Basty bet
Орман-тоғай өртіне жол бермейік!
Өрт аса қауіпті кезеңдерде, өрт қауіпі бар орманды жерлерге жақын орналасқан ауыл тұрғындары мал жаюға, мал іздеуге немесе балық аулауға, табиғатқа демалуға шыққанда өрт қауіпсіздік талаптары мен санитарлық қағидаларын қатаң түрде сақтау қажеттігі мемлекеттік заңдарда көрсетілген (шылым тұқылдарын өшірмей тастауға немесе ашық отты пайдалануға тиым салынады).
Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет екендігін жеткізе отырып, орман және дала өрттерін болдырмауға үлестеріңізді қосуға баршаңызды шақырамыз.
Орман өрттерінің болуының негізгі себептері мыналар:
– сөндірілмеген шылым не сіріңке;
– аңшылықтың салдары. Олар атқан оқтан бықсып шөп жанып тұтанады;
– адамдар орманда өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Тұтануға бейім майланған материалды тастап кетеді, техника қауіпсіздігін бұзады, көліктің жанында шылым шегеді және т.б.;
– орман ішінде болған демалушылар, ауыл шаруашылығының жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге от жағады;
– орман қоры жерлеріне жақын жерлердегі егістің орнын өртейді;
– күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кетеді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады;
Есте сақтайық! Орман, дала өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғышарттарын қатаң сақтау қажет.
Өрттің тілсіз жау екенін және өрт болған жерде көптеген шығындар келтіретіні бәрімізге де белгілі. Осыған орай, көктем, күз мезгілдері өртке өте қолайлы уақыт.
Орман-тоғайларда өрт орын алса, ол оңайлықпен сөнбейді, айналасындағы бірнеше метр жерге дейінгі өсімдік ағаштарын, аң-құстардың ұяларын жояды. Сонымен қатар, бау-бақша егу мақсатында егістік жерлерді дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі шараларына онша мән бермей, шөп-шалаңды бей-берекет жағудың арты орман-тоғай өртіне айналып кетуі мүмкін. Халық байлығы орманды тілсіз жау өрттен бірге қорғайық!
Сол себепті табиғат берген байлықты сақтап, орман қорын қорғап, өсімін молайтуға көпшілік болып атсалысуымыз керек. Орман-тоғай өрттері орын алған жағдайда 101, немесе 112 телефонына хабарласыңыздар.
Халық байлығы орманды тілсіз жау өрттен бірге қорғайық!
Бахытгүл Жексекеева,
аудан әкімінің бас инспекторы