Basty bet
Әйел-анаға қолдау-ел болашағына қолдау
Апта басында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбековтың ұйымдастыруымен облыстық партия филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Айман Әшімова мен облыстық партия филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетованың қатысуымен жиналыс өтті.
Жиында әйелдердің қоғамдық және саяси өмірдегі рөлін нығайту мақсатындағы мәселелер талқыланды. Жиынға ауылымыздағы білім, саясат саласында табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер қауымы, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері қатысты.
– 2023 жылы қараша айының соңында «AMANAT» партиясы жанынан Әйелдер қанаты ашылған болатын. Осыған орай 2024 жылдың жарты жылдығында 27 іс-шара өткізілді. Аудандарды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен таныстық. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген іскер әйелдермен кездесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған азаматтармен жүздесіп, мәселелеріне назар салдық.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы 1 қыркүйекте жолдаған Жолдауында Әйел азаматтарының құқығын қорғау туралы айтып өткен болатын. 2024 жылы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Әйелдер қанаты қоғамдастығы негізгі 10 бағытта өз жұмысын атқаруда. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мүгедектігі бар балаларға көмек көрсету, шалғай ауылдағы әйелдерді бизнеске, саясатқа, ғылымға тарту т.б болып табылады. Қоғамда бір қолымен бесікті тербетіп, бір қолымен әлемді тербетіп отырған нәзік жандыларымыз көп. Статистика бойынша Жамбыл облысында шағын және орта бизнесте 49% -ы, ауыл шаруашылық саласында 27%-ы, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде 23%-ы әйелдер қауымы жұмыс жасап жатыр, бұл да бір үлкен көрсеткіш. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлығымыз ат салысып, мәселелерді бірге шешсек, алдағы уақытта үлкен жеңістерге жетеміз деген ойдамын, – дейді Айман Әшімова.
– «Ауыл аманаты», «Бақытты отбасы» және т.б 14-тен аса жобалар бар. Осы аталған жобаларды әйелдер қауымына жеткізіп, кері байланыс орнататын кеңесші Әйелдер қанаты қажет.
Қыз-келіншектерге құқықтық және психологиялық тұрғыдан көмек керек болып жатады. Әйелдер қауымының жиындарында көтеретін өзекті мәселелер жетерлік. Соның бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінде тұрған проблеманың бірі.
Кезекті ауқымды мәселе – гендерлік теңдік. Себебі, қоғам үздіксіз даму процесіне түскелі бері ерлер мен әйелдер үшін норма саналатын құқықтар мен міндеттер, дәлірек айтсақ, гендерлік рөлдер біраз түрленіп, өзгеше бағыт ала бастады. Осы мәселелер бойынша ерлер тарапынан да, әйелдердің өздерінің тарапынан да көтеріліп жатыр. Міне, осындай мәселелерге жауап беріп, шешімін табуға қол ұшын созатын кімдер, жергілікті әйел қанатының қауымдастығы. Осы тұрғыдан әлеуметтік зерттеулердің көбірек жүргізілуі, әйелдердің талап-тілегі мен құқығы тапталмас үшін сауатты, теңдікті, әділдікті қызғыштай қорғай алатын қоғам құра білгеніміз жөн. Бізде әйелдердің құқығын қорғайтын заң бар. Бірақ сол заңды дұрыс білмей, пайдалана алмай жататын кездер болады. Сондықтан әйелдердің құқықтық сауатын арттыру керек, – деді Рахия Сейітбекқызы.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»