Basty bet
Нашақорлық – індет, оның алдын алу міндет!
Нашақорлық мәселесі бүгінде әлем бойынша аса өткір де өзекті мәселеге айналып отыр. Ол тек медициналық тұрғыдан ғана емес, жалпы әлеуметтік тұрғыдан да көкейтесті мәселенің бірі болуда. Себебі нашақорлыққа тәуелді он адамның тоғызының іс жүзінде толық емделіп кетуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін де өмір сүрмейді. Есірткіні пайдаланушылардың басым бөлігі 18-30 жас аралығындағы жастарды құрайды. Алайда, өкінішке қарай, соңғы кездері есірткі пайдаланатындар қатарында балалар мен жасөспірімдер де кездесуде.
Нашақорлық – есірткіні жүйелі пайдалану кезінде пайда болатын ауыр психикалық ауру. Нашақорларға жүргізілген көптеген зерттеулер, әсіресе жастарға жүргізілген сауалнамалар, әртүрлі жас топтарындағы жастардың есірткіге тәуелді болуына себеп болатын көптеген факторлар мен себептер бар екенін көрсетеді.
Есірткіге тәуелділік алкогольге қарағанда айқынырақ сипатталады. Барлығын аз уақытта шеттетіп, тез арада ішкі дүниеде бос сезім пайда болады. Қарым-қатынас ортасы тарылып, көбіне нашақорлыққа құмарлығы бар адамдарды біріктіреді. Есірткіге тәуелді адамдар өз ортасына барынша көп адамдарды жұмылдыруға тырысады. Одан шығып кетуіне кедергі келтіреді. Нашақорлыққа тәуелді адамда тұлғаға тән сипаттағы өзгерістер пайда бола бастайды. Отбасында қақтығыстар, оқу орнында немесе жұмысында қиындықтар көбейеді. Ауру адамдар өз туыстарына және өзінің міндеттеріне немқұрайды, жауапсыз қарай бастайды. Моральдік тұрғыдан құлдырайды. Жеке тұлғалық ажыраумен қатар, ағзалық және психикалық деңгейде күрделі аурулар туындайды. Есірткінің алғашқы белгілері кетіп, сабыры жоғалады, оны тұрақты түрде іздеумен болады. Дозаның көлемін ұлғайту нәтижесінде өз іс-әрекетіне деген бақылауды жоғалтады. Ал мөлшерден тыс қолдану өлімге алып келеді. Есірткіге тәуелділік көбіне қылмыстық іс-әрекеттермен ұштасады.
Енді есірткі пайдаланушылардың жас топтары мен олардың себептеріне тоқталсақ:
10-12 жаста. Бұл жастағы балалар есірткіні сирек пайдаланады. Әзірге оларға темекі шегу жеткілікті. Бұл олардың дәрежесін мектептегі сыныптастар және ауладағы достары арасында жоғарылатады. Бұл уақытта көбіне осы жасқа тән арзан улы заттарды қолдануға бейім топтар қалыптасады (бензин, еріткіштер, желім);
13-14 жаста. Оларды «жеңіл» деп аталатын есірткілік заттарды пайдалану мүмкіндігі қызықтырады. Бұл топтағы жасөспірімдердің бірқатары анда-санда болсын психикалық белсенді құралдардың кейбір түрлерін қызығушылықтан қолданып көреді. Ал ол ақпарат бір-біріне тез тарайды. Оларда нашақорлықтың ауыр ауру екендігі жөнінде ешқандай түсінік жоқ. Есірткіні қауіпті емес деп ойлайды. Оның психикалық, физикалық тәуелділік қаупін көрмейді. Кез-келген уақытта есірткіні қолданудан бас тарта аламыз деп санайды.
15-17 жаста. Осы жастағылар алдыңғы топтағы жасөспірімдерге қарағанда есірткі туралы көбірек біледі. Көбінесе олардың теориялық білімдері өздерінің тәжірибелерімен бірге жүреді. Бұл жаста қарым-қатынастың жаңа түрлері, демалыс, махаббат туралы түсініктер пайда болады. Аталған жастағыларды есірткіге қатыстылығы бойынша жақтаушылар, қарсылар және екіойлылар деп бөлуге болады.
Кәмелетке толмағандарды есірткі қолдануға итермелейтін кейбір себептерге мыналарды жатқызуға болады:
Әлеуметтік келісім. Егер белгілі бір топта есірткіні қолдану қабылданса, адам өзін осы топпен сәйкестендіретін болса, өзінің осы топқа жататындығын көрсету үшін оны қолдану қажеттілігін сезінеді. Бұл есірткінің барлық түрлеріне қатысты, никотин және алкогольден бастап, героинге дейін;
Ләззат алу. Бұл – адамдардың есірткіні қолданудың басты себептерінің бірі. Жақсы көңіл-күйден бастап қиял-ғажайып эйфорияға дейін жағымды сезімдердің пайда болуымен сипатталады;
Қолжетімділік. Яғни есірткіні заңсыз қолдану мүмкіндігі жоғары жерлердің болуы;
Қызығушылық. Кейбір адамдар ешкім айтпай-ақ есірткінің не екенін және одан қандай сезім болатыны туралы өз қызығушылығын басу мақсатында қолдана бастайды.
Көбіне жасөспірімнің есірткінің қауіпті жолына түсуіне ата-аналардың дөрекі қарым-қатынасы және баланы тәрбиелеуден жалтаруы түрткі болуы мүмкін. Осындай кезде ата-аналарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге баланың немесе жасөспірімнің есірткіге алғаш жүгінуінің алдын алу және оны анықтау өте маңызды.
Есірткіні пайдаланатын баланың ата-анасы не істеуі керек? Біріншіден, өзіңізді оның орнына қойыңыз. Көбінесе жасөспірімге оның мәселелеріне ешкім және ешқашан алаңдамағандай болып көрінеді. Сол үшін сіз оның жағдайының қаншалықты қиын екендігін түсінетініңізді көрсеткеніңіз дұрыс. Ол сізбен қажет болған уақытта сөйлесе алуы тиіс. Ең бастысы, бала өзінде қандай өзгеріс болып жатқаны сізді қызықтыратынын сезінуі қажет. Егер сіз балаңызбен дос бола алсаңыз, онда сіз – ең бақытты ата-анасыз!
Екіншіден, уақытты бірге өткізіңіз. Ата-ананың баламен бірге спортпен, сурет салумен айналысуы және бос уақытты бірлесіп тиімді ұйымдастыруы өте маңызды. Бұл ерекше болуы керек емес. Кинотеатрға, стадионға, балық аулауға, саңырауқұлақ теруге бірге баруы жеткілікті. Балада қызығушылық болуы өте маңызды әрі темекіден, алкогольден және есірткіден қорғанудың ең тиімді құралы. Оның құмарлықтарын қолдай отырып, сіз оларды пайдалануға жол бермеу үшін өте маңызды қадам жасайсыз. Балалар мен жасөспірімдерді ерте бастан дене шынықтырумен және спортпен айналысуға, бос уақытында белсенді мәдени демалысқа баулу қажет.
Үшіншіден, оның достарымен достасыңыз. Көбіне бала психикалық белсенді заттарды алғаш рет достарымен бірге көреді. Кейде достары сіздің балаңыздың алдағы өміріне үлкен әсер етуі мүмкін. Яғни ұлыңыз достарының және қоғамның қатты қысымына ұшырауы мүмкін. Бірінші кезекте осы баланың қоршаған ортасы оның мінез-құлқына, үлкендерге деген қарым-қатынасына, өзінің мектептегі және басқа да жерлердегі міндеттерінің сақталуына себеп болады. Сонымен қатар осы жаста әртүрлі тәжірибелік іс-әрекеттерге деген құштарлық өте жоғары екенін естен шығаруға болмайды.
Төртіншіден, сіздің балаңыздың бірегей екенін ұмытпаңыз. Кез келген бала өзін маңызды, ерекше және қажет екендігін сезінгісі келеді. Сіз балаңызға жағымды қасиеттерді дамытуға және болашақта сол қасиеттерді қалыптастыруға көмектесе аласыз. Бала бір нәрсеге қол жеткізгенін сезгенде сіз оның жетістіктеріне қуансаңыз, оның өзін-өзі бағалау деңгейі көтеріледі. Ал бұл, өз кезегінде, баланы есірткіні қолданудан гөрі пайдалы және маңызды істер жасауға итермелейді.
Бесіншіден, балаңызға үлгі болыңыз. Алкоголь, темекі және дәрі-дәрмектерді көптеген адамдар пайдаланады. Әрине, жоғарыда аталған заттардың кез келгенін қолдану заңды, бірақ бұл жерде ата-ананың үлгісі өте маңызды. Себебі, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекерге айтылмаса керек. Сол үшін зиянды әрекеттеріңізді балаңыздың көзінше қолдануды доғарыңыз немесе одан мүлдем бас тартыңыз. Сіздің «заңды» деп аталатын психобелсенді заттарды қолдануыңыз, балаларыңыздың «заңсыз» заттарға есік ашатынын ұмытпаңыз.
Осы жоғарыда аталғандардың бәрі мансабыңызды, жұмысыңызды, материалдық байлығыңызды, жеке мүдделеріңізді біраз уақытқа құрбан етуге тұрарлық істер екенін ұмытпаңыз. Себебі, бала – сіздің болашағыңыз. Баланы зиянды әрекеттерден алшақтату арқылы сіз оның ертеңгі өмірінің сенімді де сау болуына себепкер боласыз. Сол үшін құрметті ата-аналар, балаларыңызды есірткіден қорғаңыз!
Мақала интернет материалдарынан әзірленген