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздар, хабарламалар бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шара қабылдап отырды. Ағымдағы жылдың 6 айдың қорытындысы негізінде отбасы аясындағы бұзақылық жасаған 17 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Басқа да хабарламалармен қоса, жалпы 102 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылды. (2022 жылы 101). Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріліп, алдын-алу жұмыстары жүргізіліп отыр. Отбасында өрескел құқық бұзушылық жасаған 13 азаматқа (2022 жылы 13) сотпен ерекше талап қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріліп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде,- деді Е.Сартбаев.
Атқарылған жұмыстарды одан әрі таратып айтатын болсақ, есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын алу жұмыстары жүргізіліп отыр. Ағымдағы жылдың 6 айында профилактикалық есепте ішімдікке салынғандар – 136, есірткіге әуес азаматтар – 63, бұрын сотты болған – 16, жүйке ауруымен ауыратындар – 129, мерзімінен бұрын шартты түрде босанғандар – 13, қорғау нұсқамасы шығарылғандар – 13, сотпен ерекше талап қойылғандар – 9, шартты түрде сотталғандар – 57, әкімшілік қадағалауға жататындар – 14 азамат, 19 жасөспірім есепте тұр.
Есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, Тараз қаласындағы еріксіз емдеу орталығына маскүнемдікке салынған азаматты соттың шешімімен орналастыру бағытында жұмыс жүргізілуде.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары ұйымдастырылып отырады. Жол-көлік оқиғалары орын алған аймақтар жолдың қауіпті аймақтары саналып, мұндай аймақтарға тәулік бойы автопатрульдеу қойылды. Жеке құрамның қызметі өрескел жол ережесін бұзған деректерді анықтау, оның ішінде, мас күйде автокөлікті басқару, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, авариялық ахуал туғызу, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кету және т.б. деректерді анықтауға бағытталып отырды.
Ағымдағы жылдың алты айында «Адамдардың жарақаттануына және қаза болуларына әкелген 12 жол-көлік оқиғалары» тіркеліп, бір азамат қайтыс болған, 16 азамат жарақат алған. (2022 жылы 19 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, 17 азамат қайтыс болған, 35 азамат жарақат алған).
Ағымдағы жылдың алты айында жалпы 743 (2022 жылы 1 270) дерек жол ережесін бұзған деректер анықталды.
Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамымен табиғат байлықтарын қорғау, оларды заңсыз олжалау, сату, тасымалдау деректерінің алдын-алу мақсатында, сондай-ақ, «Қызыл кітапқа» енген жоғалып бара жатқан сирек кездесетін жабайы құстар мен аңдарды заңсыз аулау, су жануарларын заңсыз олжалау және экологиялық қылмыс деректерін анықтау мақсатында аудан аумағындағы таулы аймақтар мен су айдындарында жұмыстар жүргізіп отырды. Ағымдағы жылдың алты айында жалпы 187 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды (2022 жылы 250 хаттама толтырылған болатын).
Ағымдағы жылдың алты айында жасөспірімдер тарапынан бір қылмысқа жол берілді. (2022 жылы үш қылмыс.) Әртүрлі құқық бұзушылық жасағандары үшін 123 жасөспірім АПБ-не жеткізілді. Ювеналдық полиция тобымен жалпы 182 әкімшілік хаттамалар толтырылды. Түнгі уақытта ата-анасыз жүрген 148 жасөспірім анықталып, олардың ата- аналарына қатысты ҚР. ӘҚБтК-нің 442- бабы, 2- бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту жасалды. Жасөспірім балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермегені үшін төрт отбасына қатысты ҚР. ӘҚБтК-нің 127- бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік істер сотқа жолданды. Жасөспірімдерге алкоголь және темекі сатқаны үшін үш азаматқа қатысты әкімшілік істер сотқа жолданды. Жасөспірім балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермегендері үшін бір отбасы соттың ата-аналық құқығынан айыруға іс-құжаттар дайындалуда.
Оқу орындарында жалпы 228 кездесулер өткізіліп, жасөспірімдерге құқық тақырыптарында, жол ережесі, экстремизм, суицид тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан аумағында қоғамдық орындар мен көшелерде, әсіресе, халық көп шоғырланған орындарда, автобекет, орталық базар және басқа да сауда орындарында әкімшілік құқық бұзушылық деректерін анықтау, атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластау, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, тыныштықты бұзу, сондай-ақ абаттандыру және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтау мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылып отырды.
Жалпы анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар -1 650 (2022 жылы 2 538) дерек тіркелген.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтарды жазасыз қалдырмау және аудан бюджетіне қаражаттарды түсіру мақсатында айыппұлдарды өндіру жұмыстары қатаң бақылауда болады. Ағымдағы жылдың алты айының ішінде жалпы 15.789.654 теңге айыппұл салынып, оның 10.736.063 теңгесі өндірілді, өндірілуі 68,0 пайызды құрады. (2022 жылы 22.544.656 теңге айыппұл салынып, 14.571.716 теңгесі өндірілді, өндірілуі 64,6 пайызды құраған). Айыппұл төлеуден бас тартқан құқық бұзушыларға қатысты айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіру үшін қаулы көшірлемері сот орындаушыларға жолданған.
Міне, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмысының қорытындысы осындай. Сондай-ақ полиция подполковнигі тұрғындарды қоғам тыныштығын бірлесе қамтамасыз етуге шақыруда. Жалпы, аудан тәртібін сақтау, көшедегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау сынды жауапты істерде аудан тұрғындарының басты міндеті болуы тиіс. Жалпы қылмыстың төмендеуі аудан аумағында байқалады. Мұндай жұмыстар тәртіп сақшылардың тарапынан ұдайы атқалырып келеді.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері өзінің міндетіне адал болып, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде табандылық пен батылдықтың үлгісін көрсетіп, ел қауіпсіздігі үшін жұмыстар атқарып жатқанын келтірілген нақты деректерден байқауға болады.
Қай кезде, қай қоғам болсын тәртіпке, ішкі тәртіпке ерекше көңіл бөлінген. Яғни, қоғамдық тәртіп, ішкі тәртіпке байланысты мәселелердің, ішкі істер қызметінің аса маңыздылығын көрсетеді. Бұл дегеніңіз сайып келгенде, яки – елдің ішкі тыныштығы, адамдардың еркін, бақытты ғұмыр кешуі, еңбек етуі, ұрпақ өсіруі, жалпы адамдардың алаңсыз өмір сүруіне қамқор болатын орган қызметкерлері деген сөз.

Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close