Basty bet
Дзюдо күресін жанына серік еткен
Дзюдо – жауынгерлік спорт. Дзюдоның денсаулыққа, әсіресе балаларға, психикалық және физикалық пайдасы көп. Оның іс-тәжірибесі тек дене дайындығын дамытуға бағыттап қоймай, сонымен қатар балалардың зейінін жақсартады, жалпы спортқа деген оң көзқарасын қалыптастырады, өзін-өзі бағалауы арттырып, өзін де, өзгені де құрметтеуге үйретеді.
Осы орайда, дзюдо спортын жанына серік еткен Аида Айтбай Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп- лицейінің биылғы түлегі. Оның мектептегі сабақ үлгерімі өте жақсы. Ол мектептің мақтанышына айнала білді. Болашақта спорт саласының майталманы атану – оның басты арманы. Жас спортшы осы жолда түрлі кедергілерді өткеріп келеді. Денсаулығына зиян келтіріп, түрлі дене жарақаттарын алып қалған кездері де болады. Сонда да басын қайта көтеріп алға ұмтылады. Осы жолда төккен әрбір маңдай терім босқа кетпеуі тиіс деген ұстаныммен өмір сүріп келеді. Спортшы қыз баласының өмірі оңай емес. Спортшының өмірі үнемі жаттығу үстінде өтеді. Ол үшін үнемі дене сымбатын реттеп, тамақтану режимін ұстанып, уақтылы тынығып, барынша тиімді әдіс-тәсілдерді меңгерудің арқасында жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Жаман әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Тыңғылықты дайындық нәтижесінде Аида көптеген жетістіктерді бағындырып жүр. Бала кезден спортқа құмар болып өсті. Үйдің екінші перзенті. Ерге тән қайтпас қайсарлық мінездері бала кезден байқалатын. Бастапқыда бокс түрімен айналысқан. Бірақ бапкері дзюдо спортына икемділігін байқап, осы бағытқа бұрылуына кеңес береді. Уақыт өте келе, дзюдо спортын таңдады.
Дзюдо спортына деген алғаш қызығушылығын оятқан бапкері Руслан Тоқбаев болды. Ол шәкіртінің үлкен белестерді бағындыра алатындығына деген зор сенімі нәтижеге жетуге себепші болды. Спортқа келген әр баланың отты көзін көре алу және оған дұрыс бағыт-бағдар бере алатын жаттықтырушының рөлі маңызды. Дзюдошы спорт түрімен айналысып, көпшілікті өзінің қабілетімен, еңбекқорлығымен, кәсіби шеберлігімен тәнті етіп келеді. Қарсыластарына дес бермей, шаршы алаңда барын салады.
7-9 сынып аралығында Жамбыл облысы олимпиадалық мамандандырылған мектеп-интернатында оқып, білімін спорт жағынан дамытқан. Кейіннен аудан орталығындағы мектепте білімін жалғастырды.
Аида Дидарқызына «ҚР спорт шеберлігіне кандидат» спорттық разряды берілді. 2003-2004 жылдары туған жасөспірім қыздар арасындағы Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Дипломын және Халықаралық «Kyrgyzstan open – 2021» турнирінің жеңімпазы, Жамбыл облысы біріншілігінде 48 келі салмақ дәрежесіндегі І орын, ҚР чемпионатында 44 келі салмақта ІІІ орын, «Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы, жазушы Б.Момышұлын еске алуға» арналған дәстүрлі ашық турнирде 48 келі салмақ дәрежесінде І орын, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дзюдодан қыздар арасында 57 келі салмақ дәрежесінде І орын, «Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын» еске алуға арналған Республикалық ашық турнирде ІІ орындармен қуантуда. Ол үшін үнемі спортпен қатар сурет салу өнерін де ұмытқан жоқ. Осы орайда ол биылғы мектеп түлегі ретінде болашақ Архитектор мамандығына баруды жоспарлап отыр. Ата-ана үмітін ақтап, олардың мақтанышына айналу – басты парызы. Болашақ дзюдо спортын дамытамын деуші қыздарға тек сәттілік тілейді.
Дзюдо жас балалар үшін тамаша жаттығу, өйткені ол сау, күшті бұлшықеттерді ерте жасақтайды. Осы спорт түрімен айналысатын балаларда балалық шақта, тіпті олар балалық шағын тастап, есейген кезде де семіздік, жүрек ауруы және остеопороз қаупін төмендетеді. Дзюдо дене жаттығуларының тамаша түрі және төзімділікті, жалпы денсаулықты және фитнесті жақсартатын керемет жүрек-қан тамырлары жаттығулары ретінде қызмет етеді.
Физикалық координация жаттығудан айтарлықтай дамиды және психикалық реакция уақытымен бірге рефлекстер де жақсарады.
Дзюдо – бұл балаларға шексіз қуат беру, сонымен қатар көптеген жекпе-жек өнері сияқты зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алады. Дзюдомен айналысушылар дзюдо пәнін әскери тәртіппен салыстырады. Өйткені ол сізді айналаңыздағы адамдарды құрметтеуге, егжей-тегжейге назар аударуға және өзіңізді көрсетуді үйретеді.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»