Basty bet

Өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығы бар. Тал тамырын тереңге жайып қанша жыл тұрса да, сонша уақыт жұртқа сая әрі сауапты болады. Әсіресе, жеміс беретін бақ, көлеңке болатын бау өсірген жақсы.

Өткен жылы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылының тұрғындары жақсы бір игі істі ұйымдастырған еді. Яғни, аз қамтылған, көпбалалы отбасы Ардақ Әбілхановқа 1000 түп «Золотой превосход» алмаағашының көшеттерін отырғызып берген еді.
Ауылдық округ әкімі Рәтбек Көсембаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев ауыл болып көмектесіп жатқан Ардақ Әбілханов еңбекқор азамат екенін айтқан болатын.
-«Балаңа балық берме, қармақ бер» демекші, алмаағаш көшеттерін егіп көмектессек, әрі қарай Ардақ өзі күтіп-баптап өсіреді. Бұл жігіт қарап отырмайды. Барлық қара жұмыстан хабары бар. Төрт бала-шағасы бар. Ауыл болып демеп жіберсек, қатарымызға қосылып кетеді.
Бір-бірімізге қарайлап, қолдап, көмектесіп жүру – адамдық парызымыз,- деген еді Рақымжан қария.
Жақында Шыңбұлақ ауылына барғанда Ардақ Әбілхановтың үйіне арнайы бардық. Алмаағаштары арасында бірлі-жарымы болмаса, негізінен көгеріп жапырақтап, гүл ашып тұр.
Енді екі-үш жылда жаппай жеміс берсе, алмабақ көпбалалы отбасының нәсібесін арттыратын болады.
Ауылдық округ әкімі Рәтбек Көсембаев биылғы жылы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Ардақ Әбілхановтың үйін күрделі жөндеуден өткізіп беру жоспарланып отырғанын айтты.
-Ауылдық округ тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында ауыл көркі, ауыл тұрғындарының игілігі үшін, жекелеген тұрғындар үшін көптеген сауапты, игілікті істер арқарылып жатыр.
Биыл көмекке мұқтаж бір-екі отбасының үйін жөндеп берсек, Кәріқорған ауылынан футбол алаңын салсақ деген жоспарларымыз бар.
Ауылым, елім, жерім деген азаматтардың сауапты істері жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге,- дейді ауылдық округ әкімі.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халқымыз. Туған жеріне жанашыр, еңбекқор, бастамашыл, ынтымақшыл азаматтарымыз лайым көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close