Basty bet
Сот жүйесін жетілдіру – қоғамның негізгі талабы
Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс.
Тәуелсіз сот, соттардың мәртебесі туралы талайдан бері айтылып жүрген мәселе осы жолы түбегейлі шешімін табуы тиіс. Соттардың тәуелсіз шешім қабылдай алуы – дала дәстүрінде ежелден бар нәрсе.
Десе де, тәуелсіз болуы үшін судьялардың төрт құбыласы түгел болуы шарт. Талқыланып жатқан жаңа заңдағы ең өзекті жайттың бірі – судьялардың сайлану мәселесі.
Судья тәуелсіз болуы үшін ең алдымен сот жүйесіндегі билік тармақтарынан әсте-әсте арылған ләзім.
Мәселен, қатардағы судья аудандық сотқа, аудандық сот облыстық сот алқасына бағынады. Осылайша биліктің тармағы Жоғарғы сотқа дейін жетеді.
Ел заңдарындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер халық мүддесіне бағытталған, сондықтан, сот саласында қолға алынған реформалар мен жаңа жобалар азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғау, сол арқылы заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Тараптардың уақыты мен қаржысының үнемделуіне, сондай-ақ, әуре-сарсаңға түспеуіне жағдай жасайтын өзгерістің бірі ретінде эксаумақтық соттылық принципін айтуға болады.
Бұдан әрі нақтыласақ, Азаматтық процестік кодекстің 32-бабымен азаматтарға өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерту, яғни, эксаумақтық соттылықты таңдау мүмкіндігі берілген.
Республиканың барлық деңгейлі сотында істер автоматтандырылған жүйе арқылы бөлінеді. Бұл жүйе аумақтан тыс соттылық қағи-датын жүзеге асыруға өте ыңғайлы. Эксаумақтық соттылықты пайдалану тараптардың міндеті емес, құқығы екенін білген жөн. Азаматтық іс қозғалғаннан кейін оны сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарылады. Ұйғарыммен тараптардың эксаумақтық соттылықты қолдану мүмкіндігі түсіндіріледі.
Оған қоса, 2025 жылдан бастап Жоғарғы сотта кассациялық саты болмайтынын, арнайы касациялық соттардың құрылатынын айтсақ болады.
Астана қаласында өздігінен жұмыс жасайтын қылмыстық, азаматтық және әкімшілік үш кассациялық сот құрылады. Кассациялық сотпен істерді қарау мерзімдері 6 айдан аспайтын болады.
Қазақстандық сот төрелігі жүйесінде қабылданған шешімдердің заңдылығымен негізділігін қамтамасыз етуде кассациялық сатыға шешуші рөл берілген.
Сот жүйесіндегі аталған реформалардың негізгі мақсаты құқықтық тетіктерді жетілдіру, сот төрелігін сапасын арттыруды жүзеге асыру, судьялар корпусының профессионалдығын және олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін жоғарылату болып отыр.
Сот – бейтарап, тәуелсіз әрі әділ болуы шарт. Өйткені олардың шешімімен төрелігін күткендердің тағдыры таразыға салынатыны анық. Ал бүгінгі заң жобасы сот төрелігі мен судьялардың мәртебесі бойынша жылдар бойы жасалып жатқан реформаның тармағы. Біздің мақсатымыз ортақ, миссиямыз бір, ол – сот төрелігін сапалы жүзеге асыру.
Әр қазақстандықтың құқығын қорғайтын жаңа орган – Конституциялық сот құрылды. Бұл іс бекер қолға алынып жатқан жоқ. Сот жүйесіне деген сенім, мемлекетке деген сенімді арттырады. Ал соттың әділдігі – мемлекетте әділеттілік бар деген сөз. Сот жүйесіндегі реформалардың маңызы осында деп санаймын!
Бабырхан Абуев,
Жуалы аудандық
сотының төрағасы